
Алматы қаласының тұрғындарын таза ауыз сумен қамту – зор жауапкершілік. Бүгінде «Алматы Су» мекемесі 5,5 мың шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желісіне, жүздеген сорғы станциясына және 350-ден астам ұңғымаға қызмет көрсетеді. Оған қоса, мегаполиске тәулігіне шамамен 800 мың текше метр су беріліп отыр.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мен апат деңгейін төмендету бағытында биыл қандай ірі жобалар жүзеге асты? Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде Jas Qazaq тілшісі Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас директорының орынбасары Серікбай Жәңгірбаевпен сұхбаттасты.
– Серікбай Болатбекұлы, биыл Алматының су құбыры мен кәріз жүйелерін қайта құру және жаңғырту бағытында қандай негізгі жұмыстар атқарылды?
– «Алматы Су» мекемесінің басты мақсаты – қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сенімділігін арттыру, апаттылық деңгейін төмендету және коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Бүгінде осы күрделі жүйенің үздіксіз жұмысын кәсіпорынның 3 800-ден астам қызметкері қамтамасыз етіп отыр.
2026 жылы біз инвестициялық бағдарлама аясында тозу деңгейі жоғары 54 шақырым су құбыры мен 9 шақырым кәріз желісін реконструкциялауды көздедік. Жаңғырту жұмыстары кезінде ең алдымен апаттылығы жоғары және тұтынушыларды коммуналдық қызметтермен тұрақты қамтамасыз етуде стратегиялық рөл атқаратын магистральдық инженерлік желілерге басымдық берілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылғы жөндеу науқанын аяқтап, нысандарды қысқы кезеңге дайындау бойынша ауқымды жұмыс істелді. Маусымаралық дайындық аясында 800 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілері шайылып, 270-ке жуық сорғы жабдығы жөнделді және ауыстырылды. 12 таза су резервуары шайылып, қала бойынша 10 мыңнан астам өрт гидранты тексеруден өтті.
– Алматының аумағы кеңейіп, жаңа шағын аудандар бой көтеруде. Жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу бағытында қандай ілгерілеушілік бар?
– Иә, қаламызда тұрғын үй құрылысы өте қарқынды дамуда. Сондықтан біз тозған желілерді ауыстырумен ғана шектелмейміз. Биыл Алатау ауданында жаңа сорғы станциясын пайдалануға бердік. Наурызбай ауданында сумен жабдықтау көздерінің қуатын арттыру жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасуда.
Бұдан бөлек, қаланың әртүрлі аудандарында жаңадан салынған су құбыры мен кәріз желілерін орталықтандырылған инженерлік инфрақұрылымға қосу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осылайша, біз тек бүгінгі қажеттілікті жауып қана қоймай, қаланың болашақтағы өсімін ескере отырып жұмыс істеп жатырмыз.
– Су шығынын азайту, апаттардың алдын алу және басқару процестерін оңтайландыруда қандай заманауи технологиялар енгізілуде?
– Бүгінгі таңда «Алматы Су» МКК қызметіндегі ең негізгі басымдықтардың бірі – өндірістік процестерді толық цифрландыру. Біздің басты міндетіміз – бүкіл инженерлік инфрақұрылым мен деректерді бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру.
Қазіргі уақытта гидравликалық модельдеу және жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүруде. Бұл технологиялар инженерлік желілердің техникалық жай-күйін терең талдауға, ықтимал су ағуларын ерте сатыда анықтауға, жүктемені болжауға және профилактикалық жөндеуді дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Осылайша, ақау туындағаннан кейін салдарымен күреспей, мәселені алдын ала болдырмау жүйесіне көшіп жатырмыз.
– Тұтынылған суды есепке алу мен тұтынушыларға қызмет көрсету саласы қалай цифрландырылуда?
– Бұл – есепке алынбаған су көлемін азайтудағы басты тетік. Қазіргі уақытта Алматыдағы тұрғын үйлер мен пәтерлердің 78 пайызы су есептегіш құралдарымен жабдықталған. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, көрсеткіштерді қашықтан беру технологияларын (модемдік байланыс жүйелері) енгізу аясы кеңейе түсуде. Коммерциялық және өндірістік нысандарға, сондай-ақ жаңадан салынған үйлерге қашықтан дерек беретін есептегіштерді орнату талабы қойылған.
Сондай-ақ тұтынушылармен байланыс та цифрлық форматқа өтті. Инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттар онлайн беріледі. 2026 жылдың соңына дейін тексеру актілерін ресімдеу процесін толық электрондық форматқа көшіреміз – мамандар құжаттарды тікелей планшет арқылы толтырады.
– Ауыз судың қауіпсіздігі қалай бақыланады?
– Ауызсудың сапасын бақылау біздің тұрақты назарымызда. Суды бастапқы алу, оны дайындау станцияларында тазарту және тұтынушыларға тарату желілеріне дейінгі барлық кезеңде тұрақты өндірістік және зертханалық бақылау жүргізіледі. Белгіленген санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша зерттеулер жүргізіліп, суды залалсыздандыру процестерінің технологиялық талаптарға толық сәйкестігі бақыланады. Алматылықтар үшін ауызсудың сапасы өте жоғары деңгейде қамтамасыз етілген.
– Қазақстанның жаңа Су кодексі суды үнемдеуге ерекше маңыз береді. Осы бағытта Алматыдағы кәсіпорындар мен тұрғындар арасында қандай түсіндіру және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр?
– Су ресурстарын ұтымды пайдалану – жай ғана ұран емес, қаланың азық-түлік пен экологиялық қауіпсіздігінің негізі. Алматыда бұл жұмыстар тұрғындармен де, суды көп тұтынатын кәсіпорындармен де белсенді жүргізілуде.
Әсіресе автожуу кешендеріне ерекше назар аудардық. 2026 жылдың басынан бері 288-ден астам автожуу нысаны су үнемдеу технологияларын енгізді. Айналымды сумен жабдықтау жүйелерін қолдану арқылы бұл нысандар ауызсуды қайта пайдаланып, тұтыну көлемін едәуір азайтты. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарына кәріз жүйесінің бітелуін болдырмайтын майұстағыш құрылғыларды орнату талабы қойылуда.
Тұрғындар арасында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы тұрақты жүргізіледі. Су есептегіштерін орнатудың тиімділігі, тұрмыста суды үнемдеу жолдары мен ағуларды дер кезінде жоюдың маңыздылығын түсіндіріп келеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық