
Алматыда жедел жәрдем жүргізушісіне белгісіз біреу газ тапаншасымен шабул жасады. Оқиға 11 желтоқсанда Жетісу ауданындағы Винтер көшесінде болған. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел жәрдем аталған мекенжайға кешкі сағат 20:00-де барған.
Фельдшер үйге кіріп кеткен соң даладағы жүргізушіге біреу келіп көлігін алуды сұраған. «Фельдшер мен науқасты күтіп тұрған жүргізуші көлікті орнынан қозмаған. Сол сәтте ер адам үйіне барып келіп, жүргізушінің бетіне газ тапаншасымен шабул жасаған. Салдарынан жүргізушінің беті күйіп қалды. Жарақат алған ер адамға фельдшер алғашқы көмек көрсеткен. Содан соң қосымша жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Ал қасында тұрған адамдардың ешқайсысы жүргізушіге көмектеспеген», — деді баспасөз қызметінен. Жүргізуші №4 аурухананың күйік бөліміне «бет пен мойын аймағының I — II дәрежелі химиялық күйігі» диагнозымен жатқызылды. Қазір ер адамның жағдайы орта дәрежеде қалыпты деп бағаланып отыр. «Біздің әріптесімізге қызметтік міндетін атқару кезінде шабуыл жасалды. Бұл дерек құқық қорғау органдарына берілді. Бұл бірінші жағдай емес. Мұның алдында да біздің қызметкерлер соққыға жығылған. Жедел жәрдем жүргізушілері шұғыл шақыртумен келеді. Олар аз уақыт аралығында науқастарға көмек көрсетуі тиіс. Сондықтан, қала тұрғындарына олардың жұмысына құрметпен қарауды сұраймыз», — деді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев. Ведомстваның хабарлауынша, 2013 жылы осындай 2 жағдай тіркелсе, 2014 жылы — 3 адам, 2015 жылы — 4 адам (оның ішінде 2 жедел жәрдем дәрігері өте ауыр жағдайда түскен) 2016 жылы — 1 адам, 2018 жылы 5 адам соққыға жығылған.