
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде құлашын кең жайды. Қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жалпыұлттық қозғалыс өз нәтижесін беруде.
Еліміздің ірі мегаполисі — Алматыда «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бағытта қалада 2025 — 2029 жылдарға арналған 45 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, экологиялық жауапкершілік пен ағарту ісіне басымдық берілген. Биылғы 23 наурыздан бері Алматының 254 аумағын қамтыған 26 сенбілік ұйымдастырылып, 43,5 мың текше метр қоқыс шығарылды.
Алматы қаласындағы тазалық акцияларының нақты нәтижелері туралы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Думан Қаптағаев Jas Qazaq тілшісіне баяндап берді.
– Думан Ерқатұлы, «Таза Қазақстан» – барша азаматтарды ортақ мақсат жолында біріктіретін маңызды қоғамдық бастама. Осы орайда Алматыда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру қандай стратегиялық жоспар негізінде жүргізіліп жатыр?
– Қалада «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2025-2029 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспар экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру, экологиялық ағарту және халықты ақпараттандыру бойынша үш негізгі бағыттағы 45 іс-шараны қамтиды.
Тұрғындар арасында табиғатқа деген жанашырлықты арттыру үшін ақпараттық сүйемелдеуге ерекше мән беріп отырмыз. Мәселен, жыл басынан бері экологиялық іс-шаралар мен акцияларды насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 6,5 мыңнан астам материал жарияланды.
– Жыл басынан бері өткізілген сенбіліктер мен тақырыптық акциялардың нақты көрсеткіштері қандай?
– «Наурызнама» онкүндігі мен «Тазару күні» аясында аумақтарды тазарту, абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ», «Таза су айдындары» акциялары ұйымдастырылды.
Жалпы, 2026 жылғы 23 наурыздан бастап «Таза Қазақстан» акциясы аясында 254 аумақты қамтыған 26 сенбілік өткізілді. Бұл іс-шараларға барлығы 231 мың адам қатысып, 7 994 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде көшелерден, аулалардан, өзен арналарынан және қараусыз қалған аумақтардан 43,5 мың текше метр қоқыс пен қалдық шығарылып, қала аумағына 8 866 жасыл желек отырғызылды.
– Халықаралық деңгейдегі «World Cleanup Day» акциясы Алматыда қалай өтті? Қала тұрғындары мен еріктілердің белсенділігі қандай деңгейде болды?
– Биыл 19 қыркүйекте «World Cleanup Day» – Дүниежүзілік тазалық күні халықаралық экологиялық акциясы аясында мемлекеттік және жеке ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының қатысуымен ауқымды жалпықалалық сенбілік өткізілді.
Аталған сенбілік барысында 51 гектар аумақ тазаланып, оған 51 562 адам қатысты. Оның ішінде 17 мың мемлекеттік орган қызметкері, 9,5 мың ерікті және 25 мыңнан астам қала тұрғыны бар. Тазалық жұмыстарына 1 200 бірлік арнайы техника тартылды. Бір күндік ауқымды жұмыстың нәтижесінде 10 689 текше метр қоқыс пен қалдық жиналып, шығарылды, сондай-ақ 1 050 түп ағаш отырғызылды. Қала аумағының тазалығын қамтамасыз ету, көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық