jasqazaq.kz

Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады

Бүгін, 15:17

Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық тартымдылық орталығына айналып келеді. Елімізде шетелдік капитал тарту саясаты жай ғана қаржы көлемін арттырумен шектелмей, жаңа өндіріс ошақтарын ашуға, озық технологиялар трансфертіне және шикізатты терең өңдеуге бағытталған. Осы ретте PepsiCo, Carlsberg, Stadler Rail, Alstom, NVIDIA, Huawei сынды әлемдік брендтермен бірлескен ауқымды жобалар іске асып, Екібастұзда халықаралық жасанды интеллект инфрақұрылымы мен цифрлық кластер қалыптасуда.

Мегажобаларды кешенді сүйемелдеу, инвесторларға берілетін салықтық преференциялар және ірі трансұлттық компаниялардың өндірістік қуаттарын елімізге көшіру барысы туралы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловпен Jas Qazaq тілшісі арнайы сұхбаттасты.

– Сұлтанғали Құрманғалиұлы, қазіргі таңда еліміздің өңдеу өнеркәсібі, жасыл энергетика және IT салаларына ірі халықаралық инвесторларды тарту бағытында қандай жүйелі жұмыстар атқарылуда? Әлемдік алпауыттармен бірлескен нақты жобаларға тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстанда шетелдік инвестицияларды тарту саясаты ең алдымен жаңа өндірістерді іске қосуға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға, озық технологияларды енгізуге және экономиканы әртараптандыруға бағытталған. «KAZAKH INVEST» еліміздің басым салаларындағы инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеумен айналысады. Бүгінде жобалардың басым бөлігі агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургия, энергетика, машина жасау, құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі және көлік-инфрақұрылым салаларына тиесілі.

Әр сала бойынша нақты нәтижелерге тоқталсақ, өңдеу өнеркәсібінде Carlsberg және Fufeng Group халықаралық компанияларының қатысуымен құрылған өндіріс орындары табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар PepsiCo, Coca-Cola, Dalian Hesheng Holdings, Lihua Group және Tiryaki Agro сияқты жетекші компаниялармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге арналған жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал машина жасау саласында Stadler Rail, Alstom және Wabtec компанияларымен әріптестік отандық өндірістік әлеуетті жаңа деңгейге көтерді.

Энергетика мен «жасыл» экономика бағытында Huadian Kazakhstan Energy Ltd., Hunan Junxin Environmental Protection және Air Liquide компанияларымен бірлесіп, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және сутегі өнеркәсібін дамыту жобалары іске асуда. Жел электр станцияларын салу мен энергия жинақтау технологияларын енгізу де қарқын алды.

Біз ақпараттық технологиялар және цифрлық инфрақұрылым саласына ерекше мән беріп отырмыз. Firebird, NVIDIA, Huawei және Hengtong Group сынды жаһандық технологиялық алпауыттармен ынтымақтастық аясында Екібастұз қаласында деректерді өңдеу орталықтары, бұлтты сервистер және жасанды интеллект инфрақұрылымын біріктіретін халықаралық цифрлық кластер қалыптастыру көзделген. Бұл бастамалар Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі әлеуетін айқындайды. Жалпы біз үшін басты өлшем – капитал көлемі ғана емес, технологиялар трансферті, білікті жұмыс орындарын ашу және отандық кәсіпорындардың жаһандық өндірістік тізбектерге қосылуы.

– Шетелдік инвесторларды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан қандай салықтық, кедендік жеңілдіктер қарастырылған? Сондай-ақ «бір терезе» қағидаты іс жүзінде қалай жұмыс істейді?

– Инвестициялық қызметті ынталандыру мақсатында елімізде мемлекеттік қолдаудың икемді әрі көпдеңгейлі тетіктері қалыптасқан. Жобаның ауқымы мен ерекшелігіне қарай келісімшарттың негізгі төрт түрі қолданылады. Біріншісі, инвестициялық келісімшарт – инвестор мен ҚР СІМ Инвестициялар комитеті арасында жасалады. Мұнда жобаның ерекшелігіне сай заңнамада көзделген салықтық және кедендік преференцияларды таңдау мүмкіндігі беріледі. Екіншісі, арнайы инвестициялық келісімшарт – өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен жасалып, арнайы инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жеңілдіктер ұсынады. Үшіншісі, инвестициялар туралы келісім – Үкіметтің шешімі негізінде уәкілетті тұлға мен заңды тұлға (оның ішінде АХҚО юрисдикциясында тіркелген компаниялар) арасында бекітілетін стратегиялық құжат. Төртінші, инвестициялық міндеттемелер туралы келісім – Үкімет пен заңды тұлға арасында жасалады. Бұл тетік тау-кен металлургия саласындағы ірі компанияларға арналған және негізгі құралдарды жаңарту міндеттемесімен қатар 10 жыл мерзімге салықтық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар «KAZAKH INVEST» барлық инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша ақпараттық-консультациялық және ұйымдастырушылық сүйемелдеу көрсетеді. Біз инвесторлардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын үйлестіріп, жобаны іске асыру барысында туындайтын кез келген әкімшілік немесе инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуге жәрдемдесеміз.

– Соңғы жылдары ірі трансұлттық компаниялардың өндірістік қуатын Қазақстанға көшіру және өндірісті жергіліктендіру мәселесі өзекті болып тұр. Бұл бағытта қандай нақты жобалар жүзеге асырылуда?

– Біз халықаралық компаниялар үшін жаңа өндірістік алаңдарды қалыптастыру, өндірісті барынша жергіліктендіру (локализация) және сол арқылы өңірлік нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүйелі жұмыс істеп жатырмыз.

Бүгінде нақты іске асқан жобалардың бірегейі – Stadler Rail компаниясының Астана қаласында жаңа буындағы жолаушылар вагондарын шығаруды жолға қоюы. Сонымен қатар машина жасауда Alstom және Wabtec компанияларымен өндірістік-технологиялық кооперация тереңдей түсуде.

Агроөнеркәсіптік кешенде PepsiCo компаниясы снек өнімдерін шығаратын ірі зауытты іске қосуға қызу дайындық жүргізуде. Ал Fufeng Group, Dalian Hesheng Holdings, Lihua Group және Tiryaki Agro компаниялары ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, жоғары технологиялық өндірістік кластерлер құру жобаларына қатысуда.

Цифрлық экономикадағы ауқымды бастамаларды да атап өткен жөн. Firebird және NVIDIA компанияларымен бірлесіп жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын дамыту, ал Huawei және Hengtong Group компанияларымен бірге заманауи цифрлық технологияларды енгізу және тиісті өндірістік инфрақұрылымды ел ішінде жергіліктендіру көзделген. Мұның барлығы Қазақстанда жаңа өндірістік қуаттарды орналастырып, отандық өнім үлесін арттыруға және елімізді халықаралық өндірістік кооперацияның маңызды буынына айналдыруға жол ашады.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
Бүгін, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
Бүгін, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр
12 қараша, 14:55
Шымкентте қауіпсіздік инфрақұрылымы кеңейіп келеді
10 қараша, 20:03
«COP31»: Әділ, теңгерімді көзқараспен нақты нәтижеге
10 қараша, 16:00
Азамат Ешанқұл: Алматыдағы қоғамдық көліктің 81,2%-ы экологиялық таза отынға көшті
10 қараша, 14:34
Шымкентте Президент Жолдауын түсіндіруге арналған кездесулер өтті