jasqazaq.kz

Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті

Бүгін, 13:02

Агроөнеркәсіптік кешен – ел экономикасының стратегиялық тірегі әрі азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі. Бүгінде отандық ауыл шаруашылығы шикізаттық бағыттан дайын, терең өңделген өнім өндірісіне қарқынды бет бұрып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың сегіз айында еліміздің агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сыртқы сауда айналымы 19,9 пайызға өсіп, 10,5 млрд долларды құрады, ал экспорт көлемі 34,6 пайызға артып, 5,6 млрд долларға жетті. Сонымен қатар ішкі нарық негізгі азық-түлік тауарларымен 80%-дан 100% және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз етіліп отыр.

Фермерлерді субсидиялауды цифрландыру, 5 пайыздық жеңілдетілген несие беру тетіктері және импортты алмастыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы Jas Qazaq тілшісі ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановпен арнайы сұхбаттасты.

– Азат Сиражиддинұлы, бүгінде шаруалар мен агроқұрылымдарды субсидиялау процесінің ашықтығы мен қолжетімділігі қоғам назарында. Осы бағыттағы цифрлық тетіктер қалай жұмыс істеп жатыр?

– Қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдерін қабылдауды және қарауды қамтамасыз ететін Субсидиялаудың мемлекеттік цифрлық жүйесі (СМЦЖ) арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе «Жеке тұлғалар» және «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базаларымен, Электрондық цифрлық шот-фактуралар жүйесімен, Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасымен, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрымен және басқа да мемлекеттік ақпараттық ресурстармен толық интеграцияланған.

Осындай интеграциялардың арқасында субсидия алуға қажетті барлық мәлімет автоматты түрде алынып, тексеріледі. Ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында жүйеде электрондық кезек, күту парағы және форматты-логикалық бақылау тетіктері енгізілді. Бұл адами факторды жойып, қаражаттың әділ бөлінуіне жол ашады.

– Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несиелердің фермерлер үшін тиімділігі қандай? Биыл несиелеу шарттарында қандай оң өзгерістер бар?

– Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау мақсатында жылдық 5% мөлшерлемемен көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландырудың «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары табысты іске асырылуда. Қаржыландыру алты арна арқылы жүргізіледі: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның тікелей кредиттеуі, екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап 2027 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасы да іске қосылды.

Шаруалар үшін тағы бір маңызды жеңілдік – несиені қайтару кестесінің икемділігі. Бұрын қарыз алушылар берешегін 1 желтоқсанда біржолғы төлеммен өтеуге тиіс болатын. Қазір берешекті екі тең бөлікке бөліп төлеу мүмкіндігі берілді: 50%-ы қаржыландырылған жылдың 5 желтоқсанында, қалған 50%-ы келесі жылдың 5 наурызында өтеледі. Бұл фермерлерге өнімді тиімді бағамен өткізіп, маусымдық кірісті ескере отырып есеп айырысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кепіл мүлкі жетіспейтін шаруалар үшін «Даму» қоры арқылы қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру тетігі қарастырылған.

– Шикізат экспортынан дайын өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға көшуде қандай нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізілді?

– Бұл бағытта мемлекет тарапынан жеңілдетілген қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, салықтық преференциялар және отандық шикізатты сатып алуды ынталандыру сияқты кешенді шаралар іске асуда. Соның нәтижесінде былтыр жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба іске қосылып, тамақ өнімдерін өндіру көлемі 4 трлн теңгеге жетті, өсім – 8,4%. Негізгі капиталға салынған инвестициялар екі еседен астам артып, 389 млрд теңгені құрады. Ең бастысы, өңделген АӨК өнімдерінің экспорты 3,6 млрд АҚШ долларына жетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы экспортындағы үлесі 51,4%-ға дейін өсті.

Биыл қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша АӨК өнімдерінің сыртқы сауда айналымы 10,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 19,9%-ға артты. Экспорт көлемі 34,6%-ға ұлғайып, 5,6 млрд долларды құрады. Импорт 4,9 млрд доллар деңгейінде қалыптасып, сыртқы сауданың оң сальдосы 713,8 млн АҚШ долларына тең болды.

Биылғы 8 айдағы экспортталатын ТОП-5 тауар қатарына бидай және меслин (1 250,6 млн долларға 5 515,1 мың тонна), күнбағыс майы (672,8 млн долларға 611,4 мың тонна), мал азығына арналған өнімдер (577,6 млн долларға 2 474,9 мың тонна), бидай немесе бидай-қарабидай ұны (400 млн долларға 1 376,2 мың тонна) және зығыр тұқымы (387,8 млн долларға 780,8 мың тонна) енді.

– Ішкі нарықты отандық негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету деңгейі қандай? Қай бағыттарда импортқа тәуелділікті азайту жұмыстары күшейтілуде?

– Елдің азық-түлік қауіпсіздігі Үкімет пен министрліктің тұрақты бақылауында. Бүгінде отандық өндіріс есебінен ішкі нарық негізгі азық-түлік тауарларымен 80%-дан 100% және одан да жоғары деңгейде қамтылған. Мәселен, күнбағыс майы бойынша қамтамасыз ету – 363%, ұн – 210%, күріш – 190%, қой еті – 134%, сәбіз – 115%, картоп пен қарақұмық жармасы – 107%, сиыр еті – 104%, пияз – 102%, бұрыш – 100%. Ал қырыққабат пен қияр – 99%, жұмыртқа – 98%, сүт пен асханалық қызылша – 96%, қызанақ – 93%, қышқыл сүт өнімдері – 88%, сары май – 87% деңгейінде.

Қазіргі таңда қамтамасыз етілу деңгейі 80%-дан төмен 6 тауар түрі бар. Яғни, құс еті (78%), балық (75%), алма (73%), шұжық өнімдері (66%), ірімшік пен сүзбе (56%) және қант (34%) бар. Осы алты бағыт бойынша Министрлік отандық өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашу және импортты кезең-кезеңімен алмастыру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

— Әңгімеңізге рахмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия