Елімізде жасөспірімдерге арналған ЛГБТ сайтының ашықтан-ашық жұмыс істеп тұрғанын Jas Qazaq жазған-тұғын. Оған қарсы ата-аналар қауымы петиция да жариялады. Мәдениет және ақпарат министрлігі ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған ұлтымыздың салт-дәстүріне қайшы әрі азғындықты насихаттайтын осы сайтты бұғаттады.
ЛГБТ-ны насихаттаушылар бұған дереу өкініш білдіріп тастады.
Ал «Желтоксан 86» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің жанында ЛГБТ-ға қарсы шара өткізді. Дәл осы жерде феминистер мен ЛГБТ өкілдері бірнеше рет жиналғанын ескерген желтоқсаншылар сол жерде азғындықты адыраспенмен аластау рәсімін жасады. Олар елімізде ЛГБТ-ны насихаттауға заң жүзінде тыйым салынуын талап етеді.
Jasqasaq.kz тілшісі қоғамды бей-жай қалдырмайтын мәселе бойынша ұлт жанашырларының пікірін сұрап білді.
Талғат Жанысбай, қоғам белсендісі, ұстаз:
Ұлт зиялылары ЛГБТ насихатына қарсы күресуі керек!
«Жыл сайын 8 наурызда феминистердің шеруі өтеді. Биыл да ЛГБТ мүшелері арнайы акция жасап, карнавал сияқты шеру жасаймыз деп отыр. Күні кеше қоғам белсенділері мен желтоқсаншылар ЛГБТ шеруіне қарсы Тәуелсіздік монументінде арнайы шара ұйымдастырды. Қазақстан демократиялық мемлекет дегенімізбен, өзіміздің құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз мен менталитетіміз бар.
Өз басым ЛГБТ-ны насихаттайтын сайттың жабылуын қолдаймын. Қателеспесем, 2013 жылы «Болашақ» жастар ұйымы ЛГБТ жарнамасына қарсы акция өткізген болатын. Өйткені сол кездері телеарналарда оның жарнамасы ашық насихатталған еді. Сондықтан осы мәселені Парламентте көтеріп, Бас прокуратураға жолдағанбыз. Шетелдік тәжірибелерге сүйенсек, Кореяда мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқитындар күмәнді сайттар мен порносайттарға кіре алмайды. Біз де осындай ЛГБТ сайттары мен порносайттарға шектеу қоюымыз керек. Өйткені қазір бізде бәрі ашық. Қазір ұлт зиялылары мен жанашырлары осы мәселені көтеріп, ЛГБТ насихатына қарсы тұруымыз керек. Жыл сайын наурызда өтетін шерулерін де шектеуге тиіспіз!».
Гүлбаһрам Жүніс, қоғам қайраткері, желтоқсаншы:
ЛГБТ деп тайраңдайтындар — әбден тойынғандар
«Біздің бұлай алаңға шығуымыздың себебі бар. ЛГБТ насихатына қарсы бірнеше жылдан бері күресіп келеміз. Бұл біздің ұлтымызға, үрдісімізге жат нәрсе. Өскелең ұрпаққа қауіпті нәрсе. Кейбір жастарымыз ақшаға бола солардың жолына түсіп кетеді. Кейбір жастарымыз ар-намысымызды таптады деп оларға қол жұмсап сотталып кетеді. Сондықтан бұл біздің өскелең ұрпаққа қауіпті. Былтыр білесіздер, ЛГБТ мүшелері шеруге біздің ұлттық киімімізбен шықты. Олардың арасында өзіміздің қаракөздеріміз де бар.
«Тәуелсіздік таңы» — Тәуелсіздігімізге қойылған ескерткіш. Ол жерде әйел мен еркектің құқығы қорғалуы керек дегенді меңзейді олар. Ол жерге кім көрінгеннің баруы ұят нәрсе. Бұл — қазақ елінің азаттығы үшін қан төгілген алаң. Сонда бұлар ол жерде тайраңдауы керек пе?!
Кеше мен Алматы қалалық денсаулық басқармасының өкілдеріне: «Бұл адамдардың ауытқуы бар ма? Олар қандай да бір тізімде тұра ма» деген сұрақ қойдым. Олар «Жоқ тұрмайды бұлардың барлығы толыққанды адамдар» дейді. Сонда бұлар халыққа іріткі салып жүргендер. «Ешқандай ауытқуы болмаса, заңға тартылуы керек» дедім.
ЛГБТ-ны насихаттайтындар — ұлттық менталитетіміз бен ұлттық мүддемізге нұқсан келтіретіндер. Сондықтан бұларға қарсы арнайы заң қабылдануы керек. Көгілдірлерді қолдайтын ел болса, сол жаққа жер аударылсын. Бұлар өте қауіпті. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары ақшаға қызығып, оларға еріп кетуі мүмкін. Бұлар ақшалы, артында үлкен ұйымдар тұр. Болашағымыз үшін өте қауіпті. Сондықтан бұл мәселені бүкіл ел болып көтеріп, жоғары жақтан арнайы заң қабылдануын талап етуіміз керек.
Ұрпақ қауіпсіздігі үшін ЛГБТ сайтының жабылуын қолдаймын. Ол үшін Мәдениет және ақпарат министрілігіне рахмет!
ЛГБТ деп тайраңдайтындар әбден тойынғандар. Өйткені қаржы көп. Шетелден ағылып жатыр».
Жазып алған Мақпал Ноғайбаева
Сурет: Видеодан скриншот