
Қазақ журналистикасы қара жамылды. Бүгін таңда белгілі журналист, «Жас Алаш» газетінің жауапты хатшысы Жолдасбек Дуанабай өмірден озды.
Қазақ өлді демеген, қайтыс болды дейді. Жөкең де мәңгілік мекеніне қайтты. Көзін көрген, бірге жүрген адам туралы қаралы хабар жазып отырамыз деп кім ойлаған? Мына індеттің беті жаман: ешкімді аяп жатқан жоқ. Кәрі-жас, үлкен-кіші деп жатқан жоқ.
Абай «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дейді.
Жолдасбек те артына өлмейтін сөз қалдырған қалам иесі. Ұзақ жыл қазақ журналистикасының әр саласында қызмет етті. «Жас Алашта» көп жыл жұмыс істеген, одан кейін «Айқын» газетінде 15 жылдай жауапты хатшы, редактордың орынбасары сияқты қызмет атқарған. Соңғы екі жыл біздің Jas qazaq газетінде редактордың орынбасары болды. Соңғы бірнеше ай бұрын ғана «Жас Алаш» газетіне барған еді.
Марқұмның жаны жәннатта, рухы бейіште шалқысын!