jasqazaq.kz

Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды

Бүгін, 14:19
Сурет: auezov.edu.kz

Ғылыми әлеуетті арттыру, отандық өндірісті дамыту және инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізу – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі. Сондықтан Шымкенттегі Auezov University-де ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға арналған Форсайт орталығы мен заманауи AI Media Studio медиастудиясының ашылуы —  маңызды жаңалық. Мұндай бастама ғылыми зерттеудің практикалық маңызын арттырып, жаңа технологияларды білім беру мен өндіріс саласына кеңінен енгізуге жол ашады.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен және Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп құрылған Форсайт орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Орталық өңір кәсіпорындарының өкілдеріне, жоғары оқу орындарының ғалымдарына, медицина қызметкерлері мен зерттеушілерге ортақ пікір алмасу кеңістігін ұсынады. Мұнда өндіріс орындарының сұраныстары ғылыми зерттеу тақырыптарына айналып, зерттеушілердің тың идеялары нақты жобалар мен технологиялық шешімдерге негіз бола алады.

Орталықтың ашылуына орай ұйымдастырылған форсайт сессиясында аймақ ғылымының басым бағыттары талқыланып, өзекті мәселелерді шешуге арналған ұсыныстар ортаға салынды. Жиынға Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен өндіріс саласының мамандары қатысты.

Форсайт сессиясында университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Ол Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы Жолдауында белгіленген өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және жасанды интеллектіні енгізу міндеттерін атап өтті.

Ректордың айтуынша, аталған міндеттерді өңірлік деңгейде жүзеге асыру үшін ең алдымен кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерін анықтап, сол сұраныстар негізінде ғылыми зерттеулер жүргізу қажет.

Бұл – ғылымның өндіріске қызмет етуін қамтамасыз ететін маңызды тәсіл. Өйткені өндіріс орындарындағы технологиялық, экологиялық және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған зерттеулердің нәтижесі де анағұрлым нақты әрі қолданбалы сипатқа ие болады.

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Шевченко өңірдің ғылыми әлеуетін арттырумен қатар, отандық өнім өндірісін өркендету және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу қажеттігін атап өтті.

Осы орайда сессия барысында ұсынылған жобалардың тақырыптық ауқымы да ерекше назар аудартады. Атап айтқанда, көмірді терең өңдеу, өндірістік қалдықтардан инелі кокс алу, экологиялық қауіп-қатерлерді бағалау, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және медицина саласында жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы ғылыми бастамалар таныстырылды.

Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген. Олардың әрқайсысы ғылыми ізденістерді нақты мәселелерді шешуге бағыттаудың маңызын көрсетеді.

Мәселен, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және олардан қосылған құны жоғары өнім алу экологиялық жүктемені азайтып қана қоймай, жаңа өндірістік мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді. Ал медицинада жасанды интеллектіні пайдалану ауруларды ерте анықтау, диагностикалау және алдын алу бағытындағы зерттеулердің көкжиегін кеңейтеді.

Салтанатты рәсімде Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Ұлттық ғылым академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі тараптың ғылыми әлеуетін біріктіріп, бірлескен зерттеулер мен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.

Іс-шара аясында AI Media Studio интерактивті білім беру медиастудиясы да пайдалануға берілді. Жасанды интеллект құралдарымен және заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа студия оқытушылар мен студенттерге бейнесабақтар, интерактивті материалдар және түрлі цифрлық оқу ресурстарын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Auezov University-де ашылған жаңа құрылымдар – ғылымды қоғам мен өндірістің нақты қажеттіліктеріне жақындатуға бағытталған заманауи бастамалар. Олардың нәтижелі жұмысы ғылыми идеялардың нақты өнімге, технологиялық шешімге және сапалы білім беру ресурсына айналуына жол ашпақ. Бұл – университеттің ғана емес, тұтас өңірдің инновациялық дамуына серпін беретін маңызды қадам.

JQ-Aqparat

Сурет: auezov.edu.kz

Бүгін, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
Бүгін, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр
12 қараша, 14:55
Шымкентте қауіпсіздік инфрақұрылымы кеңейіп келеді