
Алматы-Ташкент тасжолында болған жол-көлік оқиғасында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жолбарысты құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 6 желтоқсан күні 14.20-да Алматы-Ташкент тасжолының 553-шақырымында, Жуалы ауданының тұсында болған. «МТС 25» (Теміртау) жылжымалы зообағының жүк көлігі қалтарыстары мен бұрылыстары көп Күйік таулы өткелі арқылы кетіп бара жатқан. Жануарлар артылған көлік осындай бұрылыста жыраға түсіп кетіп, жарда қалып қойған. Бір сағаттан кейін Жамбыл облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері (5 адам, 1 техника) келді. Аударылған жүк көлігінің тиегішінен жолбарысты торға салып, арнайы көлікке тиеу керек болған.