
Таяуда әлемнің айтулы ақпарат құралдары Қазақстанның жаңа бастамасы туралы жарыса жазды. Бұл жайында басылымдарға пікір білдірген сарапшылар мұның қақтығыстардың алуда тиімді де ықпалды құрал бола алатынын атап өтті. Әңгіме Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII Саммитінде ұсынған Превентивті дипломатия тетігін (механизм) іске қосу жөнінде.
Мемлекет басшысы аталған жиында ғаламдық бейбітшілікті қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналғанына айрықша тоқталды. Атап айтқанда, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Соның салдарынан құқық үстемдігі көлеңкеде қалып барады. Ал күш көрсету үдей түскен қауіпті үрдіспен қатар жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда өткен жылы әлемдегі қарулы қақтығыстардың сан жағынан Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып кеткенінен назар аударды. Былтыр жер-жерде бұрқ еткен 20 қақтығыста 37 мың адам мерт болып, 117 миллионнан астам бейбіт тұрғын босқынға айналды. Тағы бір жайсыз дерек: 266 млн бейбақ ішер асқа жарымай отыр.
Осылайша, ұзақ жылдар бойы жер-жиһандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси-күш-жігер өзінің жемісі мен нәтижесін жоғалтты. Сол себепті, Азия атырабына мықты да тегеурінді институттар қажет болып тұр. Сонымен қатар, бітпейтін жиындарда игі ниетке толы декларация қабылдайтын дәстүрдің заманы өтті.
Қазақстан басшысының пікірінше, АӨСШК Азия мен басқа аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде белсенді рөл атқаруы тиіс. Президент осыған орай, «Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек» деді.
Мұны тарқатып айтсақ, кез келген даулы түйінді шиеленіс пен қақтығысқа жеткізбей, өзара мәмілемен шешудің жолын тапқан жөн. Әйтпесе, қазақтың көне нақылы айтқандай, жау кеткен соң қылышыңды тасқа шапқанмен бірдей. Оның үстіне, қақтығысқа тосқауыл қою оның салдары мен зиянын жоюдан әлдеқайда тиімді әрі арзанға түседі.
Сондай-ақ, Ұйымға мүше мемлекеттер де осы тетік арқылы тұрлаулы шешім қабылдауға тұрақты түрде атсалыса алады. Тек мәлімдеме қабылдаумен шектелмей, өзара келісілген іс-әрекетке көшеді.
Айта кеткен жөн, аталған Кеңес те Қазақ елінің Азия құрлығында алауыздық пен «қырғи қабақ» ұстанымнан арылуды, шиеленіс пен қарулы қақтығыстың алдын алуды мақсат етіп, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қаматамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған бірегей бастамасы. Бірегей дейтініміз, тіпті, бір-бірімен дүрдараз, ұстанымы «қырғи қабақ» кейбір елдердің басшылары да осы өзара диалог Форумында бас қосып, келелі мәселелерді талқылады. Міне, отыз жылдан бері АӨСШК өзара сенімді нығайту, тиімді нәтижеге қол жеткізу, мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдыру жолында көп шаруа атқарды. Әу баста Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, өзара сенімді арттыруды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог алаңы ретінде құрылған ұйым бүгінде беделді әрі ықпалды Форумға айналды. Бұған дәлел ретінде Ұйымға мүше елдердің Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтитынын, жер бетіндегі тұрғындардың жартысы осында тұратынын айтсақ та жеткілікті. Ал халықаралық институттардың көбі мұндай әлеуеттен кенде. Содан болар, төрт жыл бұрын Астананың диалог алаңының мәртебесін өсіріп, оны Кеңестен толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды көздейтін ұсынысы бірауыздан қолдау тапты.
Қазақ елінің жаһандық бастамаларын сөз еткенде адамзаттың тіршілігіне қатысты тағы бір ұтымды ұсынысына тоқталған жөн. Ол тіршілік нәріне барып тіреледі. Азия мен Тынық мұхиты аймағы су тапшылығына алаңдап отыр. Өйткені ғаламшардағы су қорының небәрі 35 пайызы осы өңірге тиесілі. Соның салдарынан аймақтың сумен қамтылу үлесі жан басына шаққанда әлемде төменгі орында. Қазақстан су ресурстары да ынтымақтастың қайнар көзі болуы тиіс деп есептейді. Еліміз осы мақсатпен БҰҰ жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі түрде үйлестіруді қамтамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде бастама көтерді. Қазақ елі Әзірбайжандағы жиында тіршілік нәрі төңірегіндегі түйткілдерді шешу мақсатымен АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынды. Аталған серіктестік өзара технология алмасу, бірлесе зерттеулер жүргізу және су үнемдеуге мүмкіндік беретін шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Талап Тілеген
Сурет: aqorda.kz