jasqazaq.kz

Цифрлық экономика бүкілхалықтық сипат алады

Бүгін, 13:36

Сурет: gov.kz

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін Жарлыққа қол қойды. Осылайша, биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында осы салада тағы бір маңызды қадам жасалды.

Айта кетейік, Президент биылғы халыққа арнаған Жолдауында цифрлық экономиканы құру еліміздің алдында тұрған көкейкесті міндет екенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, елде «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыруға қажетті ифрақұрылым қалыптасып жатқанын атап өтті. Жолдау тағы бір өзекті мәселені қамтыды. Ол – елімізде халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу үшін жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалану қажеттігі. Мемлекет басшысы осыған орай, «Экономикада цифрландыруды іс жүзінде қолдану бағдарламасын әзірлеу қажет» деген болатын.

Міне, осы құжатқа сәйкес, Үкімет алдағы желтоқсанға дейін халықтық цифрлық экономикаға көшу мақсатында Кешенді жоспарды қабылдайды. Осы бағдарлама аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылады.

Соның нәтижесінде бұған дейін қызмет көрсету саласындағы цифрлық технология мен жасанды интеллектінің игілігін көріп жүрген  ел тұрғындары енді экономикадағы оңтайлы да тиімді тетіктерді игереді. Атап айтқанда, азаматтар мен бизнес өкілдеріне табыстың жаңа көздерін табуға септігін тигізетін экономикалық мүмкіндіктер көбейеді. Сонымен қатар, цифрлық платформалар арқылы жұмыс орнымен  қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні іс жүзінде қолдану, отандық өнім өндірушілердің өнім өткізу нарығына қолжетімді болуы және экономикалық қызметтің жаңа түрлерін өркендетуге жол ашылады. Бұған қоса, Кешенді жоспар отандық өнім өндіру мен оны өткізудің өрісін кеңейтуді көздейді. Сол мақсатпен қолданыстағы кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік тетіктерін жеке электронды сауда алаңдары, банктер, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктіру қолға алынады.

Цифрлық экономика ауыл шаруашылығы үшін өте тиімді. Өйткені  диқан мен фермер маңдай термен өсірген өнімін сақтау, оны жеткізу, сондай-ақ лайықты бағамен cатуда кейде кедергіге ұшырап жатады. Есесіне, екі ортада жүретін алыпсатар делдалдар арзанға алып, үстіне қосып сатады. Сөйтіп өнім бағасы базарға жеткенде шарықтап кетеді. Ал әлгі электронды сауда алаңдары, яғни маркетплейстер мен сауда желілерінде тауарды тікелей тұтынушыға жеткізуге жағдай жасайды.

Кешенді жоспар осы мәселеде жергілікті атқарушы органдардың да міндетін айқындап берген. Әкімдіктер болашақтағы сауда-саттықтан түсетін табыстың есебінен фермерлерді қаржыландыру жайын қарастыруы тиіс. Бұл іске Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды, өңірлік даму институттары мен қаржы ұйымдарын тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, Үкімет пен әкімдіктер ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау, бір жерге топтастыру, сатуға дайындау, сауда желілері мен маркетплейстерге немесе тікелей тұтынушыға жеткізу сияқты шаруаны атқаруға да көмектеседі.

Халықтық цифрлық экономикаға көшуде тағы бір маңызды бағыт — ауылдағы кәсіпкерлерді электронды сауда алаңдарымен жұмыс істеуге үйрету. Сол мақсатпен кеңес беру, тауарды орналастырып, маркетплейсте сатуды жолға қою сияқты практикалық шаралар ұйымдастырылады. Жергілікті билік орындары мемлекеттен жәрдем алған ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің электронды сауда орындарына шығуына да қолғабыс көрсетеді.

Экономикалық һәм әлеуметтік тұрғыдан маңызы зор осы жүйе еліміздің цифрлық мемлекетке көшуге бағытталған стратегиясының ойдағыдай жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Талап Тілеген

Бүгін, 13:36
Цифрлық экономика бүкілхалықтық сипат алады
Бүгін, 13:06
Асхат Ескендіров: Азаматтардың 79,9 пайызы сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлауға дайын
26 қараша, 14:05
Мұхит Асанбаев: Қазақстанның жаһандық бастамалары әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруға қызмет етеді
26 қараша, 13:54
Думан Қаптағаев: Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 254 аумақ тазартылды
26 қараша, 12:28
Көкжиегі кеңейе түскен «eGov» пен «Aitu»
25 қараша, 16:30
Шымкент: Жұмыспен қамту 99,1 пайызға жетті
25 қараша, 13:54
Олжас Сапарбеков: Экономиканың энергия сыйымдылығы 4,1 пайызға төмендеді
24 қараша, 15:55
АЭС - таза энергияның сенімді көзі
24 қараша, 15:31
Басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу