
Еліміздің жер бетінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты баянды ету, саяси шиеленіс пен қарулы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған сыртқы саясатын халықаралық қауымдастық жоғары бағалайды. Бұл ретте Астананың жаһандық және бітімгерлік бастамалары айрықша мәнге ие. Jasqazaq.kz ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаевпен аса маңызды осы тақырып бойынша тілдесті.
– Кез-келген текетіресті өзара мәміле және диалог жолымен шешуге бағытталған Қазақстанның сыртқы саясаты бүгінгі тұрақсыз әлемде қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруға қандай үлес қосады деп ойлайсыз?
– Астананың сыртқы саясаты бейбіт және теңгерімді ұстанымға негізделген. Бұған қоса, қақтығыстарға қатысушы барлық тараптармен диалог жүргізуге қабілетті бейтарап әрі беделді мемлекет ретіндегі танылуы Қазақстанның жаңа қауіпсіздік архитектурасында сұранысқа ие болуын қамтамасыз етті. Егер Астана процесі негізінен ұрысты тоқтатуға және қақтығысушы тараптарды ажыратуға бағытталса, «Бейбітшілік кеңесі» қақтығыстан кейінгі жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына, атап айтқанда, Газа секторын оңалтуға бағдарланған. Бұл форматқа Қазақстан өзінің жинақталған бітімгерлік әлеуетін қолданбалы гуманитарлық құралдар ретінде пайдалана алады. Мысалы, далалық госпитальдары бар медициналық бөлімшелерді құрастыру және әскери бақылаушылардың жұмысы арқылы көмек көрсету дегендей.
Соның нәтижесінде мұндай форматтарға қатысу Қазақстанның көпвекторлы дипломатияны жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Астана өзінің БҰҰ бітімгерлік миссияларындағы капиталын жаңа жаһандық бастамаларға қатысу арқылы және халықаралық мәртебесін бейтарап келіссөздер арқылы қауіпсіздік пен гуманитарлық тұрақтандырудың практикалық доноры рөліне біртіндеп трансформациялауда екендігін көрсетеді.
– Жалпы Қазақстанның жаһандық және бітімгерлік бастамаларынан қандай жемісті нәтижелерді көріп отырмыз?
— Қазақстанның бейбіт бастамаларының басты нәтижесі еліміздің халықаралық дауларды шешуде бейтарап алаң ретінде танылуында. Сирия және Армения мен Әзірбайжан арасындағы келіссөздерге Қазақстанның бейтарап ретінде араласуы және алаң ұсынуы еліміздің ешбір тарапқа қосылмайтын сенімді серіктес екенін көрсете білгенін көрсетеді. Соның айғағы ретінде 2026 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексінде (Global Peace Index) еліміз 44-орынға тұрақтады. Сонымен қатар қазақстандық әскерилер Голан жотасындағы БҰҰ бітімгершілік миссиясында өз бетінше қызмет етіп, халықаралық ротациядан сәтті өтті. Ал қақтығыс аймақтарына далалық госпитальдар түрінде гуманитарлық көмек көрсетілуде. Мұндай бастаманың тиімділігі мынада: еліміздің халықаралық аренадағы беделі өседі, әскеріміз нақты ұрыс жағдайына дайын болып, қажетті тәжірибе жинайды, әскери, командалық біліктілігі мен кәсіби машығын шыңдайды.
– Былтыр Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) жөніндегі өңірлік орталығы құрылды. Оның Ауғанстандағы гуманитарлық миссияға тигізер нақты пайдасына тоқталсаңыз.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығысаяси шешімдер қабылдайтын орган емес. БҰҰ жүйесіндегі негізгі саяси шешімдер бұрынғысынша штаб-пәтерлерде қабылданады. Дейтұрғанмен, 2025 жылдың тамызында келісіліп, 2026 жылдың маусымында ратификацияланған Алматы орталығы бағдарламаларды іске асыру деңгейінде белгілі бір дербестікке ие. Орталық БҰҰ-ның тұрақты бюджетіне тәуелді емес, әрі ерікті жарналар мен донорлар есебінен қаржыландырылады. Бұл жергілікті жобаларды іске қосудағы бюрократиялық кедергілерді мейлінше азайтады. Хаб БҰҰ агенттіктерінің Орталық Азия елдеріндегі әртүрлі бағдарламаларын су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруіне бейімделу және теңізге шығатын жолы жоқ елдердің көлік-логистикалық байланысын дамыту сияқты ортақ өңірлік міндеттер аясында біріктіреді.
Ауғанстандағы гуманитарлық миссия үшін орталықтың практикалық пайдасы оның мандатына Ауғанстанның Орталық Азияның бес мемлекетімен тең дәрежеде енгізілуімен байланысты. Батыс донорларының басым бөлігінің Қабулда тікелей дипломатиялық өкілдігі жоқ. Сондықтан Алматы алаңы орталық азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру сияқты Орталықтың техникалық күн тәртібі арқылы саясиландырылмаған өзара іс-қимыл арнасын қамтамасыз етеді. Бұл Ауған халқына көмек көрсетуге, гуманитарлық жүктердің логистикалық шығындары мен уақытын қысқартуға, сондай-ақ Ауғанстанды қалпына келтіру жұмыстарын Орталық Азияның көлік дәліздері мен энергетикалық жобаларына кіріктіруге мүмкіндік береді.
– Сөз соңында тағы бір ғаламдық бастамаға тоқталсақ. Биылғы қараша айының басында Астанада Ақаба процесінің Орталық Азиядағы Саммиті өтті. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, Ақаба процесі (Aqaba Process) – Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн 2015 жылы көтерген лаңкестікке және зорлықшыл экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық бастама. Астанадағы жиынның тақырыбы «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» болды. Мұндай форматтың Қазақстан мен аймақ мемлекеттері үшін қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
— Астанада өткен Ақаба процесінің Орталық Азиядағы саммитінің саяси рөлі ерекше. Орталық Азия өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара Қазақстанның аймақаралық қауіпсіздік архитектурасының модераторы деңгейіне көтерілгендігін көрсетеді. Саммит дәстүрлі қарулы қатерлерді ғана емес, жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық кеңістіктен төнетін жаңа технологиялық қауіптерді талқылайтын маңызды алаңға айналды. Бұл Орталық Азия елдеріне қауіпсіздік саласында ортақ өңірлік ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан аталмыш шараның негізгі стратегиялық мән-маңызы осында.
Оразәлі Баймұрат
Суретті ұсынған автор