jasqazaq.kz

Жеткіншек алматылық оқушылардың есірткі саудасына қалай келетінін айтты

03 қыркүйек 2018, 13:42

Синтетикалық есірткі турасында не білеміз? Адамды құтыртып, есін ауыстырып жіберетін бұл есірткіні заманауи слэнгте Соль деп атайды, дені тұз түстес ұнтақ болғандықтан. Ал оның есіртетін, секіртетін түрлері көп.

Ендігі айтпағымыз, осы атың өшкір есірткіні біздің Алматылық оқушылар қолданып жүр деген қаңқу сөздер желдей есуде. Әсіресе «скорость» деп аталатын түрі асқан жылдамдықпен таралып жатқан көрінеді. Тек ол туралы жалпақ жұрт біле бермейді, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Бізге белгілісі оңтүстік астанадағы бірқатар білім ошақтарына ТҰЗ астыртын түрде жеткізіліп жүр. Сатушылар бір түйірін 16 мыңнан өткізеді. Негізгі диллердің де кім екенін білдік.

Ол туралы қарызға белшесінен батып, барынан айырылған жас жігіт арнамызға келіп айтып берді.

Арқаңды тік ұста! Бұндай хатты тоғызыншы сынып оқитын Радмир өзінің әлеуметтік желідегі парақшасынан оқыған. Қызыққан жасөспіріммен әңгімесін саудагер осылай бастайды. Әуелі анкета толтыртады, артынша қомақты қаржымен қызықтырады. Бет-жүзін жасырған 16 жастағы оқушыға күніне 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін табысты уәде етіпті.

«Күніне 10 мыңнан жоғары қаржы тапқың келе ме, деген соң нұсқаулық бойынша көрсетілген кісілердің парақшасына жаздым. Айтқандарының бәрін істедім. Ол тұратын қалам мен жасымды сұрады. Сөйтіп, әңгімеміз жарасты» – дейді 9-сынып оқушысы Радмир.

Радмир есірткі сататынын білмесе керек, ата-анасымен ақылдасыпты. Онысы да жөн болған екен. Әйтпесе, туған ағасы құсап сотталып кетер еді дейді әкесі. Өйткені, үлкен ұлы жеңіл ақша табамын деп 16 жылға түрмеге қамалғанын айтады.

«Алматыға бұл есірткіні кімнің алып келетін белгісіз. Тек оны таратушылар ғана бар. Осы адамдардың негізінде қылмыстық топтар құрылады. Хабарландыру арқылы олар өз қатарларына жастарды тартып жатыр» – дейді әкесі Вячеслав Левшин.

Бір топ ата-ананың шағымын біздің редакцияға келіп, арнайы сұхбат берген кейіпкеріміз де растады. Есірткі саудагерлерінің құрығына алты ай бұрын түсіп, қазір не пәтері, не жұмысы жоқ. Алғашында ақшамен қызықтырғандар кейін еңбегін синтетикалық есірткімен бағалайтынды шығарыпты. Сөйтіп, есеңгіретпек түгілі есінен мүлдем адастыратын «скорость», «легала», «спайс», «соль» сынды алуан шөптердің делдалы болып шыққан.

«Оның аты Матвей. Метис болуы керек. Нақты білмеймін. Мен клубта таныстым. Бір рет татып көр деген, жарты жылда 15 келіге арықтап кеттім. Енді арыла алмай жүрмін. Интернетте соль дегенің 10 мыңнан өріп жүр. Ал мен оны бес мың теңгеге сатып ала аламын».

Есімін жасырған азамат қара нарықта емес, сауданың интернетте қызып тұрғанын айтады. Тіпті, дел-сал күйге түсіретін химиялық заттардан соң талай қыздың суицид жасағанын көз көріпті. Әсіресе, алданған жасөспірімдер көп дейді. Желідегі делдалдар саудадан бұрын сатушылар іздейді екен. Тіпті, кейіпкеріміз қай мектептің оқушылары жиі сатып алатынын ашық айтты.

«54, 52, 19, 91-мектеп оқушылары есірткі сатыпалады. Өзім көргем. 8-сынып оөушылары айналысады. Өздері де қолданады. Кейін тегін жұмыс істейді», – дейді кейіпкер.

Аты аталып, түсі түстелген мектептерге біз де маман ертіп бет алдық. Алғашқы екі білім ошағының маңайы тыныш секілді. Мүмкін, жаңа оқу жылы бүгін басталған соң шығар. Тек, №19 мектептің ауласына барғанда ғана жаға ұстадық.

Мектеп пен тұрғын үй ауласының арасын жалғыз жол жалғап тұр. Тал түбінде темекі тұқылы мен дәрілерінің құтысы толып жатыр. Бөтелке мен целофан пакеттер өз алдына. Әйтеуір подъездге жақындай бергенімізде бірнеше ине мен шприцті көрдік.

Сорақысы, химиялық заттардың кәдімгі есірткіден әсері әлдеқайда жоғары. Бір грамын сатып алғандар бес рет тұтынады дейді мамандар. Қарапайым препараттардан айырмашылығы жоқ болғандықтан ба, әйтеуір құрамы қаныңнан көрінбейді, емдейтін де бір шарасы жоқ деп күйінді. Бірақ, қолданған адам айуаннан бетер ессіз, есуас болып қалады екен.

«Мидың жұмысын тоқтатады. Есіңнен адастырып, ештеңе ұқпайтын күйге енесің. Сананы өзгертіп, масайтады. Соңы тәуелділікке әкеп соғады. ВИЧ, СПИД-тің бәрі осыдан шығады» – дейді есірткіге тәуелді адамдарға кеңес беру орталығының маманы Павел Гноевых.

Есіткіге тәуелділерді емдеу орталығында күніне әр кеңесшіге алты науқас көмекке жүгінеді екен. Көбі елімізде отыздан астам түрі бар синтетикалық нашаға құмартқандар дейді. Күресу тек әр тұлғаның өзіне байланысты көрінеді.

Ал, Алматы қаласындағы наркологиялық диспансерге жарты жылдың өзінде 22 мыңнан астам адам тіркелген. Оның тең жартысына жуығы есеңгірететін есірткіге тәуелділер. Сараптама нәтижесінде оның 24 тұрғыны психотроптық заттарды қолданғаны анықталыпты. Тағы тіркеудегі науқастың сегізі бірдей жасөспірімдер.

Интернетте есірткі саудасын қыздырғандардың дәніккендері сонша, қазір Алматының қай ауданына барсаңыз да әйтеуір бір тұрғын үйдің қабырғасында мынадай жарнамалар жазылған. Бұл есірткінің аты мен оның сатылатын сайтының мекен жайы. Жасөспірімдер арасында аса танымал болғанымен, үлкендер қатары білмесе керек, әйтпесе, әлдеқашан өшіріп тынар еді.

Расымен, біз сұраған біраз адам жарнаманың не екенін білмейтін болып шықты.

Есіңді екеу, аяғыңды төртеу етіп, ессіздікке жетелейтін интернеттегі есірткі саудасына тұсау жоқ. Әлеуметтанушылар делдалдардың арбауына түсетін балалар отбасындағы жоқтықтан емес, тоқтықтан барады дейді. Бұрынғыдай бар уақытын қора тазалап, қар күреуге емес, әлеуметтік желіні ақтаруға арнайтынын айтады. Тіпті, темекі мен наша, ішімдік ішудің өзі қазіргінің сәні екен. Оның арты суицидке әкелсе, тағы бір жасөспірімдер арасында селф-харм да «мода».

«Денесінен бір баланың сызық көрсеңіз міндеттеті түрде психологқа барыңыз. Баламен сөйлесіңіз. Денесін бір рет тілген бала тағы тіле береді. Денеге көп тілік бар деген сәнге айналған. Одан кейін бұның бәрі кезең кезеңмен суицидке келеді» – дейді әлеуметтанушы айсұлу Молдабекова.

Яғни суицид жасаған жасөспірімдердің алпыс пайызы күйзелісті жеңе алмай, синтетикалық есірткі қолданғандар дейді әлеуметтанушы. Сондықтан, интернеттегі сауданың алдын алу керек деп ескертеді. Полицейлер болса, 2015 жылдан бері ғаламтор арқылы есірткі саудасымен айналысып келген үш қылмыстық топтың әшкереленгенін айтады. Ал, жарты жыл бұрын ғана төрт құбыласы түгел болған біздің кейіпкеріміз еліктіргіш зат үшін шаңырағын шайқалтып, дөңгеленген бизнесінен айырылып, ессіздің күнін кешіп жүр!

Бүгін, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
Бүгін, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
Бүгін, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді