
Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер қайтарылды.
Биыл ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 1 млн гектардан астам жерге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 1,3 млн гектардан астам ауыл шаруашылығына арналған жер мемлекет меншігіне өтті.
Айта кеткен жөн, бос жатқан жерді мемлекетке қайтарумен жұмыс бітпейді. Әрмен қарай ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, яғни ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз етіп, аграрлық өндірісті дамыту міндеті жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы қыркүйек айында қайта бөлінген жердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарды құраған. Оның 5,5 млн гектары мал жаюға және ортақ жайылым тапшылығын жою мақсатында жергілікті тұрғындарға беріліпті. Ал 8 млн гектар аумақ агроөнеркәсіп кешен субъектілеріне байқау негізінде ұсынылған.
Жер заңнамасының сақталуын қадағалаумен қоса, жерді белгіленген мақсатта, тиімді пайдаланатындарға жағдай жасау жағы да шет қалмайды. Арнайы құрылған жұмыс тобы тарапынан жер телімдері құқығын ұзарту рәсімдерін жеңілдету, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімін регламенттеу сияқты әдістемелік кеңестер бекітілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді қалпына келтірумен қоса, оны сақтау және тиімді пайдалану бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, топырақты тексеруге, тозған учаскелерді анықтауға және мониторинг жасауда цифрлық құралдарды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді.
Айталық, 2025-2026 жылдары 114 млн гектар жердың тозуын анықтайтын электронды карта құрылған. Зерттеу кезінде 2,7 млн гектар жердің тозуға ұшырағаны белгілі болды. Алынған деректер жер жағдайын бағалауға, тозудың алдын алуға, топырақ құнарын сақтауға арналған іс-шараларды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жерді қайтару және оны қайта бөлу жұмыстары бірнеше ақпараттық жүйе, соның ішінде zherreskarta.kz және «Жер инспектор» жүйесі арқылы қадағаланады. Соған қарап қай аймақта қанша гектар жердің қайтарылғаны, қайта бөлінгені не бөлінбегені тайға таңба басқандай көрініп тұрады.
Жалпы жер қатынастарын жетілдіру ісінде цифрландыру тетіктеріне айрықша мән беріліп отыр. Мәселен, келесі жылдың 1 қаңтарынан жер учаскелерін бөлуді электронды форматта жүзеге асыру көзделген. Байқауды цифрлық платформа арқылы өткізу адам факторының ықпалын азайтып, қолданыстағы жер комиссиясының жұмысынан бас тартуға мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық платформа алдымен Ақмола және Жетісу облыстарында кешенді сынақтан өткізіледі.
Сөз соңында жуырда жария етілген жағымды жаңалыққа тоқтала кетейік. Еліміз қалпына келтіру жұмыстарымен қамтылған жер аумағы бойынша әлемде үшінші орынға жайғасты. БҰҰ баяндамасында айтылғандай, қазір бізде 8,13 млн гектар жерді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Бұл — елдегі жалпы жер көлемінің 3 пайызы. Алдын ала мәлімет бойынша, бірінші орында Қытай (127,4 млн гектар, екінші орында Моңғолия (12,18 млн гектар) тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта да жерді мемлекет меншігіне қайтару, тозған алқаптарды қалпына келтіру, тиімді пайдалану жұмыстарын жалғастырады.
Наргүл Мырзахмет