
Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысы құрылып, еншісін алып бөлінбей тұрғанда, өңір басшысы Даниял Ахметовтың бастамасымен «Бір қабатты Шығыс» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған болатын. Осы бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын өз көзімізбен көру үшін Өскеменнен Семейге қарай жол тарттық.
Бізді қарсы алған Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Соғымбай «Jas qazaq газетіне семейлік жас қазақтың бейбіт күнде жасаған ерлігі туралы азғантай ақпарат бере кетсеңіздер» деген өтінішін көлденең тартып еді.
Өткенде Семей қаласында кафе өртеніп, түн ортасы ауған шақта қалың өрттің ішінен екі бірдей адамды аман алып шыққан Дәурен Жамбаевтың ерлігі жалпақ жұртқа жария болды. Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов бүгінгі күннің батырын арнайы шақырып, қомақты сый-сияпатын жасап, құрметін аямады. Назарбаев зияткерлік мектебінде директордың орынбасары қызметін атқаратын Дәурен қоғамнан да, жергілікті атқарушы органдардан да ерлігіне дәл мұндай құрмет күтпегенін айтты. «Мектепте өрт қауіпсіздігіне қатысты дүркін-дүркін жаттығу өткіземіз, бірақ лаулаған оттың ортасына кіргенде жағдай мүлдем басқаша болады екен. Жарым түнде тысқа шықсам, көрші аулада түтін будақтап шығып жатыр екен. Дереу бардым, өрт сөндіру қызметіне хабарласып, олар келгенше алдымен бір адамды оятып ертіп шықтым. Ыс тиіп, есінен тана бастапты. Содан сұрап едім, қасындағы серігі кафенің ішіндегі ас дайындайтын бөлмесінде ұйықтап жатқанын айтты. Қасында газ баллоны да болған. Есігін қағып аша алмаған соң, сырттан барып терезесін шағып, іштегі кісіні сыртқа шығардым. Ащы түтін қолқамды қауып, тынысым тарылды. Терезедегі пердені сулап алып, бетіме орап қайта кірдім. Бірінші кіргенде еңбектеп жүріп даланы әрең таптым. Өрт сөндірушілер келгенде соларға бағдар беріп, газ баллонын да алып шықтық» дейді.

Даңқтың да ертең-кеші жоқ. Дәуреннің ерлігі де айтылған жерде ұмытылып қалатын дүние емес. Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов: «Жастарды қоғамның ыңғайы тәрбиелейтіні рас. Дегенмен де, өскелең ұрпақ елжандылықты, рухтың асқақтығы мен батырлықты осындай ағаларынан үйренсе дейміз. Әрине, Дәурен даңқ алайын, марапатқа кенелейін, атақ қуайын деп бармағанын өзі де айтып отыр. От-жалынның ішіне кіргенде ойында тек кафе ішіндегі адамдарды аман-есен құтқару ғана тұрған. Қайта олардың көрер жарығы бар екен», — деді. Қала әкімінің сөзінің жаны бар. Бүгінгі жас буын, елдің ертеңгі тұтқасы атанар жастар мемлекетіміздің нышаны, тәуелсіздігіміздің символы көк туымызды таптаған жетесіздерге емес, осындай өзгенің өміріне араша тұрар шақта өзін отқа да, суға да салатын азаматтарға қарап бой түзеп, солардан үлгі алуы тиіс.
Енді сөзіміздің «әлқиссасына» оралайық. Семей қаласындағы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Ұшақтар кентінде салынған үйлерді аралап көрдік. Рас, жаңадан бой көтерген қаланың іргесіндегі шағын ауданының көшелеріне асфальт төселе қоймаған. Десе де, ең бастысы, барлық коммуникация тартылған. Мектеп кенттің дәл түбінде. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топ санатына жататын, жетім балалар да осы бағдарлама шеңберінде баспанаға қол жеткізеді. Сондай жанның бірі Ауған соғысының ардагері Серік Несіпжанов. Оның зайыбы Құралай Несіпжанова: «Біздің қолымызда жасы тоқсанға келген атамыз бар. Жолдасым ауған соғысының ардагері, 27 жылдай үйдің кезегінде тұрдық. Былтырғы жылдың соңында осы үйімізді алдық. Қала әкімдігіне алғысымыз шексіз. Үйіміз кең әрі жайлы, барлық коммуникация қосылған. Маған ұнағаны – ас үйінің кеңдігі. Қонақ келсе де, қысылып-қымтырылмай қарсы аламыз. Қайын атам «Үйді қашан аласыңдар?» деп жиі сұрайтын. Пәтерден пәтерге көшіп әбден қажыған едік. Енді өзіміздің үйіміз бар, соған тәубе дейміз. Қала басшылығы көшеміздің жолына асфальт төселетінін айтық қуантып отыр, ол күнге де жетерміз», – дейді.
Семей қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 12 мыңнан асып жығылады.
Демографиялық өсім мен урбанизацияның үдеуін есепке алса, жыл озған сайын бұл санның еселене түсері анық. 2020 жылы қолға алынған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлердің кейбірін әкімдік сатып алып, қалғанын үйді салған құрылыс компаниялары банк арқылы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға және әлеуметтік статусы мен кезегіне қарай үлестіріп отыр. Аты айтып тұрғандай, бір қабатты жер үйдің ауласы да атшаптырым аумақты алып жатыр.

Жалпы бұл үйлерді жеңілдетілген ипотека негізінде «Отбасы банк» арқылы «Бақытты отбасы», «Әскери баспана» сынды бағдарламалар арқылы да рәсімдеуге болады. Семей қалалық құрылыс бөлімінің меңгерушісі Фариза Артықбаева: «Биылғы жылы осы бағдарламаның негізінде тағы бірнеше үй қолданысқа беріліп, кезекте тұрған жандар қоныс тойын тойлайды», — деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Абай облысының тіршілік тамыры жандана бастайтыны ақиқат. Енді облыс орталығына айналған Семейге сауға сұрап қоныс аударушылардың да қатары артады. Жаңа облыстың әкімі Нұрлан Ұранхаев Даниял Ахметовтан алған аманатты ақсатпай іске асырады деп сенеміз.
Қуаныш Рахмет,
Семей қаласы