jasqazaq.kz

Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды

Бүгін, 14:22

Елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары былтыр желтоқсан айында қабылданды. 7 тарау, 106 тармақ және 30 тармақшадан тұратын бұл құжат есірткіге қарсы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы аяусыз күрес жүргізу, сондай-ақ есірткі трафигіне тосқауыл қоюда халықаралық ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Кешенді жоспар нашақорлықтың таралуына жол бермеу, жасөспірімдердің есірткімен байланысты қылмысын азайту,  заңға қайшы контенттің қолжетімділігін тоқтатып, есірткі таратумен айналысатын арналар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою және т.б. міндеттерді қамтиды.  Құжатқа нашақорлыққа қарсы күрес тиімділігін бағалайтын әкімдер рейтингі де енгізілді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023-2025 жылдары жүзеге асырылған Кешенді жоспардың нәтижесі айтарлықтай. Осы кезең ішінде айналымнан алынған синтетикалық есірткінің көлемі 382 килодан 1,2 тоннаға жеткен. Есірткі құралдары мен прекурсорлардың тізімі 31 жаңа түрімен толықтырылды. Сот экспертизасын заманауи құралдармен жабдықтау есебінен сараптама мерзімі бір айдан бір тәулікке қысқарды. Сонымен қатар  «Кибербақылау» ақпараттық жүйесі арқылы  9200 есірткі таратумен айналысатын сайттар бұғатталды.  

Жыл басынан бері жаңа Кешенді жоспар қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін ІІМ, ҰҚК, ҚМА деректеріне сүйеніп, бірнеше мысал келтіре кетейік.

Жуырда көп қабатты тұрғын үй кешенінде шағын зертхана ашып, синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан Алматы тұрғыны ұсталды. Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, 34 жастағы қала тұрғыны өндірісті ғимараттың ең соңғы қабатында жүргізген. Иіс тарамасын деп ауа сорғысын ғимараттың желдету шахтасына қосып қойған. Тінту кезінде құрал-жабдық пен 4,5 кило есірткі заттары табылды.

Ақтөбе облысының ҚМА департаменті де есірткі саудасының жолын кесті. Ақтөбе тұрғыны әлеуметтік желіде айырбастау тобын құрып, оның жұмысына жеті сыбайласын тартқан. Олар кезектесіп күні-түні төлем қабылдаумен айналысқан. Интернет-дүкеннің операторлары сатып алушыларды тапсырысты төлеу үшін әлгі айырбас тобына бағыттап отырған. Төлем түскеннен кейін сатып алушыға есірткі құралдары жасырылған құпия орындарды хабарлаған. Күн сайын айырбас тобы арқылы 70 төлемге дейін өткен. Түскен ақшаны алу үшін дропперлерге тіркелген 22 банк картасы пайдаланылып, әрмен қарай  криптовалютаға конвертацияланған. Аударылған қаржы — 918 мың USDT, яғни 400 млн теңгені құрады.

Ақмола облысында «Қарасора — 2026» операциясы кезінде бес айдың ішінде 331 мың кило есірткі айналымнан алынды. Тыйым салынған заттарды жеткізетін алты арна жабылып, бір есірткі зертханасы жойылды.
Ақтауда қараша айының басында кәмелетке толмаған Иран азаматы асқазанына 113 капсула апиын салып елімізге өтпекші болған. Оны Маңғыстау облысының ҰҚК департаментінің қызметкерлері ұстады.

ІІМ жария еткен деректер бойынша, қараша айының алғашқы он күнінде есірткімен байланысты 56 құқық құзушылық тіркелген. Он күнде 35 күдікті ұсталды. Айналымнан 200 кило есірткі заттары, соның ішінде 190 кг марихуана, 13 кг синтетикалық есірткі және 4 кг гашиш алынды. Бұл – шартты түрде алғанда жарты миллион доза.

Жасанды интеллект дамыған қазіргі заманда есірткі контентін жабық чаттар мен боттардан табу қиынға соқпайды. Бұл туралы Астанадағы есірткіге қарсы ведомствоаралық штаб отырысында айтылды. Астана әкімінің орынбасары Ерік Мейірхановтың мәліметінше, есірткі саудасы ғаламторға ойысып жатыр. Сатушылар әлеуметтік желі, мессенджер, жабық чаттар мен арнайы боттарды пайдаланады.

Ал арнайы жүйе интернет кеңістігінде мониторинг жүргізіп, есірткі ресурстарын анықтай алады. Бұрын қызметкерлер күдікті парақшаларды өздері тауып, тексеруге жіберетін. Енді бағдарлама автоматты түрде мәлімет жинап, құқық бұзу белгілерін табады. Мамандар ол ақпаратты тексеріп, ресурсты бұғаттау туралы шешім қабылдайды.

Бағдарлама тұсаукесерінде Астанада жүргізілген мониторинг нәтижесі ортаға салынды. Жүйе бір тәуліктің ішінде 79, бір аптада 421, ал бір айда екі мыңнан астам есірткі контентін анықтаған.

Осылайша, қылмысын қанша бүркемелесе де, құқық қорғаушылардың құрығынан ешкім де құтыла алмайды.  

Наргүл Мырзахмет

Сурет: ҰҚК баспасөз қызметі

Бүгін, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер