
Елімізде экономиканың энергия сыйымдылығын азайту жұмысы нақты нәтиже бере бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы 4,1 пайызға төмендеді, ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 2021 жылғы деңгейден 10 пайызға азайту көзделген. Міндетті энергетикалық тексеруге жататын 512 өнеркәсіптік кәсіпорынның 337-сі аудиттен өтті. 2016 жылдан бері автоматтандырылған жылу бекеттерімен және энергия үнемдейтін жарықпен жабдықталған 17 309 көп пәтерлі үй пайдалануға берілді. Жаңа Құрылыс кодексі бойынша жаңа ғимараттардың жобасы энергия тиімділігінің «С» сыныбынан төмен болмауы тиіс.
Өнеркәсіптегі энергетикалық аудит және құрылысқа қойылатын жаңа талаптар туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековпен Jas Qazaq тілшісі сұхбаттасты.
– Олжас Сапарбекұлы, энергия үнемдеу саласында мемлекет қандай меже қойып отыр және оған қаншалықты жақындадық?
– Негізгі құжат – 2023–2029 жылдарға арналған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамыту тұжырымдамасы. Оны әзірлегенде әлемдік озық тәжірибені ескердік. Тұжырымдамада нақты меже көрсетілген: экономиканың энергия сыйымдылығын 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 10 пайызға төмендету. Межелі көрсеткіштің едәуір бөлігі орындалды, қалғанына жетуге де негіз бар деп санаймыз.
Өнеркәсіптегі өзгеріс те байқалады. 2021 жылдан бері түпкілікті энергия тұтынудағы өнеркәсіптің үлесі 9,5 пайызға қысқарды. Мұның себебі мемлекеттік реттеу шараларында жатыр. Кәсіпорындар міндетті энергетикалық аудиттен өтіп, энергия менеджменті жүйесін енгізді, өндірістік қуатын жаңғыртты.
– Кәсіпорындарға қандай талап қойылады? Аудит іс жүзінде не береді?
– Міндетті энергетикалық тексеруге 512 өнеркәсіптік кәсіпорын жатады, оның 337-сі аудиттен өтті. 239 кәсіпорын 2026–2030 жылдарға арналған энергия үнемдеу іс-шаралары жоспарын бекітті. Қалған 175 кәсіпорында аудит 2027–2029 жылдары жүргізіледі.
Аудиттің өзіне қойылатын талаптарды да күшейттік. Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидаларына өзгеріс енгізілді. Енді аудит кезінде технологиялық процестер мен жабдықтың тиімділігі егжей-тегжейлі бағаланады, кәсіпорынның энергия тұтынуды қанша көлемде азайта алатыны есептеледі. Сатып алу кезінде энергия тиімділігі талаптары қолданылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбесі де жаңартылды.
Ірі кәсіпорындардың қатысуымен «Өнеркәсіптегі энергия тиімділігі» медиажобасын жүргізіп жатырмыз. Онда бизнестің энергия тұтынуды азайту бойынша қолданған нақты шешімдерін көрсетеміз. Басқа компаниялар бұл тәжірибені өз өндірісінде пайдалана алады.
– Тұрғын үй мен мемлекеттік мекемелерде не өзгерді? Жаңа салынатын үйлерге қандай талап бар?
– Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2016 жылдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін 17 309 көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың барлығы автоматтандырылған жылу пункттерімен және энергия үнемдейтін жарықтандырумен жабдықталған. Бюджеттік секторда 665 ұйымда автоматтандырылған жылу пункті орнатылған. Мемлекеттік мекемелердегі 4,67 млн жарық нүктесінің 2,16 миллионнан астамы – жарық диодты шамдар.
Жаңа Құрылыс кодексі аясында ғимараттарға қойылатын талап күшейіп жатыр. Жаңадан салынатын және қайта жаңартылатын нысандардың жобалау құжаттамасы энергия тиімділігінің «С» сыныбынан төмен болмауы керек. Бұл талаптың орындалуын кешенді ведомстводан тыс сараптама тексереді.
Сонымен қатар жобалаудан кейінгі талдау тетігі енгізілуде. Жобада мәлімделген энергия тиімділігі сыныбы ғимарат пайдалануға берілгеннен кейінгі нақты энергия тұтынумен салыстырылады. Сонда қағазда жазылған сынып пен үйдің шын мәнінде қанша энергия жұмсайтыны сәйкес келе ме, соны анық көреміз.
– Энергия үнемдеу көбіне тұрғындардың әдетіне де байланысты. Бұл бағытта тұрғындармен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
– Энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыруды жеке бағыт ретінде бөліп алдық. Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының қолдауымен 2025–2026 жылдары тұрғын үй секторына арналған ақпараттық науқан жүріп жатыр. Материалдар 106 алаңда орналастырылды, 700-ден астам ақпараттық материал мен бейнеролик жарияланды. Көкшетау мен Алматыда көппәтерлі үйлерді энергия тиімді басқару тақырыбында өңірлік дөңгелек үстелдер өткіздік, оған тұрғындар мен тұрғын үй саласының өкілдері қатысты.
Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігімен бірлескен жоба аясында нөлдік энергия тұтынатын ғимараттарды дамыту, энергетикалық аудит пен энергия менеджментін жетілдіру жөнінде жол картасы әзірленді. Отандық мамандар оқудан өтті, «ENERGYSAVE» республикалық бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды.
Бұл тақырыпты халықаралық деңгейде де көтеріп жүрміз. 12 қарашада Анталияда өткен COP31 конференциясы аясында «Болашақ ғимараттары: энергия тиімділігі, климаттық тұрақтылық және қолжетімділік» тақырыбында сессия болды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық