jasqazaq.kz

Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам

Бүгін, 14:06
Сурет: Қорғаныс министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп бекітілген Әскери реформа жоспары еліміздің Қорғаныс стратегиясын жүзеге асыруда аса маңызды құжатқа айналды. Бүгінде қорғаныс министрлігі осы кешенді реформаны жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Әскери реформа жоспары қазіргі заман талабына сай жаңа тұрпатты Қарулы Күштерді құру жолында  қандай өзекті міндеттерді жүктейді? Жастарды Отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде әскери-париоттық тәрбиенің рөлі қандай? Jasqazaq.kz порталы аса маңызды осы сауалдар төңірегінде әскери сарапшы, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұмановпен тілдесті.   

— Марат Серәліұлы, биылғы 21 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Әскери реформа жоспары бекітілді. Алдымен осы кешенді реформаның мән-маңызына тоқтала кетсеңіз.

— Ең алдымен, бұл реформаны еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық маңызы бар қадам деп бағалаймын. Қазіргі геосаяси жағдай, халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі өзгерістер, әскери қақтығыстардың жаңа сипат алуы кез келген мемлекеттің өз қорғаныс жүйесіне жаңаша көзқараспен қарауын талап етеді.

Бүгінгі армия тек сандық көрсеткіштермен бағаланбауы керек. Оның басты өлшемі – жауынгерлік даярлық, басқару тиімділігі, жеке құрамның кәсіби біліктілігі, жоғары технологияларды меңгеруі және кез келген жағдайда жүктелген міндеттерді орындай алу қабілеті.

Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің сапасын түбегейлі өзгертуді міндет етіп қойды. Бұл — өте орынды әрі уақыт талабынан туындаған шешім. Себебі қазіргі заманғы әскери іс-қимылдардың сипаты айтарлықтай өзгерді. Ұшқышсыз ұшу аппараттары, жасанды интеллект, цифрлық басқару жүйелері, барлау және ақпараттық технологиялар әскери саланың ажырамас бөлігіне айналды.

Осы тұрғыдан алғанда, әскери реформаның негізгі мақсаты – заманауи, ұтқыр, технологиялық тұрғыдан дамыған әрі кәсіби армия қалыптастыру. Бұл ретте әскери басқару жүйесін жетілдіру, әскердің құрылымын заман талабына бейімдеу, жаңа технологияларды енгізу және жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыру ерекше маңызға ие.

Меніңше, реформаның тағы бір маңызды қыры – әскери қызметшінің жеке басына, оның өмірі мен денсаулығына, құқықтары мен әлеуметтік қорғалуына ерекше мән берілуі. Өйткені мемлекеттің қорғаныс қабілеті ең алдымен Отан қорғауға дайын, кәсіби әрі өз мемлекетінің қолдауын сезінетін әскери қызметшіге байланысты.

Біздің «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі Мемлекет басшысының Қарулы Күштердің алдына қойған міндеттерін жүзеге асыруға ардагерлердің үлесін арттыру мәселесі үнемі басты назарда ұстайды. Орталық кеңес төрағасы, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев атап өткендей, аға буынның әскери тәжірибесі мен өмірлік өнегесі ел қауіпсіздігі мен Қарулы Күштердің беделін нығайтуда айрықша рөл атқарады.

Сондықтан әскери реформаны тек қорғаныс ведомствосының ішкі өзгерісі деп қарастыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің қорғаныс жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу, армияның әлеуетін арттыру және қоғамның Қарулы Күштерге деген сенімін нығайтуға бағытталған кешенді жаңғыру.

Сурет: Автордан

— Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі әзірлеген әскери реформа жоспары институционалдық өзгерістерді қамтиды. Осыған орай, Қарулы Күштер мен жалпы еліміздің қорғаныс ведомствосының тиімділігін арттыру, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кадр дайындау мәселелерінде қандай шаралар қолға алынады деп ойлайсыз?

— Әскери реформаның нәтижелі болуы бірнеше негізгі бағыттағы жұмыстардың өзара үйлесімді жүзеге асырылуына байланысты деп есептеймін. Бірінші кезекте, әскери басқару жүйесін жетілдіру, командалық құрамның жауапкершілігін арттыру және кадр саясатын жаңарту қажет. Әскери қызметте кәсіби біліктілік, ұйымдастырушылық қабілет, тәртіп пен жеке жауапкершілік басты өлшем болуы тиіс. Қолбасшының беделі оның әскери шеніне ғана емес, біліміне, тәжірибесіне, жеке үлгісіне және қол астындағы жеке құрамға деген жауапкершілігіне байланысты қалыптасады.

Екінші маңызды мәселе – әскери қызметтің қауіпсіздігі. Бұл бағытта формалды есеп берумен шектелмей, нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізу керек.  Әскери бөлімдерде жарғылық тәртіпті сақтау, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, әлімжеттік пен жарғыдан тыс қатынастарға жол бермеу, командирлердің жеке жауапкершілігін күшейту – басты міндеттердің бірі.

Менің ойымша, әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету де реформаның маңызды құрамдас бөлігі болуы керек. Әскердегі әрбір сарбаз бен офицер өз өмірі мен денсаулығының мемлекет үшін құнды екенін сезінуі тиіс. Әскери қызметшілердің отбасыларына да тиісті көңіл бөлінуі керек.

Кадр даярлау мәселесіне келсек, қазіргі армияға жаңа буын әскери мамандар қажет. Болашақ офицерлер тек дәстүрлі әскери пәндерді ғана емес, цифрлық технологияларды, ұшқышсыз жүйелерді басқаруды, ақпараттық қауіпсіздікті, заманауи байланыс құралдарын және жаңа үлгідегі қару-жарақты меңгеруі тиіс. Теориялық білім міндетті түрде практикалық дағдылармен ұштасуы керек.

Сонымен қатар әскери білім беру жүйесінде тәжірибелі офицерлер мен ардагерлердің әлеуетін тиімді пайдаланған жөн. Ардагерлердің жауынгерлік және қызметтік тәжірибесі, әскери басқару саласындағы білімі жас мамандардың кәсіби қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың да маңызды жолы.

Әскери дайындық барысында заманауи оқыту технологияларын, симуляциялық бағдарламаларды және практикалық жаттығуларды кеңінен қолдану тиімді. Жеке құрамның кәсіби даярлығын жетілдірумен қатар, оның психологиялық тұрақтылығы мен төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілетін де дамыту қажет.

Қорыта айтқанда, заманауи техникамен жарақтандырылған армияның өзі білікті кадрларсыз, мықты әскери тәртіпсіз және жауапты командирлерсіз тиімді бола алмайды. Сондықтан реформаның барлық бағыты біртұтас жүйе ретінде жүзеге асырылуы қажет.

Сурет: Автордан

— Жастарды Отан қорғауға деген патриоттық рухта тәрбиелеу де өзекті міндет. Бұл ретте өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруде қандай мәселелерге көңіл бөлген жөн?

— Әскери-патриоттық тәрбие – елдің болашағына, оның ұлттық қауіпсіздігі мен мемлекеттілігінің беріктігіне салынатын инвестиция. Отанды қорғау ұғымы тек әскери қызметпен шектелмейді. Бұл – өз еліне адал болу, оның тарихын, тілін, мәдениеті мен мемлекеттік құндылықтарын құрметтеу, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну.

Жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру үшін құр ұран немесе бір реттік іс-шаралар жеткіліксіз. Бұл бағыттағы тәрбие жүйелі, мазмұнды және нақты өмірлік мысалдарға негізделуі керек.

Біздің халқымыздың әскери тарихы мен жауынгерлік дәстүрлері – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің аса маңызды қайнар көзі. Қазақ халқының ел мен жерді қорғаған батырлары, хандары мен қолбасшыларының ерлігі, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің қаһармандығы, тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қалыптасу тарихы жастарға кеңінен насихатталуы тиіс.

Осы бағытта тарихи тұлғалардың мұрасын сақтау мен насихаттаудың да маңызы зор. Жуырда Орталық кеңестің отырысында мен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің «Жауынгер жолы» кітабын қайта басып шығару жөніндегі ұсыныс жасадым. Жаңа басылымға даңқты қолбасшының Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 60 жыл толуына арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының салтанатты отырысында сөйлеген тарихи сөзін енгізу көзделіп отыр.

Оның алдында Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас», «Соғыс психологиясы» кітаптарын екі тілде шығырып, әскери бөлімдерге таратқан едік. Осындай тарихи мұралар жастарға Отанға адал қызмет етудің, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның нақты үлгісін көрсетеді.

Бұл ретте ардагерлер ұйымдарының рөлі ерекше. Ардагерлер – әскери қызметтің қыр-сырын білетін, өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол, жастарға өнеге көрсете алатын азаматтар. Біздің міндетіміз тек өткенді еске алу емес, әскери дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізу, олардың бойында Отанға деген жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерін қалыптастыру.

Сонымен бірге әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде отбасының, білім беру ұйымдарының, Қарулы Күштердің, ардагерлер және қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс бірлескен әрі жүйелі сипат алғанда ғана нәтиже береді.

Бүгінгі жастарды тек әскери сапқа тұруға немесе нормативтер орындауға үйрету жеткіліксіз. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету, күш-қуат және психологиялық тұрғыдан дайын болу, тәртіп пен жауапкершілікті сақтау дағдыларын үйрету қажет. Сонымен қатар заманауи технологияларды меңгерген, білімді, отаншыл жас ұрпақ тәрбиелеуге басымдық берген жөн.

Тағы бір маңызды мәселе – армия мен қоғам арасындағы сенім. Жастар әскери қызметті күдікпен емес, абыройлы азаматтық міндет ретінде қабылдауы керек. Ол үшін әскери ортада әділдік, өзара құрмет, заңдылық пен қауіпсіздік қағидаттары берік орнығуы тиіс. Әрбір сарбаз Отан алдындағы борышын өтей отырып, өзінің мемлекет қорғауында екенін сезінуі қажет.

Менің ойымша, нағыз патриотизм – туған елін сөзбен сүю ғана емес, оның қауіпсіздігі мен болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын болу.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әбубәкір Смайылов,

әскери журналист

Бүгін, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр
12 қараша, 14:55
Шымкентте қауіпсіздік инфрақұрылымы кеңейіп келеді
10 қараша, 20:03
«COP31»: Әділ, теңгерімді көзқараспен нақты нәтижеге