
Шымкент қаласында өткен аптада орын алған жарылыс пен өрттен зардап шеккен үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды. «Фарм Синтез» мекемесі мен BI Group құрылыс компаниясы арасындағы келісім бойынша қазіргі таңда А.Сасбуқаев бойында орналасқан №32А үйдің шатырына (400 м2) жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Еңбекші ауданы әкімдігі мәлімдеді.
Сонымен бірге, жарылыстың салдарынан болған үйінділер тазартылып, құрылыс қалдықтары шығарылды. Газ беру жолы да қайта қалпына келтірілді. Қазіргі таңда барлық пәтерлер мен коммерциялық нысандарға көгілдір отын берілді.
Айта кетсек, 2022 жылғы 21 мамырда сағат 11:36-да «101» пультіне Еңбекші ауданы, Ғани Иляев көшесі, 142 мекенжайында өрт шыққан. Өрт сөндіру бөлімшелері келгеннен кейін жарылыс орын алған. Салдарынан «Меж больничная 138 дәріхана» мекемесіне тиесілі 2 қабатты жеке тұрған ғимаратта өрт шыққаны анықталды. Оқиға орнына Шымкент қаласының басшылығы да құтқарушы, өрт сөндіруші, жедел жәрдем қызметкерлері және құқық қорғау органдарымен бірге тез арада жетті.
Тоөтенше жағдайдан кейін қаладағы ТЖ департаменті басшысы М.Жақсыбаев шұғыл мәлімдеме жасады. Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев пен қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдіраманов қалада орын алған төтенше жағдайға байланысты арнайы брифинг беріп, орын алған төтенше оқиғаға қатысты жедел тергеу тобының құрылғанын және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының басталғанын хабарлады.
Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимараттың ішінара құлауы орын алды. Сондай-ақ 5 қабатты тұрғын үйдегі 11 пәтердің терезесі мен сол пәтерлердің бірқатарында ішкі және сыртқы қабырғаларына, 1 көлік гаражына зақым келген. Бұдан бөлек, 11 жеңіл автокөліктің терезелері сынған.
Оқиғадан кейін арнайы мамандар сол аумақтағы пәтерлерге зерттеу-зерделу жұмысын жүргізіп, келітірлген барлық залалды бағалап шықты.
Тоқтар Жақаш