
Хромтауда колледж студенттерін қағып кеткен жігітің жүргізуші куәлігі болмаған, — деп хабарлайды «Хабар 24».
«ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Яғни заң бұзған азамат «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша жауап береді», — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. Жүргізуші қамауға алынған жоқ.
«20 жастағы автокөлік жүргізушісі көлік тұрағынан жолдың жүру бөлігіне шығып, рөлді басқара алмай, жол жиегінде кетіп бара жатқан «Хромтау тау-кен техникалық колледжінің» студенттері мен кәмелетке толмаған балалар тобын қағып кеткен. Жол апатынан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен, алайда біраз уақыттан соң полиция қызметкерлері оны ұстады. Көлік айып тұрағына жеткізілді», — дейді Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.