
Цифрландыру жүйесінен ақжолтай жаңалық! Қазақстан БҰҰ Электронды үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-ші орыннан 16-шы орынға көтеріліп, тұңғыш Жоғары рейтинг санатына қосылды. БҰҰ өзінің есебінде мұны көшбасшы-мемлекеттер арасындағы ірі жетістік деп бағалады. Айта кетейік, EGDI-ге электронды үкіметі ең дамыған әлемдегі 21 мемлекет кіреді. Қазақ елі енді цифрлық дамуда биік белесті бағындырған Корея, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония сияқты мемлекеттермен бір санатта. Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан соңғы екі жылда Швеция, Германия, Австрия, Жапония және Жаңа Зеландия елдерді басып озды. Сонымен қатар, өңірде де көш басындамыз. Толағай табыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру, сондай-ақ басқару жүйесіне жасанды интеллекті жан-жақты енгізуді көздейтін тапсырмасының жемісті нәтижесі екені анық.
Электронды үкімет пен цифрлық қызмет көрсетудің өрісін кеңейтуде «eGOV 3.0» платформасына артылар жүк аз емес. Таяуда Астанада өткен «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық форумына қатысушылар да аталған платформаны жетілдіру және ЖИ мүмкіндіктерін пайдалану өз тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Осы арада айта кетейік, биылғы тамыз айында іске қосылған «eGOV 3.0» жүйесіне мемлекеттік қызмет көрсетудің тағы 176 түрін енгізу көзделіп отыр.
Жалпы ЖИ технологиялары қолданушының өзіне қажетті қызмет түрін іздейтін үлгіден (модель) әрбір сатыда қажетті нәтижеге жеткізетін цифрлық жүйеге өтуіне жол ашады. Мұндай қағида қазірдің өзінде «eGov GPT» арқылы «eGov Mobile» жүйесінде жүзеге асырылуда. Конференцияда мемлекеттік қызметтің 55 түрін осы «eGov GPT-ден» алуға болатыны және 455 мыңнан астам адамның платформа қызметін пайдаланғаны жария етілді.
Енді дамыған цифрлық сервистің игілігін кәсіпкерлер де көреді. Қазіргі таңда бизнес өкілдеріне барлық қажетті мемлекеттік қызмет түрлері, цифрлық сервистер және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды қамтитын бірыңғай «eGov Business» кеңістігі қалыптасты. Осы сервисті 44 мың кәсіпкер пайдаланып отыр. Осы жерден 40-тан астам мемлекеттік қызмет түрін, шағын және орта бизнеске арналған лицензиялар, компанияға қатысты мәліметтер мен оған қатысты құжаттарды алуға болады. Цифрлық жүйені қолданушылар QR-кодпен 410 мың құжатқа қол қойды. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, биометриялық айқындау арқылы 28 мың электронды цифрлық кілтті пайдаланған. Форумда бұл жайында пікір білдірген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Шыңғыс Оразәлімов «кәсіпкер бір қосымша арқылы барлық қызмет түріне қол жеткізетін күн алыс емес» дейді. Атап айтқанда, цифрлық құрылтай құжаттары жүйесі жетілдіруде. Сол бойынша ЖШС-нің Жарғысын жасап, оған қол қоюға, тіпті болашақта енгізілген өзгерістерді онлайн жүйесінде сақтауға болады. Ш. Оразәлімов тағы бір жағымды жаңалығымен бөлісті. Қазір «FinTech» сервистерімен бірлесе, тура сол қосымшада банк картасын шығару қолға алынып жатыр екен.
Шетелдіктер Қазақстандағы цифрландырудың қарқыны мен қарымына қызыға қарайды. «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық форумына арнайы келген Грузия Цифрлық басқару агенттігінің төрағасы Сандро Цирекидзе «eGov 3.0.» платформасын дамытуда еліміздің елеулі жетістікке жеткенін айта келе: «Біз Қазақстанның осы саладағы тәжірибесі тағылымды деп білеміз. Әсіресе, азаматтардың мемлекеттік қызмет түрлеріне қол жеткізуде жасанды интеллектіге деген көзқарас сүйсіндірмей қоймайды. Біз осы тәжірибені жан-жақты зерттеп, оны Грузияда қолдануды қарастырғымыз келеді», — дейді.
Ел Үкіметі цифрлық технологияны тек қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлер ғана емес, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік қызметшілердің де кең қолдануына зор көңіл бөліп отыр. Бұл ретте «Aitu» ұлттық мессенжерінің аса тиімді платформаға айналғаны көпшілікке мәлім. Осы аптада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі аталған платформаға тіркелгендер саны 7 миллионға жуықтап, күн сайын сервисті 350 мыңдай адам пайдаланатынын хабарлады. Мемлекеттік 55 қызмет түрін алуға мүмкіндік беретін «eGov ChatGPT» қызметі «Aitu-да» қолжетімді. Ұлттық мессенжердің тағы бір тиімді тұсы – платформаны пайдаланушылар мобильді интернет үшін ақы төлемейді. Енді жыл соңына дейін электронды үкіметтегі сұраныстың 75-80 пайызын осы сервиске қосу жоспарланып отыр.
Талап Тілеген