
Бәріне ортақ журналистика
Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы
Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу.
Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәріс алып, тәжірибесін шыңдап жатыр.
Сонымен қатар қатысушыларымыз елге танымал өнер жұлдыздары, спорт саңлақтарымен сұхбаттасып журналистиканың сұхбат жанрын меңгеруде.
Курсқа қатысушылардың бірі, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Бауыржан Тахауов – отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.

Ұлттық құрама жақында Голландияда өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды. Осы сайыс жөніндегі бас бапкердің жазбасын ұсынамыз.
Жуырда Голландияның Ассен қаласында халықаралық турнир өтті. Ертеден бері ұйымдастырыл келе жатқан Ассен кубогы деп аталатын додаға әлемнің таңдаулы командалары қатысты.
Жігіттеріміз жасын мінез көрсетіп топтық кезеңде Еуропа құрлығының азулы дейтін Англия, Голландия, Германия сынды құрамаларын айқын басымдықпен ұтты.
Тіпті әлемдік рейтингте бізден жоғары тұрған Паралимпиада ойындарының жүлдегері Бразилия құрамасын, АҚШ волейболшыларын айқын басымдықпен ұтып, финалда Германия құрамасына қарсы ойнадық. Бірақ біздің жігіттердің бір емес бірнеше ұпайын көрер көзге бадырайтып тұрып төрешілер қарсыласқа алып берді. Дегенмен де жігіттеріміз жасыған жоқ, керісінше жасын мінез көрсетіп өздерінің әлеуетін паш етті.
Құрама мүшелері енді тамыз айына дейін демалыс алып тынығады, содан кейін әлем чемпионатына әзірлікті бастаймыз.