
Биылғы оқу жылы онлайн форматпен аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шықты. Олардың жазғы уақытын тиімді өткізу мақсатында биыл Алматы мектептерінде көшпелі лагерлер ұйымдастырылды. «Биікке ұмтылу» атты жазғы лагерь қатысушыларға не берді? Жобаның мақсаты не? Оқушыларды қызықтырған қай сала? Осы және өзге де сауалдарды жобаға жауапты Алматы қаласы білім басқармасының Рухани адамгершілік және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Нұргүл Тауқызына қойған едік.

Jas qazaq: Нұргүл Тауқызы, «Биікке ұмтылу» жобасын ұйымдастыру идеясы неден туындады? Жоба қаламыздың қанша мектебінде жүзеге асты?
Н.Тауқызы: Бізге демеушілер тарапынан оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған жоба келіп түсті. Жобаның мақсаты, идеясы және құрылымымен танысқаннан кейін, оны жүзеге асыру үшін Алматыдағы мектептерге хабарластық. Сөйтіп 25 мектеп осы жобаға қатысуға келісім берді. Бір жарым жыл бойы үйде отырған оқушылар мектепте жазғы лагерь болады дегенде қатты қуанды. Бұрын үйірмелерге келтіре алмайтын шәкірттердің өзі үлкен зор ықыласпен келді. Биыл бұл жоба Алматы қаласының 25 мектебінде пилоттық режимде өткізілді. Қазіргі эпидемиологиялық талаптарға сай оқушыларды қабылдап, екі апталық курс өткізілді. Жазғы лагерь ата-аналар мен балаларына қатты ұнады. Қатысушылар 8 басым бағыт бойынша білім алды.

Jas qazaq: Жазғы лагерь 8 бағыттан тұрады дедіңіз. Әр бағыттың ерекшелігін айтып өтсеңіз? Оқушылар қай салаға қызықты?
Н.Тауқызы: Тәлімгерлер блогинг, шешендік өнер, сурет салу, актерлік шеберлік, аппликация, вокал, би, йога бағыттары бойынша білім алды. Осы бағыттардың жоғары сыныптар арасындағы ең танымалы – блогинг бағыты. Мұнда оқушыға интернет әлеміндегі мүмкіндіктерді пайдаланып, видеосюжет жасау, сұхбаттасу, болған оқиғаны суреттеу, мәтінді дұрыс жазу сынды мүмкіндіктер ұсынылды. Бұл бағыт бойынша тәлімгерлерге өз ісінің маманы келіп сабақ берді. Оқушылар видео түсіруді, онымен қоса, мәнерлеп сөйлеуді үйренді. Бұл жерде олар актерлік шеберлік бойынша да дәріс алды. Вокал бағытына тоқталсам, кез келген мұғалім вокалды үйрете алмайды. Оған арнайы маман керек. Бұл бағытта да арнайы вокал маманы шәкірттерге ән айтуды, дауыс ырғағын реттеуді, ән айтып тұрған кезде дұрыс тыныс алуды үйретті. Ал бастауыш сынып оқушыларына арналған аппликация бағыты қатысушыға түстерді танып, қол моторикасын дамытуға ықпал етеді. Оқушылар түстерді ажыратумен қатар, олардың бірнеше атауларын да үйренеді. Мысалы, күлгін түстің өзінің қаншама түрі болады. Балалар түстерді бір-бірімен үйлестіруді, өздерінің фантазиясын дамытуды үйренді. Шәкірттер ептілікке, шешім қабылдауға дағдыланды. Одан бөлек, би үйірмесін де ерекше атап өткім келеді. Оған көбінесе қыздарымыз қатысты. Ата-аналар балаларының жазғы лагерге үлкен құлшыныспен қатысқанын айтады. Екі апталық курста оқушыларымыз өздеріне үлкен тәжірибе жинады. Тіпті актерлік шеберлік бағытында балалар белгілі бір рөлді сомдап, жоба соңында ата-аналарға қойылым қойып берді. Одан бөлек, йога бағыты. Балалар таза ауада дене шынықтыру, дұрыс тыныс алу, қимыл қозғалысты реттеу сынды жаттығуларды үйренді.

Jas qazaq: «Биікке ұмтылу» жобасы өзінің көздеген мақсатына жетті ме? Жоба алдағы уақытта жалғасын таба ма? Жазғы лагерге қатысушылардың пікірі қандай?
Н.Тауқызы: Екі апталық жазғы лагерь өзінің мақсатына жетті. Балаларын жазғы лагерге әкелген ата-ананың жылы лебізі көп. Жоба аясында қатысушылар өздерінің мүмкіндіктерін көрсетіп, бойындағы ерекше талантын ашып, өздеріне жаңа бір саланы игеруге деген қызығушылықтарын арттыра білді. «Биікке ұмтылу» – аты айтып тұрғандай, болашаққа ұмтылу. Жобаның көздеген мақсаты – балаға қанат бітіріп, әрі қарай самғауына демеу болу. Бұл дегеніміз – оқушының өмір жолына бағыт-бағдар ұсыну. Өзінің бойындағы ерекше қабілетті ашып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Келесі оқу жылында жалғасын тауып, оқушыларды қызықтырған жаңа бағыттар қосылады деген ойдамыз.
Мақпал Ноғайбаева