
Мен көрген шетелдерде, әсіресе АҚШ сияқты дамыған елдердегі журналистика мүлде бөлек. Мәселен, Америкада журналистер мемлекетке кіріптар емес. Мемлекеттің жұмысын көрсетуге, оларды мақтап, шаруасын нәсихаттауға, тіпті міндетті емес. Өйткені, оларда мемлекеттік басылым, мемлекеттік телеарна деген болмайды. Бәрі жеке меншік. Сондықтан, ондағы журналистер жауырды жаба тоқымайды.
Шетелде журналист нарыққа жұмыс істейді. Нарық деп отырғаным халық. Халықтың көңілінен шығатын хабар тарату әрбір журналистің мақсаты. АҚШ-та журналист ашық әрі шынайы ақпарат таратумен ғана халықтың көңілінен шығады. Халықтың көңілінен шығу – ақша табу дегенді білдірді. Көрілімі жоғары болса, ондай телеарнамен кез келген компания жұмыс істейді. Жарнама береді.
Шетелдегі журналистиканың артықшылығы – еркіндігінде. Еркін жазады, шындықты ғана айтады. Халыққа қажетті ақпаратты толық, әрі шынайы жеткізеді. Болған дүниені жасырып-жауып қалмайды. Билікке, жергілікті әкімшілікке жалтақтамайды. Жалпы журналистикада мемлекеттік тапсырыс алу ауызбастырық іспеттес құбылыс. Өйткені, ақшаны билік бір терезеден берген соң, оған кіріптар газет те, телеарна да бір көзін жауып қарауға, ашық айтпауға, бүркемелеуге мәжбүр. Оған қоса, мемлекеттің тегін ақшасы құйылып жатқан соң, айтпасаң да, ұпайың түгел.
БАҚ-тың билікке кіріптарлығының көптеген салдары болады. Мысалы, қазір Арыста оқ-дәрі жарылып жатыр. Шетелде дәл осындай жағдай болса, журналистер сол жақта қона-түнеп, оқиға орнынан хабар тарататын еді. Халықпен көзбе көз сөйлесіп, қанша адам шығыны болды, қанша үй қирап қалды, қанша бала жоғалды деген сұрақтарға тікелей жауап іздейтін еді. Тіпті, жарылыс болған қалада болып, полицейлердің өмірінен тікелей репортаж жасар еді. Амал қанша, бізде бірлі-жарлы ақпарат құралы болмаса, көбі әлеуметтік желіде сол сәтте шыққан ақпараттың бас-аяғын жинап беруден әрі аса алмай жатамыз. Сайлаудан кейін өткен митингтерде де солай болды. Алматыда ел дүрлігіп қалды, ал басты арналар тіс жармады. Бүгінгі прессаның басым бөлігінің бейнесі мылқау адамдай – көрмейді, естімейді, сөйлемейді.
Шыңғыс Мұхан,
Америкадағы Гарвард университеті
Кеннеди басқару мектебінің түлегі