
Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен өңірлерді аралау кезінде Алматы облысының жұртшылығымен кездесу өткізген болатын. Жүздесу кезінде ол жоспарлы форматтан бас тартып, кездесуге келген адамдармен ашық әңгімелесті. Осыны күткен сайлаушылар да өзекті мәселелерді халық қалаулысының алдына төтесінен қойды.
Сенатор Ләззат Сүлеймен кездесуде адамдардың түйткілді мәселесінің оңтайлы шешілуіне себепкер болып, жергілікті басқарушы билік пен халық арасындағы байланыстың орнауына дәнекер болды. Айта кетейік, жақында Сенатта өткен балалар құқығына қатысты заң жобасын талқылау отырысында Ләззат Жаңылысқызы баяндама жасап, кибербуллингтен келер қатердің алдын алып, жолын бөгеуге қатысты да мәселе көтерген болатын.
Құрметті оқырман енді Сенатор Ләззат Сүлейменмен жүргізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Jas qazaq: Ләззат Жаңылысқызы, сіз жұмыс бабымен өңірлерді аралау барысында Алматы облысының Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарында болдыңыз. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен, жергілікті тұрғындармен кездескен кездегі қойылған мәселелер алдағы уақытта қалай шешілмек? Бұқара халықтың кезек күттірмейтін сұрақтары көп екеніне тағы бір көзіңіз жеткен шығар?
Ләззат Сүлеймен: Түйткілді мәселе, түйінді шаруа деген жетіп артылады. Атқарылар жұмыстың салмағы да ауыр, сондықтан да білек түрініп жұмысқа кірісу қажет. Жоғарыда аталған үш ауданның халқымен кездесудегі әңгіме шынында да қызу болды.
Кездесуге адамдар да көп жиналды. Қордаланып қалған мәселелердің шешу жолдарын нақты айтуды талап етті.
Елді аралау барысындағы маңызды кездесу болғандықтан, жұртшылықтың ортасында аудан әкімдері, мәслихат хатшылары, ауылдық округтердің әкімдері де бізбен бірге жүрді. Жиналған қауым жергілікті атқарушы билік өкілдеріне де, Сенат депутаты ретінде, маған да өткір сауалдарын қойды. Сұрақтарына бірден жауап алмағандар да, кейін шешілетініне үлкен үміт артатынын да айтып өтті.
Осы кездесулерде көтерілген мәселенің бәрін қағазыма түртіп, жазып алып отырдым. Кейін халық пікіріне талдау жасап, әр бағытына қарай топтап, Алматы облысының әкіміне, министрлерге және басқа да тиісті органдарға арнайы хат жібердім.
Кездесулер барысында аудан әкімдеріне халықтың талап-тілегін, мұң-мұқтажын орындауға күш салу керектігін, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын орындауға бәріміз міндеттіміз, – деп ел алдында айтып отырдым.
Алдымен айтылғаны – жер мәселесі. Жайылымдық жерге зәру ауыл тұрғындары үй малының жайылатын жері тапшы екенін тағы да алға тартты. Бұл мемлекет көлемінде шешімін табуы тиіс мәселе. Шаруашылық мақсатында алған жерлерін суармалы бағытта қайта рәсімдеу жұмысының да кедергісі көп екенін де айтып өтті. Әрине, бұл – заңнамалық негізде, Жер кодексінің аясында шешілетін шаруа. Сол себепті жергілікті атқамінерлерге халықтың айтқан уәжін аяқ асты етпей, осы мәселені қазіргі қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып та, жеделдетіп шешу қажет екенін ескерттік.
Енді ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын жер ресурстары комитетінің басшылығын шақыртып, Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелерімен бірлесіп, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу мәселесіне баса көңіл аударуымыз қажет. Өйткені, Қызылағаш ауылы азаматтары айтқан «сіздерден жұмыс тауып бер деп отырған жоқпыз, малымызды жаятын жер, өсіретін өріс керек» деген өтінішінің артында бүкіл ауыл халқының сұранысы тұр.
Бұдан бөлек, жер мәселесіне қатысты Сарқан ауданында басқа елден көшіп келген 34 отбасы (Ә. Дүйсенханның және т.б.) қандастарымыз малын өсіруге өріс тарлық ететінін алға тартты. Тіпті бұл мәселе оңтайлы шешілмесе, келген ізімен кері көшіп кетуден басқа амалымыз қалмады деп отыр. Қандастарымыздың осы мәселесін шешуді, Алматы облысының әкіміне жолдадым. Болашақта жаңадан құрылатын Жетісу облысы әкіміне де қайталап жолдайтын боламын.
Екінші түйткілді шаруа – баспана, тұрғын үй мәселесі болды. Көпбалалы аналар, басқа да әлеуметтік тұрмысы нашар топқа жататын ауыл тұрғындары тұрғын үйдің кезегіне тұрудан бастап, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға қалай қол жеткізу керек екенін сұрады. Бұл жергілікті әкімдіктердің ақпараттандыру қызметіндегі олқылықтарды көрсетеді.
Іссапар барысында тұрғындарды жеке қабылдауды өткіздім. Қабылдауымда болған адамдардың аты-жөнін, қандай шаруасын шеше алмай жүргені туралы, хаттама толтырылды, тиісті әкімдердің, арнайы мекемелердің бақылауына алынды.
Соңғы 1-2 жылда мемлекет сатып алу құқығынсыз үй бергені белгілі. Әлеуметтік осал топтардың қабылдауыма келгендердің бір бөлігі осы үйлердің әлі де келісімшарт құжаттары берілмегенін көлденең тартты. Жергілікті әкімдіктің жауапты адамдарына бұл мәселені уақтылы шешпегенін сынға алып, тез арада құжаттарды беруді тапсырдық, оны қадағалап та отырамыз.
Осы арендалық үйлерді жекешелендіруді де сұраған адамдарға, ол үйлердің жекешелендіруге жатпайтынын, қажеттігіне қарай жыл сайын келісімшарттың ұзартылып отыруы тиіс екенін түсіндірдік.
Jas qazaq: Өздеріңізге халық сенімін арқалап, мандатқа ие болған соң көпшілік үміт артып келеді ғой мұндай кездесулерге. Мұқағали ақынның «күйгендіктен айтамын», – дегеніндей, тұрмыстарының тауқыметі жандарына батқан соң сіздерге шағымданып отыр ғой.
Ләззат Сүлеймен: Әрине. Қазіргі ел басындағы қиын кезеңде «Біз келіп едік» деп, қызыл сөзді көпіртіп, әдемі кездесу өткізіп, кете беру – депутаттығымызға сын. Көпшілік қойған мәселені, қалай шешуге болады, уәкілетті орындардан кімдер жауапты екенін сол мезетінде анықтап, нақтыладық. Бақылауға алып, алдағы күндері осы жұмыстың оңынан шешілуіне күш салуымыз керек. Сіз айтқан тауқыметті азайтуға ықпалым болса, өзімді бақытты сезінер едім.
Тағы бір өзекті мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың жыл сайын арнайы тексеруден өтіп, өзінің мүгедек екенін дәлелдеудің қиындығы туралы айтты. Аяғы жоқ, қолы шолақ, көзі көрмейтін зағип жандар өзінің он екі мүшесінің бірі кем екенін жыл сайын дәлелдеуі қажет. Мүгедек адамдар осы орынсыз қиындықты заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы шешуді сұрады. Расында да, қолынан немесе аяғынан айырылған адамның келер жылы қолы, аяғы өсіп шықпайды ғой. Су қараңғы соқыр адамның көзі көріп кетуі неғайбыл, өкінішке қарай. Рас, кейбір сырқаты жазылатын науқастардың мүгедектігін жыл сайын медициналық тексеруден өту арқылы нақтылау қажеттігі дұрыс, оған келісеміз. Ал енді жоғарыда айтылғандай айқын, анық жайтқа қатысты өзі де мүгедек адамдарды облысқа, ауданға қайта-қайта сандалтып, құжат жинату жөнсіз деп ойлаймын. Бұл мәселе жөнінде денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдаймын.
Jas qazaq: Әлеуметтік нысандар мен көпшілікке арналған мекемелерді аралап көрдіңіз бе?
Ләззат Сүлеймен: Емхана, мектеп салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу шаруасы туралы ұсыныс өте көп. Жетісу облысы толық құрылып, әкімі тағайындалып, аппараты жұмысын бастағанда осы әлеуметтік мәселелерге қатысты проблемаларды шешу туралы ұсынысымызды айтып, талқылаймыз. Бұл бағытта көтерілген мәселелердің жедел шешілуі де қиын екені түсінікті, бірақ назарда ұстап, кезең-кезеңмен шешуге ықпал етуіміз керек.
Одан сырт тағы бір мәселе Алакөл ауданы Қабанбай ауылында «Қазпошта» бөлімшесі тар, жөнделмеген, жағдайы тозған. Пошта бөлімшесіне көбіне банкомат пайдалана алмайтын, зейнетақысын алуға зейнеткерлер келеді. Қыстың ызғарлы суығында, жаздың ыстығында да кезек күтіп сыртта тұрады.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы басшылығына арнайы ұсыныс беріп, осы бөлімшені кеңейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлуді сұрадым.
Сондай-ақ, Лепсі ауылында және Сарқан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бос тұрған осындай ғимараттар тұр. Егер жергілікті әкімдікке пайдалануға берілсе, жастар, кәсіпкерлер, басқа қоғамдық істерге қолдану болар еді. Бұл мәселелер бойынша тиісті органдарға хат жолданды.
Jas qazaq: Сарқандағы кездесуде кәсіптік білім беру мәселесін қозғап, осы өңірде мамандардың жетіспеушілігі жайында, колледждердің деңгейін көтеру мәселесіне де тоқталдыңыз. Осыны тарқатып айтсаңыз.
Ләззат Сүлеймен: Сарқан ауданындағы гуманитарлық және политехникалық колледж деп аталатын кәсіптік білім беретін екі білім ошағының жұмысымен, қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстым. Бұл екі оқу орны да іргесі нығайған, Жетісу өңірінде кәсіптік білім беру саласында ілгерілеген колледждер болып саналады. Гуманитарлық колледж ұжымы спортзалдың жоқтығын алға тартып, заманауи үлгідегі спорттық кешен бой көтерсе деген өтінішін білдірді.
Политехникалық колледж директоры өңірге техникалық мамандарды даярлау ісіне көңіл бөліп, жоспарлы жұмысты алға бастыруға қаржы керектігін жеткізді. Орман шаруашылығы, мал дәрігерлік салаға қажетті мамандарды даярлау үшін арнайы кабинет, зертхана ашу ісі де қажет екендігін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық бағыттағы кадрларға зәру екенімізді айтқан болатын. Аймақтағы политехникалық колледждің техник мамандарды даярлауына әлеуеті де, мүмкіндігі де жетеді, тек техника саласына қарай қосымша бейімделу қажет. Оның үстіне аймақта орман шаруашылығы, ветеринария, техника саласына қажетті мамандарға сұраныс көп. Осы жағын ескеріп, білім және ғылым министрлігіне, өзге де жауапты орындарға тиісті сауал жолдаймын.
Jas qazaq: Президент айтқан «Жаңа Қазақстанды» құру жолында жұмыла көтеретін жүктің салмағы өте ауыр, әрі жауапты жұмыс. Шалғайдағы ауыл халқының да бұл істен шет қалмауы үшін не істеу керек? Осы шаруа қалай өрістеп жатыр деп ойлайсыз?
Ләззат Сүлеймен: Менің ұғымымда «Жаңа Қазақстанды» құру жұмысын әркім өзінен бастауы тиіс. Өзің өзгерсең, айналаң да саған қарап бой түзейді. Былтырдан бері ауылдық округ әкімдерін халық өзі сайлау арқылы шешіп отыр. Енді аудан, облыс әкімдерін де сайлау арқылы анықтау, тағайындау жолға қойылады. Халық өзінің дауысы арқылы кімді сайлағанына да жауапты болады, өйткені ертеңгі күні артылған сенімді ақтай алмаса, дауыс берген адамнан жұмыс нәтижесін өздері талап ете алады.
Президент бастамаларын халық түсініп, қолдап отыр. Алайда оны қалай жүзеге асырады, даму үдерісі қалай жүреді, ол жағын әлі тереңдей түсіндіру қажет. Халық пен билік арасындағы алшақтықты орнына келтіруге күш салуымыз керек бәріміздің. Ескі сүрлеумен, жемқорлық, формализм, жаны ашымағандықпен «Жаңа Қазақстанды» құру әсте мүмкін еместігін, екінің бірі біледі. Ал «Жаңа Қазақстанды» сырттан біреу келіп, салып бермейтіні де белгілі. Сол себепті билікте халықшыл және іскер, таза азаматтардың болуы шарт.
Реформаның, қалай жүзеге асырылатынын, ол реформадағы өз орнын еліміздің әрбір азаматы білуі тиіс. Билік халыққа қызмет ету керек, – дегенді жиі айтқанымызбен, іске келгенде қызмет етуге міндетті емеспін деген көзқарастарды да байқадым.
Осындай түйткілдің түйіні тарқатылуы Жаңа Қазақстанды құруға үлкен қадам болмақ. Елді аралап, депутаттық сапар кезіндегі кездесулерде осы мәселені үнемі айтып, атқарушы билік пен халық арасында дәнекер болуға күш салдым. Халық артық нәрсе, аста-төк дүниені талап етпейді. Қажеттісін сұрайды, соған ғана қол жеткізсем дейді. Биліктегілер осыны ұғынып, тізе қосып жұмыс істеуі ісімізді алға жылжытудың кепілі. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деп тегін айтпаған. Халық мәселесін шешуді талап етті ме, билік орындауы керек, заң тәртібі шеңберінде, әрине. Сонда ғана халық сеніміне кіресің. Әкіммін, бастықпын деп, қол астындағыларға жоғарыдан қарайтындардың заманы емес қазір. Елмен бірлесіп, түсінісіп, қауымдасып қана бүгінгі әлеуметтік қиындықты жеңіп, даму жолына түсеміз. Шүкір, мықты азаматтарға қазақ ешқашанда кенде болмаған. Ал оларды таңдап, сайлап алу заңды түрде енгізілуде.
Мемлекеттік қызметкер халықтың қызметшісі. Анау да болмайды, мынау да шешілмейді деп ауызды қу шөппен сүртетіндердің емес, мәселенің шешілу жолдарын таба білетін, елмен етене араласып, жақсы істермен абырой жинайтын мемлекетшілдік, халықшылдық көзқарасты азаматтардың уақыты қазір.
Jas qazaq: Өткенде «Кибербуллинг туралы» заң жобасын төменгі палатаға қайтардыңыздар. Басты кілтипан уәкілетті органдардың ғаламторға қолжетімділікті шектеп, жұмысын тоқтатуы турасында болды. Балаларға кибербуллинг жасалғаны туралы деректерді арнайы сарапшылар жасайтын болды. Сарапшылар құрамына кімдердің енгені дұрыс деп санайсыз?
Ләззат Сүлеймен: Иә, Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл заң жобасы – Мемлекет басшысының 2020 жылдың қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауында һәм Парламенттің жетінші шақырылымының алғашқы сессиясында айтылған бастамалардың бірі. Ел боламыз деп, бесігімізді түзеуге ұмтылған мемлекет есебінде Президент өзі бастап балалардың құқығы, олардың қауіпсіздігі, ғаламтор шырмаған қоғамда кибербуллингтен қорғаудың заңнамалық іс-шарасы қажеттігін айтып келеді. Осының негізінде заң жобасын әзірлеу барысында балаларды қорғау саласындағы халықаралық стандарттар, дамыған елдердің өнегелі тәжірибесі де ескеріліп, қажет тұсы қамтылды.
Алғаш рет қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңға «баланы жәбірлеу (буллинг)» ұғымы енгізілді. Буллинг – қорлау сипатындағы әрекеттер, қудалау, қорқыту, бопсалау, қандай да бір әрекетке еркінен тыс мәжбүрлеу, болмаса мәжбүрлі түрде бас тартқызу. Осындай әрекеттерді бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, телекоммуникацияның басқа да әлеуетін пайдалана отырып, іске асыру – кибербуллинг екені белгілі.
Аталған заң нормасы ғаламтор әлемінде жасалатын осындай қитұрқы, жымысқы әрекеттердің алдын алу, жолын бөгеу мақсатында енгізілді. Заң нормасын Сенаттың барлық комитетінің мүшелері белсенді түрде талқылап, қызу пікірталас туындады, жан-жақты сараланды. Осы мәселеге орай жұртшылықтың пікірі ескерілді.
Мұнда Заң аясында қорғаудан тыс, ата-ананың жауапкершілігі де маңызды. Балаңыз күн ұзақ қандай сайтты қарайды, қандай ойын ойнап отыр, бағыты қандай, әлеуметтік желідегі белсенділігі қай деңгейде, қандай топтардың ақпараттық ағынын қарайды? Міне, осындай сауалдың жауабын қоғам ата-анадан сұрайды. Рас, ата-ана жұмыстың қамын күйттеп жүр. Бірақ бұл балаңыздың болашағы үшін алаңдауға уақыт жоқ деген сылтау болмайды. Дерек бойынша, елімізде әрбір бесінші бала буллингтен жапа шегуде.
Елімізде 12 миллионға жуық адам әлеуметтік желіні белсенді түрде тұтынып, ғаламторды қарайды екен.
Мәжіліс кибербуллингке қатысты заң нормасын талқылауда шетелдік онлайн платформалардың өкілдері біздің елімізде болуы керек деген талапты алып тастады. Ал, Еуропа елдерінде өзге мемлекеттердің онлайн платформаларының өкілдіктері бар. Сондықтан, Қазақстанның да әлемдегі әлеуметтік желілер мен олардың өкілдері арқылы байланыс орнатуы, балалар денсаулығына зиян келтіретін контентті алып тастауы қамтамасыз етілетін болады.
Қоғамда кибербуллингтен көрген қасіретін, қайғысын ішінде сақтағандар да жоқ емес. Бұл мәселе де тереңіне бойлауды қажет етеді. Психологтардың жұмысына бақылау жүргізіп, қадағалауды білім және ғылым министрлігі өз уақытында жергілікті уәкілетті органға, яғни облыстық білім басқармаларына өткізген екен. Осыны қайтадан министрліктің өз құзіретіне алып, реттеп жүйелеуді жүргізуі тиіс. Заңда білім беру саласының уәкілетті органына психологиялық қызметтердің жұмыс ережесін, баланы қудалаудың, яғни буллингтің алдын алуға арналған қағидаларды әзірлеп, бекіту жұмыстары жүктеліп отыр. Балалар арасындағы өз өміріне қол сұғушылық, басқа да зорлық-зомбылықтың өршуін болдырмауға психологтардың сіңіретін еңбегі орасан. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру, көмектесу, қолдау жұмыстары көп кешікпей өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Балалар арасындағы кибербуллингті қадағалайтын сарапшылардың құрамына кімдер енуі керек деген сауалыңызға айтарым, білім, ақпарат, медицина саласының мамандары, психологтар, ата-аналар, мұғалімдер, қоғам белсенділері болуы қажет.
Қорыта келгенде айтарым, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін әрбір қазақстандық жаңаруды өзінен бастау керек, адал еңбек етіп, жастарымызды, ұрпағымызды ұлтын сүйетін, туған жерін қадірлейтін азамат етіп өсіруіміз керек.
Бұл айтылғандар халқымыздың ежелден қалыптасқан құндылықтары. Бұлар «Жаңа Қазақстанның» құндылығы болып бағаланады. Президент Қ.К. Тоқаев бастамашылық жасап отырған конституциялық реформа да, мына алмағайып заманда қазақ елін сақтауға, берекемізді бекемдеуге, тіліміз бен дінімізге берік болуға, әлемдік бәсекеге қабілетті болуға бағытталып отыр. Осыны түсінейік ағайын!
Елдегі жағдайды айтқанда, біздер депутат келді, айтқанымызға «басын изеп кетті», «түк шешпеді» деген таптаурыннан да арылуымыз керек. Әрине, қойылған мәселелердің көбі күрделі, үлкен қаражатты қажет ететіндері де бар. Кейбіріне заңнамалық өзгерістер қажет. Сонымен қатар, жергілікті әкімдердің салғырттығынан наразылық тудырып отырған мәселелер де аз емес. Бұл жағдайлар біздің жауапкершілігімізді азайтпайды. Халық қамы үшін депутаттық мандатты арқалап жүрміз. Парламент қана емес, барлық депутаттар үшін талап осы.
Сонда ғана еліміз аман, жұртымыз тыныш болмақ.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет. Халықтың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын шешуде өзіңізге сәттілік тілейміз. Сіздің халықпен бірге «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы ісіңіз оңынан болсын!
Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы