Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу қажеттігі атап өтілді.
Тәуелсіздік жылдарында елдегі ақпарат құралдарының саны 407-ден 4,5 мыңға көбейді. Жалпы ел аумағында қазіргі таңда 184 телеарна, 79 радио, 790 ақпараттық агенттік бар. 2 964 мерзімді баспасөз басылымдары немесе 1859 газет және 1105 журнал тіркелген.
Бүгінде журналистің қоғамдағы орны заңдылық тұрғыдан еш айқындалмаған. Соның салдарынан қазір журналист – не мемлекеттік қызметші, не азаматтық қызметші, не кәсіпкер санатында жоқ белгісіз тұлға.
Еліміздегі «БАҚ туралы» заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, «БАҚ туралы» заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті «Журналистердің еңбек ету құқықтары» деген бөлім де жоқ.
Ақпаратқа қолжетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Кейбір шенеуніктер төтенше жағдайлар кезінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халық пен мемлекетті ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз.
Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлдем басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап енгізілген.
Қазақстанда 100 мың тұрғынға 445 полиция қызметкері келеді екен. Әлемдік стандартта 300-ден аспау керек. Соншама полицияға қаншама жеңілдіктер қарастырылған. Таяуда олардың жалақысы тағы да айтарлықтай көтерілді. Ал бүкіл Қазақстанда журналистер саны 4 мыңнан сәл-ақ асады. Елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп отырған журналистерге неге сондай жағдай жасалмайды?
Ұлыбританияның «The Sunday Times» басылымының жазуынша, журналистерде стресс жағдайларының туу ықтималдығы кәдімгі әскери ұшқыш, таксист, өрт сөндіруші сияқты мамандық иелерінен де жоғары. Әсіресе, шиеленіс нүктелерінде, әлеуметтік сілкіністер болған тұстарда журналистер өмірі қауіпке толы болатыны анық. Пандемия кезінде 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті.
АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына $28 мың (10 млн тг) мен $75 мың (28 млн тг) аралығында. Ал бізде бір жылда табатыны 3 мың мен 5 мың доллар шамасында.
Түркияда журналистерге бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер бар. Мына көрші Ресейдің өзінде журналистерге мобильдік байланыс, көлік, қонақ үй, несие алуда жеңілдіктер жасау туралы мәселелер көтеріліп жатыр.
Әзірбайжан елінде БАҚ-ты Мемлекеттік қолдау қоры жұмыс істейді. Бакуде журналистерге арнап, әрқайсысы 250 пәтерлік тоғыз қабатты екі үй салынып, пайдалануға берілген. Бізде мұның бәрі арман ғана. Жас журналистер шиеттей бала-шағасымен пәтер жағалап жүр. Елдегі тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Әлеуметтік тұрғыдан мүлдем қорғалмаған. Бұдан отыз жыл бұрын Шерхан Мұртазаның бастамасымен Алматыда Абай мен Саин даңғылдарының қиылысында журналистерге арнап үй салынғанын білеміз. Отандық құрылыс компаниялары сондай тәжірибені Астана мен Алматыда қайта жандандырса, үлкен сауапқа кенелер еді.
Отандық масс-медиа «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс.
Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді.
Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды әрі қорғауды ұсынамыз. Бұл үшін «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймыз.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты