Желтоқсан жарасы жазылмайды

22 қазан 2021, 16:26

Қасымда тұрғандар «Уууу» деп қошеметтейді. Мен де шабыттанып қайталай бердім. «Атамекен», «Менің Қазақстаным» әнін айтып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтына қарай кеттік.

Jas qazaq: Ондағы мақсат – қатарларыңызға адамдарды қосып, қара көбейту ғой.

Г.Байбосынова: Әрине, ол кезде қазіргідей ұялы телефон, сымсыз байланыс деген жоқ, «ел басына екіталай шақ туғанда өзгелер неге үнсіз жатыр» деп оқу орындарын аралауды ұйғардық. Алдымен барғанымыз Абай атындағы педагогикалық институт болды. Оқу орнының алдына келсек, мұғалімдер ғимараттың есігін жауып алыпты. Студенттер терезені сындырып шығып, қатарымызға қосылып жатты. Дәл сол оқу орнының алдында милиция формасындағы жігіт бір студент қыздың жолын бөгеп, жібермей тұр екен. Мен әлгі милицияның кеудесінен итеріп қызды босатып алдым. Сондағы ұлты орыс милицияның «Ты за это ответишь!» дегені әлі есімде. Одан әрі жиналған студенттер Гоголь көшесінің бойындағы ЖенПИ-ге келіп, жатақханаға кірдік. Ол жерде де қыздарды мұғалімдер жібермей «жіпсіз матап» алыпты. Бірақ араларынан 5-6 қыз біздің қатарымызға қосылатын болды. Біз оларды күтіп тұрғанымызда, форма киген лаузымды тұлға болу керек, дауыс ұлғайтқышпен «Студенттер, шоғырланбаңыздар, тараңыздар. Ертеңгі күні оқудан шығып қаласыңдар. Тіпті заң жүзінде қудаланасыңдар» деп хабарлады. Бірақ біз сол күні алаңға барып, ұранымызды айтып жатақханаға аман-есен қайттық. Бірақ сол түнде жатақханада шұғыл жиналыс болып, ертең таңертең жатақхана есігі жабылатынын, ешкімнің сыртқа шықпайтыны қатаң ескертілді.

Jas qazaq: Бірақ сіздер ертеңіне де алаңға бардыңыздар.

Г.Байбосынова: Біз ертесінде Сәуле екеуміз бірінші қабаттың терезесінен қашып шығып, алаңға бардық. Кешегідей емес, адам қарасы қөп.

Шенді-шекпенді, танымал адамдар кезек-кезек трибунаға шығып, алаңдағы жастарға тарауымызды айтты. Роза Бағланова да ортаға шығып, тарамасақ, қантөгіс болуы мүмкін екенін ескертті. Өйткені Кремльден бірнеше рет қоңырау шалынып, алаңнан жастарды тарқату туралы бұйрық берілген. Бірақ жастар тарқамадық. Кеш батып қалған шақта «Метель» басталды. 35 жыл өтсе де, сол аласапыран күн кеше ғана болғандай көз алдымда сайрап тұр. 3-4 өрт сөндіру машиналары алаңдағы адамдарға су шаша бастады. Шам сөндірілді. Сол сәтте біз де Фурманов көшесіне қарай қаша бастадық. Қара форма киініп, қаруланған жасақ жастарды аямай соққыға жығып жатты. Қатты соққыны алаңның алғы шебіндегі қыздар алды. Айқай-шу. Соққыға жығылған жігіттер. Қансырап жатқан қыздар мен жігіттер. Бір сәтте азан-қазан күйге түстік. Қара форма кигендер мені ұстап алып, алаңдағы көлікке әкеліп отырғызды. Қарасам, бірнеше қыз отыр екен. Арамызда таяқ жеген бір жігіт бар. Бізді қаланың сыртына, Қаскелең маңындағы Жандосов деп аталатын ауылдың іргесіндегі дөй далаға апарып, қолдарындағы қаруларымен аямай ұрып-ұрып, сырт киімдерімізді шешіп алып, тастап кетті. Күн суық, бір-бірімізге демеу болып, жолдың жиегіне дейін жаяу әрең жеттік. Автобуспен қалаға келе жатқан егде жастағы кісі тоқтап, сол көлікке мініп аман қалдық.

Jas qazaq: Содан соң қудалау басталды.

Г.Байбосынова: Бір айдан кейін сессия басталып сабаққа оралғанда бізді тергеу басталды. Сәуле екеумізді КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – ред.) тексеріп, алғашқы күні камерада алты сағаттай отырдық. Өмір бойына түрмеге тоғытыласың немесе ату жазасына ілігесіңдер деп қатты қорқытты. Сонда да тергеушінің сұрақтарына оқиға қалай болды, еш қоспасыз жауап бердік. Абай атындағы педагогикалық институт жатақханасы алдында әлгі милиция жігітті итергенім де айтылды. Отбасым туралы толық мәлімет тергеушінің тартпасында жатыр екен. Қатты қорыққаным соншалық, көзім қарауытып кетті. Қасымызда бірге алаңға шыққан жігіттер мен қыздар бір-бірін сатқан. Әрине, оның барлығы психологиялық қорқытудан болды. Комсомол қатарынан шығарылдық. Сәуле Ешенқұлова оқудан қудаланды. Мені ұстаздарым, институт басшылығы қорғап, аман қалдым.

Jas qazaq: Желтоқсан ызғарының жанға салған, тәнге түсірген кесепаты орасан. Осы оқиға кезінде соққы алып, таяқ жеген жастардың арасында мүгедектікке душар болған, ауруға шалдыққандары, тіпті ауыр науқастан көз жұмғандар да бар.

Г.Байбосынова: Желтоқсанның бізге тигізген ызғарын ұмыту оңай емес. Денсаулығымызға да әсер етті. Төртінші курста оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. Бірақ бала көтере алмағандығымнан 4 жылдан кейін ажырастық. Театрға да оралмадым. Желтоқсан десе, жанымыз түршігетіндей кеудемізде үлкен үрей әлі күнге дейін тұрады.

Jas qazaq: Осы күнде «желтоқсандықтармыз» деп жүргендердің арасында жалған патриоттар да шығып жатыр. «Мен алаңда болған едім» деп жылтырақ медаль тағушылар да көбейді. 1986-ның оқиғасын зерттеушілер тасада жүрген, көп алдына шығуды қаламайтын нағыз желтоқсандықтар туралы зерттеп, жазып келеді.

Г.Байбосынова: 2006 жылы Болатбек Төлепберген деген журналист хабарласып, «Біз білмейтін Желтоқсан» деген кітап шығарайын деп жатқанын айтты. Осылайша онымен кездесіп, басымнан өткен оқиғаны баяндап бердім. Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған кітап шығып, тұсаукесеріне қатыстым. Содан кейін жиналыстарға, желтоқсандықтармен кездесулерге құрметті қонақ ретінде шақыру басталды. Алматы қаласын Ахметжан Есімов басқарған кезде әкімдік жиналыс жасап, соған қатысуымды өтінді. Барсам, адам қарасы көп. Желтоқсандықтар бір-бірінен бөлініп, неше түрлі ұйым құрып алып қырық пышақ болып жатыр екен. Соны көргенде қатты көңілім қалды. Сөз кезегі маған тигенде айттым, «Біз 1986 жылдың желтоқсанында алаңға осындай ұрыс-керіске қатысып, дүние бөліс жасау үшін шықтық па? Қаһарлы күнде қазаға ұшыраған желтоқсан боздақтарының аруағынан қорықпайсыңдар ма!» деп ұрсып тастадым. Содан кейін ондай жиынға баруды сиреттім, көңілім қалды. Сол кезде шейіт кеткен боздақтардың ешқайсысы да ана жаққа дүниені арқалап кеткен жоқ. Олар да осы тәуелсіздікті аңсады, бейбіт күнде өмір сүруге ұмтылды. Сондықтан да «мен кеше желтоқсанда алаңға барғаным үшін» деп бүгін дүниені даулау менің ұғымымда дұрыс емес.

Jas qazaq: Бірнеше жылдан бері ақталуға арыз жазып, мақсатыңыз орындалды.

Г.Байбосынова: Желтоқсаншылардың ақталуы туралы 2006 жылы білдім. Оған дейін таныс-білістерден естідім, бірақ аса мән бермеп едім. Одан бұрын Алматыдан жырақта жүргендіктен де, ақталуға аса ықыласым болмағандықтан ұмтылғам жоқ. Желтоқсан оқиғасының жазылмайтын жарасы жүрегімізге өндірдей жас кезімізде түскендіктен де шығар, үрей, қорқыныш билеп, әлі де қудалау, қуғындау тиылмағандай әсер ететін. Желтоқсан оқиғасына қатысып, қудалау көріп, азап шеккенімді дәлелдейтін айғақтайтын қағазды алғаным көңіліме медеу.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Рахмет

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады