
Қазақстанның бейбітшілік пен өзара тиімді қарым-қатынасқа негізделген сыртқы саясатында халықаралық аренада ықпалы арта түскен Үлкен Күнгей (Global South) елдерімен, соның ішінде Үндістанмен байланыстыңорны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйекте Нью-Дели қаласында Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модимен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынмен нығайып жатқанын айрықша атап өтті. Халықаралық журналист Әбдіманап Кеңес танымал дипломат, Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі Раджив Сикримен қазіргі геосаяси тұрғыдан күрделі кезеңдегі Қазақстанның сыртқы саясаты, Астана мен Нью-Дели арасындағы стратегиялық серіктестіктің бүгіні мен келешегі жөнінде тілдескен еді. Оқырман назарына арнайы jasqazaq.kz сайты үшін дайындалған сұхбатты ұсынамыз.
— Раджив мырза, сіз Қазақстанда жаңа мемлекеттің іргетасы қаланып жатқан тарихи кезеңде елші болдыңыз. Ол жылдар жадыңызда несімен есте қалды?
— Ол кезең Қазақстанның мемлекеттік құрылымы қарқынды жүріп жатқан өте қызықты да жауапты уақыт болатын. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешім көз алдымда қабылданды. Сонау 1992 жылдың басында-ақ Қазақстан мен Үндістан арасында жоғары сенім мен шынайы құрмет қалыптасты. Мен Қазақстанда төрт жарым жылдан астам қызмет еттім. Қазақ халқының қонақжайлығы, үнді мәдениетіне деген ерекше ықыласы екіжақты байланыстарды дамытуға берік негіз қалады. Қазақстанның кең-байтақ даласын аралап, ұлттық тағамдарыңызды татып көрдім. Сол жылдар мен үшін үлкен мектеп әрі өмірімдегі ең ыстық кезең болып қала береді.
— Сол жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрі болған, қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен тығыз жұмыс істедіңіз. Сіздің ойыңызша, оның бұрынғы дипломатияда жүріп өткен жолы бүгінгі президенттік қызметіне қалай әсер етіп жатыр?
— Қазақстан үкіметінде бізбен тығыз байланыста жұмыс істеген тұлға сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Төрт жарым жыл ішінде арамызда тығыз әрі сенімді әріптестік орнады. Бойынан дипломатиялық жоғары мәдениет, сабырлылық пен ерекше адамгершілік байқалатын. Ол кез келген күрделі мәселені байсалды тыңдап, әрқашан сындарлы шешім таба білетін. Сол жылдары жаңадан құрылып жатқан жас мемлекеттің халықаралық аренадағы ұстанымын қалыптастыруда Тоқаев мырзаның еңбегі орасан зор. Қасым-Жомарт Кемелұлының кәсіби дипломаттан Сыртқы істер министрі, Премьер-министр, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Сенат төрағасы және Мемлекет басшысы деңгейіне дейін көтерілуі оның ерекше көшбасшылық қабілетінің айқын дәлелі. Қ. Тоқаев соңғы жылдары геосаяси текетірестер күшейген шақта Қазақстанның ұлттық мүддесін шебер қорғап, елдің халықаралық беделін арттыра білді. Оның дипломатиялық тәжірибесі мен байсалды саясаты халықтың зор сеніміне ие болуға жол ашты. Елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мен парламенттік өзгерістер де осы сабақтастық пен дамудың жемісі деп ойлаймын.
— Енді Қазақстанның бүгінгі жаһандық саясаттағы рөліне тоқталсақ. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның ұстанып отырған көпвекторлы саясатын қалай бағалайсыз?
— Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикалық, ғылыми әрі технологиялық тұрғыдан ең дамыған көшбасшы мемлекет. Бұған қоса, екі алып державаның ортасында тұрғанын да ескерген жөн. Міне, осындай жағдайда Қазақстан басшылығы авантюризмге салынбай, өте салмақты, тәуелсіз әрі прагматикалық сыртқы саясат жүргізіп отыр. Қазақстан өз мүддесін сақтай отырып, барлық көршілерімен және жаһандық ойыншылармен, соның ішінде Үндістанмен де теңгерімді қарым-қатынасты ұстап тұр. Осындай сындарлы бағыт қана елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндістанға жасаған сапары мен осы елде өткен БРИКС Саммитіне қатысуы екі жақты қарым-қатынасқа қалай әсер етеді?
— Президент Тоқаевтың Нью-Делиге сапары біздің қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Қазақстанның БРИКС-ке серіктес ел ретінде қосылуы да жаһандық саясаттағы салмағын көрсетеді. Бүгінде біздің ынтымақтастығымыз көпқырлы сипатқа ие. Әсіресе, Үндістанның ядролық бағдарламасы үшін Қазақстан ураны айрықша мәнге ие. Бұдан бөлек қорғаныс, ғылым, медицина, IT-технологиялар, туризм және мәдениет саласында зор әлеует бар. Жалғыз кедергі — тікелей құрлық-транзит жолының болмауы. Әуе арқылы 3 сағаттық жер болғанымен, жүк тасымалы маңызды фактор. Осы орайда, «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі арқылы Бендер-Аббас портынан Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға жүк тасу мүмкіндігі ашылатынын айтқан жөн. Президент Қ. Тоқаевтың сапары осы жобаларға және жалпы сауда-экономикалық серпіліске тың серпін берді деп сеніммен айта аламын.
— Үндістанның экономикасы аса қарқынмен дамып жатыр әрі энергияға деген сұраныс та жоғары. Дәстүрлі мұнай-газ секторынан бөлек, Нью-Дели мен Астана арасындағы сирек кездесетін металдар мен уран салаларындағы серіктестікке де тоқтала кетсеңіз.
— Үндістан 1,4 миллиардтан астам халқы бар, экономикасы жылына 6-7% өсіп жатқан алып мемлекет. Бізге тоқтаусыз, әрі арзан энергия қажет. Батыс елдері көміртегі бейтараптығын талап етіп жатқанда, біз атом энергетикасы мен «жасыл» энергияға басымдық беруге мәжбүрміз. Дәл осы жерде Қазақстанның рөлі айрықша. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Үндістанның Атом энергетикасы корпорациясы үшін «Қазатомөнеркәсіппен» жасалған уран келісімшарттары ұлттық энергетикалық қауіпсіздігіміздің кепілі. Бұдан бөлек, болашақ технологиялар сирек кездесетін металдарға тәуелді. Қазақстанда бұл ресурстардың қоры мол. Сондықтан екі елдің энергетикалық әріптестігі шикізат сатудан бірлескен жоғары технологиялық өндіріске өтуі тиіс.
— Президент Тоқаев БРИКС Саммитінде жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа ерекше тоқталды. Бұл бағытта Үндістанның IT-гиганттары мен Қазақстанның цифрландыру тәжірибесі қалай ұштаса алады?
— Бұл серіктестігіміздегі ең болашағы зор бағыт. Үндістан бағдарламалық қамтамасыз ету, IT-аутсорсинг және ЖИ модельдерін енгізу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Ал Қазақстан финтех және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша Орталық Азияда ғана емес, ТМД кеңістігінде көш бастап тұр. Қазақстан Президентінің ЖИ саласына басымдық беруі өте уақытылы жасалған қадам. Үндістанның IT-компаниялары Қазақстанды өңірлік R&D хабы ретінде қарастыра алады. Astana Hub пен Үндістанның IT-парктері арасындағы интеграция жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Тілдік кедергілерді жою, киберқауіпсіздік және деректерді өңдеуде ортақ ЖИ алгоритмдерін жасау екі елдің технологиялық әлеуетін одан сайын нығайтады.
— Құрметті Елші мырза, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз!

Әбдіманап КЕҢЕС,
халықаралық журналист