
Елорданың қоғамдық көліктерінде электронды жүйенің енгізілуімен кондукторлардың саны азаяды. Қазірдің өзінде кондукторсыз жүрген автобустар аз емес. Ондай маршруттарда көліктік бақылау қызметі жүреді. Олар «қояндарды» ұстап, айыппұл салады. Бірақ айыппұл салудың өзі оңай шаруа емес екен.
ҚазАқпарат жазғандай, маршрутта жүрген бақылаушыларды кездестіріп, оларды әңгімеге тартқан еді. Қызмет мамандары өз аттарын көрсетпеуді сұрады. «Біз автобусқа кіргенде алдымен барлық валидаторларды бұғаттап қоямыз. Әйтпесе, артта отырған «қояндар» біз жеткенше карталарын өткізіп алады. Сөйтіп, кіреміз де, барлық жолаушылардың карталарын тексеріп шығамыз. Өзімізде қолда ұстайтын арнайы валидатор бар. Соған электронды картаны тигізгенде адамның соңғы күндері болған барлық валидациялары шығады. Күні, айы, сағаты — бәрі-бәрі экранда көрсетіледі. Егер соңғы валидация сәйкес келмесе, құзіретті органдармен бірге ұстаймыз да, айыппұл саламыз. Ал екінші рет ұсталса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады», — дейді бақылаушы ер адам. Мамандардың айтуынша, кей кезде полиция олармен бірге жүреді. Алайда құқық қорғаушылар барлық бақылау шараларына қатыса алмайды. Себебі оларға күнделікті жұмысты да атқару қажет. Сондықтан бақылаушылар «қояндарды» ұстағаннан кейін полицияға xабар береді. Одан кейін сақшылардың келгенін күтеді. Сөйтіп, айыппұл xаттамасын толтырады. Алайда полиция келгенше ұрыс-керіс, тіпті төбелес шығаратын жолаушылар болады. «Енді, заң бойынша біз оларды көп ұстай алмаймыз ғой. Себебі ондай құзіретіміз жоқ. Айыппұлды да өзіміз сала алмаймыз. Сондықтан полицияны күтуге тура келеді. Сол екі арада кейбір адамдар ұрыс-керіс шығарады. Қолдарын көтереді, тіпті төбелес шығарады. Айтсаң, ұқпайды ғой. Полицияны шақырамыз десең, картаны тастайды да, қашады. Біз болсақ, ондай адамдарды күштеп ұстай алмаймыз», — деді тағы бір бақылаушы әйел адам. Бүгінде бір автобустан, кем дегенде, 3-4 «қоян» шығады. Сонда бір күнде жолақы төлемей жүрген біраз адамдар анықталады. «Әсіресе, Шанxайдан бастап Орталық базар мен Астаналық базарға дейінгі аралықта жолақы төлемейтіндер көп. Оларға ақшаны төлеткізу де қиын. Валидацияны жасадым дейді. Ал тексергенде кешегі күннің валидациясын көрсетіп тұрады. Мысалы, бүгін бір адамды ұстадық. Соңғы валидациясы 3 тамызда болған. Сонда ол үш күн бойы жолақы төлемей жүр ғой. Жастар көп алдайды. Адаммен дауласып, тұрып алады. Енді, баламен мініп, валидацияны ұмытатын қыз-келіншектер кездеседі. Оған кешіріммен қарауға болады. Бірақ Шанxай базарынан «Жасыбай» қонақ үйіне дейін валидацияны жасамай келгендерге кешірім жасай алмаймыз. Бұл — таза адамды алдау. Негізі, өтірік айтып тұрған адамның түрінен де көрініп тұрады ғой. Біз оны бірден байқаймыз», — дейді көліктік бақылау қызметінің мамандары. Айта кетейік, өткен айда арнайы рейд аясында үш күннің ішінде 52 жолаушыға айыппұл салынған. Жалпы, жыл басынан бері қоғамдық көлікте жолақы төлеуден бас тартқан 359 адам анықталды. Оларға салынған айыппұлдың көлемі — 1 726 790 теңгені құрады. Бұдан бөлек, аталған тәртіп бұзушылықтарға жол берген 130 кондуктор 1 563 250 теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелді.