
Қарағанды облысындағы Абай шахтасында тағы жарылыс болды. Жексенбінің таңында болған апаттан алты адамды жер жұтты. Ауыр жарақат алған екі кенші ауруханаға түскен. Олар метан газына тұншығыпты. Қазір алты кеншіні ажал құштырған шахтада көмір қазу жұмысы тоқтап, арнайы комиссия апат себептерін анықтап жатыр. Сондай-ақ Қарағанды облысының барлық шахталарында жоспардан тыс тексеру басталып кетті.
Апат кезінде жер астында 64 кенші жұмыс істеп жатқан. Көпшілігі жер бетіне қашып үлгеріпті. 8 жұмысшы жарылыс ошағында қалған. Улы газдан қорғайтын құрылғыларын киіп үлгермеген алты кенші опат болды. Ең жасы 31-де. Бәрінің артында аңырап бала-шағасы, туыстары қалды. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы марқұмдардың барлығына ұжымдық келісімшарт аясында көмек көрсететінін жеткізді. Әр кеншінің 10 жылдық жалақысы отбасы мүшелеріне беріледі.
«Арселор Миттал ТМД» АҚ бас директоры Виджай Гойяль: «Біздің ұжым алты адамнан айырылып қалды. Қатты қайғырып отырмыз. Ұжымдық келісімшарттың сыртында біз олардың несиесін өтеуді мойынымызға алдық. Баспанасы болмаса, оны да қарастырамыз. Жерлеу рәсіміне де толық атсалысамыз. Қаражат мәселесін көтеруге әзірміз», – деді.
Алайда адамның құны ақшамен өлшенбейді. Қанша көмектессе де, жер астында қалған кеншілердің жақындары мен туыстарын жұбата алмайсың.
– «Ешқандай көмек керек емес. Баламнан айырылдым, баламның орнын кім толтырады?» деп етегі жасқа толған Сергей Корниенконың әке-шешесі бір аптадан бері шөгіп қалды. 40 жыл кенші болған әкесі де қазіргі шахтаның жағдайы адам төзгісіз дейді.
«Мына заманда басқа қайда барасың, шахтадан жұмысын бастаған соң жүре берді. Басқа жұмыс таппайсың, амал жоқ, басыңды қатерге тігіп барасың. Ал кеншілерді ойлап жатқан басшылық жоқ. Олардың барын да, жоғын да елемейді. Сондықтан қауіпсіздік жайына қалған», – деді марқұм
Сергейдің әкесі Анатолий Корниенко.
Бір ажалдан аман қалған 58 жастағы Элайдын Зейналов пен 61-дегі Жеңіс Маралбаев ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы бірқалыпты. Мақажанов атындағы клиниканың ахуал орталығының жетекшісі Ерік Шонбаев: «Шахта газы метан және көмірқышқыл газдарымен уланған күйде түсті. Кешегі күнмен салыстырғанда жақсару белгілері бар. Бүгін өзін жайлы сезіне бастады», – дейді.
Ал апаттан опат болғандардың бәрі жер қойнына тапсырылды. Бір күнде алты кеншіні ақтық сапарға шығарып салған шағын ғана Абай қаласы күңіреніп кетті. Наиль Абдуллин, Николай Скитченко, Виталий Шмидт, Сергей Краус, Алексей Супрунов, Сергей Корниенконы соңғы сапарға шығарып салуға қала тұрғындары түгел жиналды. Марқұмдардың алды Абай шахтасында 30 жылдан бері жұмыс істейді екен.
«Бұл жігіттерді барлығымыз білеміз, бір кенжарға қатар түсіп-шығып жүретінбіз. Наиль Абдуллин болашағынан үміт күттірген жігіт еді. Бәріне үлгеріп жүретін. Виталий Шмидт бригадир болатын. Ең бастысы, біз тергеу әділ жүрсе дейміз. Ақ-қарасын ажыратсын», – деді марқұмдардың әріптесі Денис Нестеров.
Апаттың себеп-салдарын анықтайтын арнайы комиссия жетекшісі Юрий Ильин дәл осы Абай шахтасынан көктемде қауіпсіздікке қатысты олқылықтар анықталғанын айтады. Бірақ алпауыт компания екі аптаның ішінде кемшіліктерді түзегенін айтып, жұмысын жалғастыра беріпті. Бұл Абай шахтасындағы алғашқы апат емес. 2008 жылы мұнда метан газы жарылып, арты алапат өртке ұласқан. Сол кезде жер астындағы 191 кеншінің 161 қашып шығып үлгерсе, 7 адамның денесін құтқарушылар әрең тауып алған. Қалған 23 кеншінің денесі сол күйі жер бетіне шығарылмады. Өйткені олардың мүрдесін үйінді басып қалған. Қазақ «жер жұтты» деп осындайда айтса керек.
Диас Нұрақын