
2 шілде күні белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай оқулары аясында «Тәуелсіздік дәуіріндегі жаһандық журналистика ресурстары» атты Халықаралық оқу- әдістемелік онлайн- конференция өтті.
Марқұм Ж.Дуанабай былтыр осы уақытта тәжтажалдың тұзағына ілініп, мезгілсіз қайтыс болды. Ол өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамаған, еңбекқор жан еді. Республикалық басылымдарда 40 жылдан астам уақыт қызмет етті. «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Айқын», Jas qazaq, «Жас Алаш» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары секілді қызметтер атқарды. Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның қайраткер журналисі.
Онлайн-конференцияның модераторы – ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек. Онлайн жиында филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың арнау сөзі оқылды. Сондай- ақ Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, журналист Оңласын Әмірқұл,
журналистика академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева бейнеқұттықтау жасады. Жолдасбек туралы фильм көрсетілді. Онлайн-конференцияға Jas qazaq газетінің бас редакторы С.Смайыл, Президент сыйлығының иегері, жазушы, қоғам қайраткері Б.Сүлейменов, баспагер-жазушы Т.Айтбайұлы, «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы Г.Тәжиева, Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті журналистика жәнесаясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ, Теміртау Мәдениет сарайының бөлім меңгерушісі, Журналистер Одағының мүшесі Р.Алдашева марқұмның журналистік қыры мен шеберлігі жөнінде сөз сөйледі. Конференция аясында Ж.Дуанабайдың «Қалам ұшындағы өмір» атты қос томдық кітабының тұсаукесу рәсімі өтті. Конференцияға Жолдасбектің қызы Дина қатысып, алғыс айтты. Әрқайсысы 550 беттен тұратын қос томдық кітапқа сарғайған газет бетінде қалған мөрлі мақалалары мен сырлы сұхбаттары жинақталып, әріптес ағалары мен інілерінің, курстас- замандастарының сағынышты естелік-эсселері енді. Кітапты құрастырған-баспагер, жазушы Талғат Айтбайұлы.
Жолдасбекті есте қалдыру шаралары ары қарай да ретімен жалғасын табады. Айта кетейік, Жолдасбек Дуанабай біздің басылымда да екі жылға жуық қызмет етіп, редакциядағы жас журналистерге ағалық үлгі көрсетіп кеткен-ді.
Айдос ҚҰСАЙЫНҰЛЫ