
Алматы экологиясын жақсарту, ауаның ластануын азайту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта көмірді пайдалануды кезең-кезеңімен қысқарту, кәсіпкерлік нысандарға экологиялық талаптарды күшейту, суды үнемдеу технологияларын енгізу және ауа сапасына тұрақты мониторинг жасау қолға алынған.
Жуырда «Алматы – таза ауа» акциясы шеңберінде «Eco Almaty» ЖШС мамандары Түрксіб ауданындағы қоғамдық тамақтану орындарын, кәуапханаларды, дүкендер мен өзге де коммерциялық нысандарды аралады. Олар кәсіпкерлерге отын түрлерін пайдалану, мангалды қолдану және ауа тазарту жүйесін орнату туралы талаптарды түсіндірді.
Санитариялық нормаларға сәйкес, тұрғын және өзге де ғимараттардың ішінде орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында көмір мен отын жағатын мангал мен тандырды пайдалануға жол берілмейді. Мұндай нысандарда тағам дайындау үшін газ немесе электр жабдықтарын, сондай-ақ түтінді тазарту жүйелерін қолдану қажет.
Кәсіп иелеріне келесі жылдың қаңтарынан бастап газдандырылған аудандарда жаңа экологиялық шектеулер күшіне енетіні де ескертілді. Осыған байланысты мамандар кәсіпкерлерге табиғи газға алдын ала көшуді ұсынды.
Тексеру кезінде абаттандыру талабын бұзған бір кафеге 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Жалпы жыл басынан бері Алматыда осындай 11 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,2 миллион теңгеге жеткен.

Алматы экологиясын жақсартудың бір тетігі – қатты отыннан бас тарту және көмір базаларын қала аумағынан көшіру. Осы мәселе ведомствоаралық экологиялық комиссияның отырысында қаралды.
Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін қалалық көмір базаларына теміржол арқылы көмір жеткізуді тоқтату және қолданыстағы алаңдардың жалдау шарттарын бұзуды аяқтау көзделген. Көмір базаларын Алматыдан Алматы облысына көшіру жұмыстары осы тапсырма аясында жүзеге асырылуда.
Кәсіпкерлік нысандарды қатты отыннан газға көшіру жұмыстары жалғасуда. Қаладағы көмір мен басқа да қатты отынды пайдаланатын 2 395 нысанның 1 879-ы табиғи газға ауысқан. Ал қалған 516 нысан әлі де қатты отын түрлерін қолданады.
Жеке тұрғын үй секторын газдандыру деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш үйлерді табиғи газға қосуға қажетті техникалық мүмкіндіктің бар екенін білдіреді.
Аталған шаралар атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды азайтуға және Алматыда төмен эмиссиялы аймақты (LEZ) кезең-кезеңімен енгізуге бағытталған. Мұндай бастамалар қаланың экологиялық саясаты аясында көлік пен кәсіпкерлік нысандарынан бөлінетін ластаушы заттарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Қаладағы экологиялық жұмыстар тек ауаның тазалығымен шектелмейді. Су ресурстарын тиімді пайдалану да басты назарда. Осы бағытта «Алматы Су» кәсіпорны су тұтыну көлемін бақылауды күшейтіп, автокөлік жуу орындарына тексеру жүргізуде.
Әуезов ауданындағы барлық 60 автожуу орны қамтылған тексеру нәтижесінде нысандардың 90 пайызы айналымды сумен жабдықтау жүйесін пайдаланатыны анықталды. Бұл технология суды тазалап, оны қайта қолдануға мүмкіндік береді. Осылайша су ресурстарының шығынын азайтып, қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге жағдай жасалады.
Ал қалған жеті автожуу орнында мұндай жүйелер енгізілмеген. Сондықтан бұл нысандар су беру жүйесінен ажыратылды. Су беруді қайта қалпына келтіру үшін кәсіпкерлер қажетті жабдықтарды орнатып, олардың жұмысын тексеруден өткізуі тиіс.
Алматының өзге аудандарында да тексеру жұмыстары жалғасады. Әсіресе, су құбырларына заңсыз қосылу деректеріне ерекше назар аударылмақ.
Алматыдағы экологиялық ахуалды бағалауда мониторинг жұмыстарының да маңызы зор. 15 қарашада өткен City Run бұқаралық жүгіру жарысы кезінде «Eco Almaty» мобильді зертханасы қала орталығындағы ауаның сапасын тексерді.
25 елден келген 2 500 қатысушыны біріктірген спорттық іс-шара барысында өлшеу жұмыстары жарыс басталғанға дейін, өту кезінде және аяқталғаннан кейін жүргізілді. Мамандар көміртек тотығы (CO), азот диоксиді (NO₂), шаң, күйе және озон секілді көрсеткіштерді бақылаған. Нәтижесінде тексерілген барлық көрсеткіш рұқсат етілген шекті нормалар шегінде болған.
Жарыс бағыты 28 сәуірден бастап пилоттық режимде жұмыс істеп келе жатқан төмен эмиссиялы аймақ арқылы өтті. Аталған аймақтың келесі жылдан бастап тұрақты жұмыс істеуі жөніндегі шешім пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша қабылданады.
Жарыс кезінде 10 шақырымдық қашықтық өтетін көшелер автокөлік қозғалысы үшін уақытша жабылды. Бұл шара жаппай спорттық іс-шара өткізуге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көлік шығарындыларының уақытша азаюына да ықпал етті.
Сонымен қатар «Бірінші болуға батылдық» қоры экологиялық бастамаларды қолдап келеді. 2026 жылы спорттық жарыстар барысында 2,5 тоннадан астам қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, 4,4 тонна киім қайталама пайдалануға жиналған.
Айта кетейік, City Run Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Талап Тілеген
Сурет: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі