
«Самара — Шымкент» тасжолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус бұзылып қалды. Ақтөбедегі төтенше жағдайлар қызметі жолаушыларды қауіпсіз жерге тасымалдады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Самара — Шымкент» тасжолының 668 шақырымында, яғни, Сарытоғай ауылы маңында «Setra» маркілі автобус бұзылып қалды. Жүргізушілер 10 ақпан күні сағат 03:00-де төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұраған. Себебі, автобуста компрессор істен шыққан. «Автобуста барлығы 54 адам болды. Оның 51-і Өзбекстан, үшеуі Қазақстан азаматы. Құтқару жұмыстарына ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ-нің жеке құрамынан 3 адам, 1 автокөлік және жол-патрульдік полициясынан 2 адам, 1 автокөлік жіберілді. Барлығы 52 адам Сарытоғай ауылында орналасқан «Жолсерік» кемпингіне орналастырылды, ал 2 жүргізуші автокөлікті жөндеу үшін автобус ішінде қалды», — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.