
Үшінші мегаполисте «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының ашылу салтанаты өтті. Абай саябағында өткен іс-шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшылары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен жастар қатысты.
– «Жасыл ел» бағдарламасы құрылған алғашқы жылдары-ақ оң нәтиже беріп келеді. Осы бағдарлама аясында «Студенттік құрылыс жасақтары», «Жасыл ел» секілді еңбек жасақтары құрылған. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы каникулда бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды. Себебі, сіздер туған қаламыз – Шымкенттің тазалығына, дамуына үлес қосасыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова.
«Жасыл ел» бағдарламасы бүгінге дейін сан мыңдаған жасты еңбекке баулып, қоршаған ортаның көркеюіне септігін тигізді. Мәселен өткен жылы аймақта 1200-ге жуық жас жасыл елдің қатарында жұмыс істесе, биыл да 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылмақ.
Жиын бұдан кейін концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар көпшілікке арнап ән салды. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл 1313 жасты бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«Жасыл ел» жастар ұйымының мақсаты: Біріншіден, жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету. Сәйкесінше, жылына қаншама жастарды осы бағдарламаға тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Екіншіден, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау болып табылады. Демек, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімін ояту.
Үшіншіден, Жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі.
Жастар осындай жобалар арқылы өмірлік тəжірибе жинап қоймай, табыс тауып та үйренетіні белгілі. Бір жағынан бойларындағы жастық жалынын өлкені көгалдандыруға жұмсайды. «Жасыл елде» жұмыс жасайтындардың еңбекақысы да жүйеленгендігі белгілі болды.
Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында бұл бағдарлама жастарға жігер берген өміршең бағдарламаға айналды. Еліміздің әр аймағынан республикалық штабтың бөлімшелері ашылып, олар күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді.
Тоқтар Жақаш