Жаңа тарихи белес

16 қыркүйек 2022, 11:19

«Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан да ол тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Зиңпинмен кездесуде осылай деп атап көрсетті.

«Ақорда» резиденциясында ҚХР Төрағасын ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөз өткізетін залға барды.
Бұдан кейін Қазақстан мен Қытай басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. «Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2019 жылғы қыркүйектегі Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі бірлескен мәлімдеме арадағы қарым-қатынастың жаңа «алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді. Сондықтан Қытай Төрағасының бұл сапары аса маңызды.

Өз кезегінде сөз алған ҚХР Төрағасы араға жыл салып, елімізге қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, қазақ халқының қонақжайлығы мен мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Президентке ризашылығын білдірді. Си Зиңпин қазақ-қытай қарым-қатынастарының дамуын жоғары бағалап, бүгінгі сапарының екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті. «Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетінін тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қытай Қазақстанның сенімді досы әрі серіктесі және солай болып қала береді. Біздің елдеріміз бірқатар салада ынтымақтастық үлгісін көрсетті. Халықтарымыздың достығының арқасында 1780 шақырымға созылған шекара мәселесін алғашқылардың бірі болып шештік. Біз бірінші болып, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыта бастадық. Осылайша «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықтың үлгісін көрсеттік. Біз екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Серпінді дамуға қол жеткізген қытай дипломатиясы үшін мұның маңызы зор. Бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи белеске қадам басты», – деді Си Зиңпин.

Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылады.

Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Ресми келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекет басшылары екі елдің көне заманнан бүгінге дейінгі тарихи, мәдени байланыстарына арналған «Қазақстан – Қытай: мыңжылдық диалог» атты көрмені тамашалады. Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Орталық мемлекеттік музей, Тұңғыш Президент музейі және Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі қорларынан 40-қа жуық археологиялық жәдігер, сондай-ақ сәндік қолданбалы және бейнелеу өнерінің заттары қойылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін ҚХР Төрағасы Си Зиңпинді еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен наградтады.

Си Зиңпин «Алтын қыран» орденімен марапатталуы өзі үшін зор мәртебе екеніне қоса, бұл Қазақстанның екі арадағы қарым-қатынасқа айрықша мән беретінін, сондай-ақ қазақ халқының қытай халқына деген терең достастық сезімін паш ету деп бағалады.

Талап Тілеген

16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге
31 наурыз, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс