
Шымкент қаласында тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 900 метр магистральдық жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар 18,5 шақырым жылу желісінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал заманауи цифрлық технологияларды пайдалану жылу желілеріндегі ақауларды азайтуға мүмкіндік береді. Қаладағы жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары туралы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қарасты «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Жанұзақ Махамбетов Jas Qazaq тілшісіне жауап берді.
– Жанұзақ Тастемірұлы, қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылу энергиясын өндіру, жеткізу және тарату қызметтерін көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпорынның қарамағында 838 шақырым жылу желісі, 71 қазандық және 17 сорғы станциясы бар. Біз осы нысандарды пайдалану мен оларға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырамыз.
Жылу инфрақұрылымының үздіксіз жұмыс істеуі тұрғындардың тұрмыстық жайлылығы үшін өте маңызды. Сондықтан желілердің техникалық жағдайын бақылау, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу және жылу маусымына дайындықты қамтамасыз ету – негізгі міндеттеріміз.
Жылу желілерін жөндеу және жаңғырту жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2026–2029 жылдары 11,3 шақырым магистральдық жылу желісін ауыстыру жоспарланған.
– Жылу желілерін жөндеу кезінде тұрғындар үшін қандай қолайсыздықтар туындауы мүмкін? Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қарастырылған?
– Жылу желілерін ауыстыру жұмыстары кезінде тұрғындардың жылумен үздіксіз қамтамасыз етілуі және жолдарда көлік кептелістерінің алдын алу маңызды. Осыған байланысты жылу маусымына дайындық барысында жылу желілерін ауыстыру және суды уақытша өшіру жұмыстарының кестесі түзілген.
Жұмыстарды жоспарлау кезінде жылумен жабдықтаудың тұрақтылығын сақтау және жөндеу жұмыстарының қала тіршілігіне әсерін барынша азайту мәселелеріне назар аударылады.
2025 жылы пилоттық жоба аясында Шымкент қаласындағы жеті учаскеде жалпы ұзындығы 3,2 шақырым магистральдық жылу желілеріне құбырішілік диагностика жүргізілді.
Диагностика нәтижесінде құбырлардың нақты техникалық жай-күйі анықталып, олардың әрі қарай пайдалану мерзімін белгілеуге және жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік туды. Мұндай тәсіл жылу желілерін бағалау кезінде нақты деректерге сүйенуге жағдай жасайды.
– Биыл диагностикалық жұмыстар жалғасын тапты ма? Оның апаттардың алдын алудағы маңызы қандай?
– Иә, 2026 жылы жалпы ұзындығы 5 шақырым жылу желісіне диагностика жүргізілді. Заманауи цифрлық технологияларды қолдану жылу желілеріндегі апаттық зақымданулар санын 20 пайыздан астам төмендетуге және нормативтік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Диагностика желілердегі ықтимал ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарын алдын ала жоспарлауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде апаттар мен техникалық ақауларды азайтып, тұтынушыларға жылу энергиясын сапалы әрі уақтылы жеткізуге ықпал етеді.
Жылу желілерін кезең-кезеңімен ауыстыру, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу және заманауи диагностикалық технологияларды пайдалану инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға бағытталған. Негізгі міндет – жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұтынушыларға жылу энергиясын сапалы әрі уақтылы жеткізу.
Олжас Әбдіхалық