jasqazaq.kz

Данияр Жанжұменов: Әскери бөлімдерде тәуелсіз әскери кеңесшілер институты құрылады

Бүгін, 12:42

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Қарулы күштерді жаңғыртуға бағытталған кешенді әскери реформа қолға алынды. Ауқымды өзгерістер әскери басқару жүйесінен бастап, сарбаздардың кәсіби даярлығы мен құқықтық қорғалуына дейінгі барлық саланы қамтиды. Реформа аясында отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытуға, ұшқышсыз құралдарға қарсы жүйелер өндіруге, ұрыс қимылдарын модельдейтін симуляциялық бағдарламалар мен жасанды интеллектіні енгізуге басымдық берілмек. Сондай-ақ келесі жылы пилоттық режимде іске қосылатын мерзімді әскери қызметтің жаңа екі кезеңді моделі таныстырылып, әскери бөлімдерде тәуелсіз әскери кеңесшілер институтын құру жоспарланып отыр. Осы және өзге де жаңалықтармен Қорғаныс министрлігі аппараты басшысының орынбасары Данияр Жанжұменов Jas Qazaq тілшісіне бөлісті.

– Данияр Талғатұлы, қорғаныс саласындағы реформа қандай басты бағыттарды қамтиды және армияны технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру қалай жүзеге асырылмақ?

– Президент тапсырмасы бойынша басталған кешенді әскери реформа Қарулы күштердің құрылымын, әскери басқару жүйесін, әскерлердің даярлығын, әскери қызмет өткеру тәртібін және әскери қызметшілердің құқығын қорғау мәселелерін толық қамтиды.

Бүгінде заманауи соғыс жүргізу тәсілдері түбегейлі өзгерді. Сондықтан технологиялық қайта жарақтандыру отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытумен, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл құралдарын өндірумен, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізумен қатар жүзеге асырылмақ. Бұл отандық армияның мобильділігі мен технологиялық дербестігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әскерлердің дайындық сапасын арттыру және әскери оқу-жаттығуларды өткізуге жұмсалатын қаржылық шығындарды азайту мақсатында ұрыс қимылдарын нақты модельдеуге мүмкіндік беретін заманауи симуляциялық бағдарламаларды енгізу көзделіп отыр. Енді әскери қызметшілердің жаңа тактиканы меңгеруін және заманауи қару-жарақ үлгілерін қолдануын ескере отырып, олардың өз бетінше де, бөлімшелер құрамында да сенімді әрі жедел әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

– Мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді моделіне көшу жоспарланып отыр. Осы жаңа жүйенің ерекшелігі неде және сарбаздарға қандай мүмкіндіктер береді?

– Иә, біз мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді моделіне көшуді жоспарлап отырмыз. Оның мәні — алғашқы алты айда сарбаздар арнайы оқу орталықтарында бастапқы әскери даярлықтан өтіп, шет тілдері мен жасанды интеллектіні меңгереді, сондай-ақ сұранысқа ие әскери және азаматтық мамандықтарды игереді. Ал келесі алты айда олар тікелей әскери бөлімдерде жауынгерлік даярлығын жетілдіреді. Бұл – жастардың әскердегі бір жылын барынша пайдалы өткізіп, азаматтық өмірге нақты кәсіппен оралуына жасалған қадам. Аталған модельдің пилоттық жобасын 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы мен қызмет жағдайларын жақсарту – басты назарда. Осы мақсатта әскери бөлімдерде тәуелсіз әскери кеңесшілер институтын құру көзделген. Бұл әскери ортадағы ашықтықты арттырып, сарбаздардың құқықтарын қорғаудың пәрменді тетігіне айналады. Бұдан бөлек, сарбаздарды сапалы тамақпен және заманауи киім-кешекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ казармалар мен оқу нысандарын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жоспарлануда.

– Халықаралық әскери ынтымақтастық еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қандай үлес қосып отыр?

– Халықаралық әскери ынтымақтастық Қазақстанның қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға тікелей бағытталған. Шетелдік әріптестермен өткізілетін бірлескен оқу-жаттығулар мен өзара тәжірибе алмасу біздің әскери қызметшілеріміздің кәсіби даярлығын шыңдап, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімделуге және еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын берік қорғауға мүмкіндік береді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 12:42
Данияр Жанжұменов: Әскери бөлімдерде тәуелсіз әскери кеңесшілер институты құрылады
24 қараша, 15:55
АЭС - таза энергияның сенімді көзі
24 қараша, 15:31
Басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу
23 қараша, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
23 қараша, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
23 қараша, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті