jasqazaq.kz

АЭС — таза энергияның сенімді көзі

Бүгін, 15:55
Фото: Пресс-служба министерства энергетики РК

Еске сала кетейік, Үлкен ауылында атом электр стансасын (АЭС) салу туралы мәселе көтерілгенде бастаманы ең алдымен жергілікті тұрғындар қолдап еді. Ауылдағы ағайын алып құрылыс елді мекенге оң өзгеріс пен өркениет игіліктерін әкеледі деп үміт артты. Сенімі еш кетпеді. Жуырда ел Үкіметі мұнда 33 мың адам тұратын атом мамандары қалашығы салынатынын хабарлады. Құрылыс қазығы  басқа жерде қағылмайды. Сол ауылдың іргесі кеңейіп, заманауи кентке айналады. Тіпті өзінің әуежайы да болады.

Міне, осы бір мысал АЭС-тің қарапайым жандар үшін қаншалықты  маңызды екенін көрсетсе керек. Әрине, атом стансасының басты мақсаты сол тұрғындарды таза, сенімді әрі тұрақты қуат көзімен қамтамасыз ету екені белгілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа да аз емес.

«Балқаш» атом электр стансасы туралы сөз қозғағанда, әңгімені оның құрылысына қатысты қолға алынған жұмыстан бастаған жөн секілді. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында атом генерациясының мән-маңызына тоқтала келе, құрылыс жұмыстарын алдағы жылы бастауды ұсынды.  Ал Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне жүгінсек, бұған қажетті келісімшарттық негіздер дайын. Агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев биылғы жылы Ресеймен үкіметаралық келісімге қол қойылып, халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде белгіленген «Росатом» корпорациясымен бірлескен жұмыстар сәтті іске асып жатқанын хабарлады. «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС мен «Атомстройэкспорт» АҚ (Росатом-ның еншілес кәсіпорны) арасында жобалау, жабдық жеткізу және құрылысты қамтитын EPC(Engineering, Procurement and Construction) – келісімшартына қол қойылды.  

Жобаға сәйкес, алғашқы атом электр стансасы әрқайсысы 1200 мегаватты құрайтын екі энергоблоктан тұрады. Мамандардың есебі бойынша, осы екі блок еліміздегі бүкіл электр қуатының 20 пайызын өндіреді. Бұл экология мен адам денсаулығы ғана емес, тұрақты энергиямен қамтамасыз етілетін өндіріс ошақтары үшін де тиімді фактор.

Бүгінде шетелдік тұтынушылардың таза әрі экологиялық өнімге ден қоятынын ескерсек, атом энергетикасының дамуы отандық тауар өндірушілердің халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, АЭС еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі тұрғысынан алғанда стратегиялық мәнге ие. Қарқынмен дамып жатқан экономиканы, соның ішінде, өнеркәсіпті, инфрақұрылым, ЖИ және цифрландыру сияқты салалардың сенімді де тұрақты электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, өндірістің жаңа секторлары мен заманауи технологияларды игеруге де септігін тигізетінін айтқан абзал.

Болашақ атом электр стансасында қауіпсіздік талаптары басты назарда болады. А. Сәтқалиев бұл ретте Халықаралық атом энергиясы агенттігімен тығыз қарым-қатынас орнатылғанын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан осы агенттіктің атомды бейбіт мақсатта пайдалануды көздейтін бағдарламаларына қосылған. Сонымен қатар, жыл сайын сарапшылар мен бақылаушылармен кездесу өткізіледі. Халықаралық агенттікпен ынтымақтастық елімізде бойы көтеретін екінші «Мойынқұм» атом электр стансасы жобасын іске асыруда да оң жемісін берері анық. Жалпы, Қазақстан атом энергетикасына айрықша мән беріп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елімізде үшінші АЭС салу қажеттігін мәлімдеуі осы пікірді растай түседі. 

АЭС тек жаңа энергетикалық қуат көздері ғана емес, білгір физиктер, ядролық қауіпсіздік мамандары жұмыс істейтін жоғары технологиялық өндіріс ошағы. Сондықтан аталған салаға қажетті отандық маман дайындау мәселесі де өзекті. Сол мақсатпен қазірдің өзінде көптеген жастар бірқатар жоғары оқу орындарында ядролық энергетика мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Әңгімені түйіндей келе, елімізде атом энергиясын игеріп, бейбіт мақсатта пайдалану ісінде кешенді көзқарас қалыптасқанын айтқан абзал.  Бұған қазірдің өзінде болашақ атом стансаларын жеткілікті уран қорымен қамтамасыз етуге кірісуі — нақты дәлел.

Срайыл Смайыл

Бүгін, 15:55
АЭС - таза энергияның сенімді көзі
Бүгін, 15:31
Басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу
23 қараша, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
23 қараша, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
23 қараша, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды