jasqazaq.kz

Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде

Бүгін, 13:54

Елімізде жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту стратегиялық деңгейде қарқынды жүзеге асырылуда. Соның айқын дәлелі – былтыр 9 шілдеде іске қосылған Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері. Өнімділігі 20,48 PFLOPS-ты құрайтын бұл қуатты есептеу кешені өткен жылы қарашада әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің TOP500 рейтингінде 86-орынға тұрақтады. Бүгінде отандық суперкомпьютердің ресурстарын 74 ұйым пайдаланып отыр, ал API арқылы ұсынылатын 30-дан астам ЖИ моделінің көмегімен 1,5 трлн-нан астам токен өңделген.Отандық суперкомпьютердің техникалық әлеуеті, қазақ тілді AlemLLM моделінің мүмкіндіктері және оларды ғылым мен бизнеске интеграциялау барысы туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Шыңғыс Оразалимовпен Jas Qazaq тілшісі арнайы сұхбаттасты.

– Шыңғыс Айдарбекұлы, Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудың Ұлттық тұжырымдамасы аясында есептеу қуаттарын құру және оларды ғылым мен өнеркәсіпке интеграциялау бағытында қандай нақты ілгерілеушілік бар?

– Үкіметтің 2024 жылғы 24 шілдедегі № 592 қаулысымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде жоғары өнімді есептеу жүйелерінің ұлттық инфрақұрылымы құрылды. Осы бастаманың өзегі ретінде 2025 жылғы 9 шілдеде Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері іске қосылды.Техникалық сипаттамасына тоқталсақ, бұл есептеу кешені 512 NVIDIA H200 графикалық үдеткішімен жабдықталған 64 HPE Cray XD670 түйінінен тұрады және 400 GbE деректерді беру желісіне негізделген. Инфрақұрылым қауіпсіздік пен сенімділіктің жоғары стандартына сай Tier III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығында орналасқан.LINPACK халықаралық тестілеуінің нәтижесі бойынша суперкомпьютердің өнімділігі 20,48 PFLOPS-ты құрады. Соның нәтижесінде өткен жылғы қарашада Alem.Cloud әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің беделді TOP500 рейтингінде 86-орынға ие болып, Орталық Азиядағы жетекші есептеу платформаларының бірі екенін дәлелдеді.

– Бүгінде осы алып есептеу платформасының мүмкіндіктерін кімдер және қандай мақсатта пайдаланып жатыр?

– Қазіргі уақытта Alem.Cloud есептеу ресурстарына мемлекеттік органдарды, ғылыми ұйымдарды, жоғары оқу орындарын, стартаптар мен бизнес өкілдерін қоса алғанда, 74 ұйым қол жеткізіп отыр. Суперкомпьютердің қуаты жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және үлкен деректерді талдау бағыттарындағы іргелі әрі қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға белсенді пайдаланылуда.

– Қымбат есептеу жабдықтарын сатып алуға мүмкіндігі жоқ отандық компаниялар мен ғылыми топтар үшін қандай балама шешімдер ұсынылған?

– Бұл ретте «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы API арқылы жасанды интеллект модельдерін сервис ретінде ұсыну бағытын қарқынды дамытып келеді. Бұл ұйымдарға өздерінің қымбат есептеу жабдықтарын сатып алмай-ақ немесе жалға алмай-ақ дайын ЖИ модельдерін өз жүйелеріне тікелей енгізіп, пайдалануға мүмкіндік береді.Қазіргі таңда тілдік модельдерді, сөйлеуді тану және синтездеу, құжаттарды өңдеу және семантикалық іздеу модельдерін қоса алғанда, 30-дан астам модель қолжетімді. Олардың қатарында отандық қазақ тіліндегі AlemLLM тілдік моделі де бар. Бүгінде аталған сервисті 50-ден астам ұйым тұрақты пайдаланады. 2026 жылдың қаңтарынан бері осы модельдердің көмегімен 1,5 триллионнан астам токен өңделді. Ең басты артықшылығы – барлық модель Alem.Cloud-тың өз инфрақұрылымында жұмыс істейді. Соның арқасында пайдаланушылардың деректері шетелдік немесе сыртқы провайдерлерге берілмей, еліміздің ішіндегі толық қорғалған ортада өңделеді.

– Ұлттық суперкомпьютердің қуаты ірі халықаралық деңгейдегі іс-шараларда сыналды ма?

– Әрине. Ұлттық есептеу инфрақұрылымының жоғары әлеуеті ағымдағы жылы Астанада өткен Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық IOAI-2026 олимпиадасы кезінде іс жүзінде дәлелденді. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін 170-тен астам NVIDIA H200 үдеткіші бөлінді. NVIDIA MIG технологиясының көмегімен әлемнің 108 елі мен аумағынан келген 466 қатысушының әрқайсысына жеке оқшауланған есептеу ресурсы ұсынылды.Бұл барлық қатысушыға күрделі тапсырмаларды бір мезгілде орындауға, жасанды интеллект модельдерін оқытып, сынақтан өткізуге мүмкіндік берді. Ең маңыздысы, осындай ауқымды жүктеме кезінде суперкомпьютердің басқа пайдаланушылары үшін қолжетімді есептеу ресурстарының жұмысы бір сәтке де үзілген жоқ. Осылайша, Alem.Cloud ұлттық есептеу инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік секторда, ғылымда, білім беру саласында және бизнесте кеңінен қолдануға берік негіз қалап отыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда