
«Ағаш тамырымен, адам досымен мықты». Халқымыздың байырғы мақалы қазақ пен әзірбайжанның мызғымас достығына қаратып айтылғандай. Бауырлас халықтардың ынтымағы Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы берік стратегиялық серіктестіктің негізін қалады.
Міне, содан болар, Қазақстанның сыртқы саясатында Әзірбайжан Республикасының алар орны айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін Әзірбайжанның ерекше ел, бауырлас мемлекет екенін, бізді ортақ тарихи тамырластық, бай рухани – мәдени мұра біріктіретінін атап өтті. Президент осыған орай «Менталитетіміз бен ұстанымдарымыз да ұқсас. Санқырлы ынтымақтастығымыз осы мызғымас құндылықтар негізінде дамып келеді» деді.
Қазақстан мен Әзінрбайжанның саяси қарым-қатынасы жоғары стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген. Екі жақты байланыстар қарқынмен дамып жатыр. Екі елді сыртқы саясаттағы ұстанымы ұқсас: мемлекеттік егемендікке құрметпен қарау, өзара тиімді ынтымақтастық және сан-салалы ықпалдастық. Бұл аймақтық және БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Каспий жағалауы елдері ынтымақтастығы сияқты халықаралық форматтарда үйлесімді әрекет етудің берік негізін қалайды.
Соңғы жылдары экономикадағы өзара ықпалдастық айналып, жоғары қарқынмен дамып келеді. Деректерге жүгінсек, биылғы жылдың тоғыз айында (қаңтар-қыркүйек) екі елдің сауда айналымы 306 млн доллардан асты. Айта кеткен жөн, мұның едәуір бөлігін Қазақстан экспорты құрайды. Алдағы меже – өзара сауда-саттық көлемін 1 млрд долларға жеткізу. Дейтұрғанмен, екі елдің экономикалық серіктестігінде қазіргі тренд сауда-саттықтан бірлескен өндірістік тізбектер және инвестиция бойынша жобаларды жүзеге асыруға ойысып жатыр. Мұндай жобалар энергетика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ көлік-логистика салаларында көптеп кездеседі. Соның бірі – өткен айда Каспий теңізінің табаны арқылы өткен Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ). Ол Ақтау мен Сумгайыт қалаларын байланыс жүйесі арқылы бір-бірімен жалғап қана қоймай, сонымен бірге, Азия мен Еуропа арасында жаңа цифрлық көпір орнататын бірлескен жоба ретінде белгілі.
Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың да өрісі кеңейді. Бұл ретте түрлі өнімдерді әлемдік базарларға жеткізуде Орта дәліздің рөлі арта түскенін айтқан жөн. Ақтаудан Бакуге, одан әрі Әзірбайжан аумағы арқылы ғаламдық нарықтарға апаратын Транскаспий халықаралық көлік бағытымен жүк тасымалы көлемі барған сайын өсіп келеді. Өткен жылы осы бағытпен тасымалданған жүк көлемі 4,1 млн тоннаны құраса, биылғы 9 айда көрсеткіш 30 пайызға өсті. Сондай-ақ, Қытайдан Батысқа қарай бет алатын транзиттік контейнер тасымалы 64 пайызға көбейген.
Азия мен Еуропаны жалғайтын аталған дәліз бірден бір транзиттік күретамыр ретінде еліміздің транзиттік әлеуетін еселей түсті. Соңғы жылдары Қазақ мұнайын Баку-Тбилиси-Жейһан (БТЖ) құбыр желісімен тасымалдау қолға алынды. Қара май Ақтаудағы айлақтан Бакудегі Сангачал портына жеткізіледі. Содан кейін БТЖ құбыр желісіне қосылып, Әзірбайжан, Грузия және Түркия аумақтары арқылы Жейһан портына ұласады. Қазір тасымал көлемі 2 млн тоннаға жуықтайды. Әзірбайжан басылымдары жазғандай, келешекте бұл көрсеткішті 7 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Әзірбайжанмен теңіз тасымалына қажет паром жасау бойынша ынтымақтастық та өз жемісін беріп жатыр. Қазіргі таңда Бакудегі зауытта Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің серіктес-компаниялары 4 кемені жасап жатыр. Жоба, сөз жоқ, еліміздің теңіз сауда флотының әлеуетін арттыра түседі.
Шағын мақалада Қазақстанның сыртқы саясатында Әзірбайжанмен қарым-қатынастың бір парасына тоқталдық. Шын мәнінде бауырлас елмен ынтымақтастықтың ауқымы әлдеқайда кең әрі сан қырлы.
Талап Тілеген
Сурет: sputnik.kz