jasqazaq.kz

Жаңа жылда – жаңа баспана!

24 желтоқсан 2021, 11:32

Бүгін Самал Бердиеваның төбесі көкке бір елі жетпей қалды. Енді ше, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өз қолынан пәтер кілтін алса! Жалғызбасты ана «Қызым екеуміз жаңа жылды өз үйімізде қарсы аламыз» деп шаттанады. Арманын жүзеге асыруына септескен қала әкімдігіне де, «Отбасы банкіне» де дән риза.

Сәрсенбінің сәтінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспаналы болғандарға, сондай-ақ жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтерлердің кілтін салтанатты жағдайда табыстады.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы әкімі:

«Бүгінде Алматы қаласы бойынша 32 500 адам кезекте тұр.
441 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй алды. «Алматы жастары» бағдарламасы биыл жалғасын тапты. Бұл бағдарлама жұмыс істеп жүрген 1000 жасты қамтыса, биыл 924-і үйлі болды, қалғаны іздеп жатыр. Жалпы Алматыда биыл 5400 тұрғын баспанаға қол жеткізді. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы аналарға, мүгедек бала асырап отырған отбасыларды қолдау мақсатында 2000 сертификат тағайындалды».

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, баспанамен қамтуға арналған республикалық квотаға қосымша, биыл қала бюджетінен 3,3 млрд теңге бөлінген. Алдағы уақытта Алатау, Наурызбай және Түркістан аудандарында тұрғын үйлер салынып, қоныс тойын тойлайтындар қатары арта түспек.
«Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Осы бағдарламалар бойынша үй алған бақытты жандармен сөйлесудің сәті түсті.

Аяулым Құрматова, көпбалалы ана:

«Мен көпбалалы ана ретінде әкімдікте кезекте тұрдым. Төрт жыл бұрын «Отбасы банкінде» депозит ашып, ай сайын ақша салып отырдым. «Шаңырақ» бағдарламасы туралы «Бақытты отбасы» орталығынан естіп-білдім. Биыл төлем қабілеттілігімізді растайтын құжаттарды өткіздім. Енді, міне, «Алма сити» тұрғын үй кешенінен су жаңа пәтер алып жатырмыз. Өз баспанаң болғанға не жетсін! Ешкімге жалтақтамаймыз, ай сайын төлейтін 90 мың теңгені де қалтамыз көтереді. Қазір пәтер жалдау да қымбатқа түседі ғой. 10 пайыз алғашқы жарнасын төледік. Тырмысып, алға ұмтылсаң, пәтер алуға болады екен. Ең бастысы, «Отбасы банкінде» есеп ашып, ай сайын үзбей ақша аударып отыру керек. Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы аламыз. Балалар заттарын жинап та қойды».

Самал Бердиева, жалғызбасты ана:

«Мен 2018 жылы «Отбасы банкінде» есеп ашып, ай сайын ақша құйып отырдым. 1,5 млн теңге көлемінде алғашқы жарнаны жинадым. Алматы әкімдігінде кезекке тұрдым. Негізі бұл үйлердің бағасы 25-30 млн теңге шамасында, ал бізге арзан бағамен беріліп жатыр. 7-8 жылдан бері пәтер жалдап келдім. Несиені төлеп біткеннен кейін үй өзіме қалады. Айына 104 мың теңге төлеймін».
«Отбасы банкінің» Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпованың айтуынша, биыл ел аумағында «Бақытты отбасы» бағдарламасына 70 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде өтініш қабылдау аяқталды. Дегенмен «Отбасы банкі» төлем қабілетін растауға клиенттерді шақырады. «Бақытты отбасына» мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар қатыса алады. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша Алматыда әкімдік тарапынан 4 мыңға жуық пәтер салынған. 13 желтоқсаннан бері «Отбасы банкінің» порталында пәтер броньдау жүріп жатыр. Наурызбай ауданындағы «Алма сити» тұрғын үй кешенінде 1666 пәтер броньдауға қойылған.

Гүлнар Ахметова

17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр