
Ғаламшардағы ахуал қырық құбылып, болашақ болжап білмес сипат алып жатқанда санқилы сын-қатерге төтеп бере алатын қазіргі заманғы Қарулы Күштер қандай болуы тиіс? Бұл сұраққа толыққанды жауапты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Әскери реформа жоспарынан алуға болады. Президент осы реформаға арналған Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қысқа мерзімде замануи, ұтқыр әрі жоғары технологияға арқа сүйейтін армия құру қажеттігін мәлімдеді. Соған сәйкес, Қарулы Күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылып отыр. Атап айтқанда, реформа басқару, әскери қызметшілерді даярлау, кадр саясаты, әскери білім беру, қорғанысты жоспарлау және жоғары технологиямен жарақтандыру сияқты салаларды қамтуы тиіс. Бұдан бөлек, әскери қызметтегі қауіпсіздік, қолбасшылық (командир) мәдениеті, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға ерекше мән беріледі. Сондай-ақ армия мен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа жаңа сипат беру керек. Түйіндеп айтқанда, әңгіме кешенді реформа жөнінде болып тұр. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жартыкеш шешім жемісті нәтижеге жеткізбейтінін атап өтті.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева отырыста аталған Жоспардың негізгі ережелерін таныстырды. Айта кетейік, құжат әскери құрылыс бойынша халықаралық озық тәжірибе мен қазіргі заманғы ұрыс жүргізу тәсілдерін, сондай-ақ, отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып дайындалған. Жоспар еліміздегі бүкіл әскери құрылымдардың, жалпы, қорғаныс ведомствосының тиімділігін арттыруға бағытталған институционалды өзгерістерді қамтиды.
Енді осы ауқымды құжаттағы кесек-кесек міндеттерге тоқталайық.
Әскери қызметті өткеру тәртібі. Жоспарға сәйкес, мерзімді әскери қызметті екі кезеңнен тұратын үлгіге (модель) көшіру көзделген. Әскерге жаңа келген сарбаз алдымен 6 ай бойы оқу орталығында болады. Ол осында әскери өмірге бейімделіп, денешынықтыру сияқты дайындықтың түрлі сатыларынан өтеді. Тиісті білім алып, замануи қару-жарақ пен техниканы қолдануды, сондай-ақ, осы саладағы цифрлық технологияға негізделген жабдықтармен жұмыс істеуді үйренеді.
Содан кейін әскери бөлімге келіп, қалған жарты жылдық мерзімді қызметін атқарады. Мұндай жүйе тиімді-ақ. Бұл бізде көптеген бері айтылып келе жатқан кәсіби деңгейі жоғары армия құрудың берік негізін қалайды. Өйткені әскери дайындығы жоғары сарбаз ғана кез келген жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындай алады. Аталған жүйенің тағы бір артықшылығы, жас сарбаз әскерден кейінгі өмірде қолдануға болатын дағдыларды үйренеді.
Әскердің қауіпсіздігі мен құқығы. Әлемдегі озық тәжірибе көрсеткендей, дайындық пен шеберлік жауынгердің атыс қаруын қолданған кезде оқыс оқиғаларды болдырмауға мүмкіндік береді. Қарулы Күштердегі түбегейлі өзгерістердің тағы бір тиімді тұсы — әскердегі әлімжеттік секілді сорақы құбылысты түбірімен жоюға бағытталған. Реформа сарбаздың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға баса назар аударатынын айтқан жөн. Осы мақсатпен Қарулы Күштерде Әскери консультанттар институтын құру көзделіп отыр. Бұған қоса, Әскери қызметшілердің істері жөнінде уәкіл болады. Сонымен қатар, әскери жарғыға қайшы қарым-қатынас пен әрекет қарсы шаралар күшейтіледі.
Армияны цифрландыру, ЖИ мен заманауи цифрлық технологияларды енгізу. Кейінгі жылдары әлемнің әр түкпірінде болып жатқан қарулы қақтығыс пен ұрыс қимылдары дәстүрлі қару мен техникадан гөрі ұшқышсыз ұшу аппаратарын пайдалану тиімді екенін дәлелдеп отыр. Цифрлық технологияға арқа сүйейтін осындай аппараттар әскерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде таптырмас құрал. Оның үстіне, қыруар қаржыны қажет етпейді. Реформаға сәйкес, елімізде Пилотсыз (Ұшқышсыз) әскер құру көзделіп отыр. Мұндай әскери күштерге қажетті ұшу аппараттарын өзімізде жасау қолға алынғанын айтқан абзал. Енді Қарулы Күштердегі жауынгерлер осы ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару басқарумен бірге, радиобайланыс, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект негіздері арқылы жаңа мамандықтарды игереді. Жоғарыда айтылғандай, мұндай дағдыларды әскерден кейінгі өмірде қолдануға әбден болады. Бұған қоса, әскери қызметшілерді даярлау үшін әртүрлі жауынгерлік жағдайды модельдеуге мүмкіндік беретін электрондық тренажер, виртуалды зертхана және симуляциялық технологияларды кеңінен қолдану көзделіп отыр.
Әскери-париоттық тәрбие. Түбегейлі өзгерістер жастарды әскер қатарына даярлау жағын да жан-жақты қамтиды. Осы мақсатпен «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлау жүйесі құрылады. Айта кетейік, әскерге дейінгі жастар бойында патриоттық рухты күшейту басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылуда.
Жоспар бойынша ұйымдастыру іс-шаралары биылғы жылдың соңына дейін қолға алынып, нақты жүзеге асыру жұмыстары 2027 жылы басталады. Ауқымды реформаның нәтижесінде елімізде жаңа тұрпатты замауи, кәсіби, ұтқыр Қарулы Күштер құрылады.
Талап Тілеген
Сурет: aqorda.kz