
Бүгін Қызылордада 17 қараша – Халықаралық студенттер күнінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Жаңа дәуір жастары: білім, жасампаздық, жауапкершілік»тақырыбында студенттерге лекция оқыды. Алдымен студенттердің ғылыми жобалары көрмесімен танысты.
Аймақ басшысы студенттік шақ арманды айқындайтын, қабілетті танытатын, өмірлік бағытты таңдайтын уақыт екенін атап өтіп, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы жас ұрпақтың рөліне тоқталды.
«Сіздердің алдарыңызда бүкіл әлем ашық. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтудеміз. Сіздер – Тәуелсіз Қазақстанның төл перзентісіздер, Тәуелсіздікпен бірге өстіңіздер. Еліміздің басты капиталы – адам, білімді ұрпақ, ғылым мен технология, еңбек өнімділігі және жаңашылдық», –деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Лекцияда жасанды интеллект, цифрландыру, жаңа мамандықтар және еңбек нарығындағы өзгерістер кеңінен қамтылды. Облыс әкімі жаңа технологиялардың адам мүмкіндіктерін кеңейтіп, еңбек өнімділігін арттырудағы рөліне тоқталды. Кәсіби біліммен қатар сыни ойлау, коммуникация, деректерді талдау және үздіксіз іздену дағдыларын меңгерудің маңызын түсіндірді.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Бұл шешімнің мәні – жасанды интеллект жеке бір саланың жаңалығы емес, жалпы экономикалық және қоғамның дамуына әсер етеді.
Қазір еліміздегі цифрландыру бағытындағы жаңалыққа көрші елдер, тіпті алыс шетелдіктердің өзі зор қызығушылық танытады. Құжат рәсімдеу үшін кезекке тұрмаймыз, банкте шот ашу үшін бір батырманы басу жеткілікті. Осының барлығы – еліміздің жетістігі», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бұдан бөлек, су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық мониторинг, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу секілді бағыттардың өзектілігін атап өтті. Бұл мәселелерді шешуде университет ғалымдары мен студенттердің ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану қажет.
Лекцияға «Таза Қазақстан», «Адал адам», «Заң мен тәртіп» қағидалары, жастардың азаматтық жауапкершілігі, қоғамдық тәртіп, цифрлық қауіпсіздік, кітап оқу мәдениеті мен салауатты өмір салты да арқау болды.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, білім, ғылым және түрлі саладағы жетістіктерімен ерекшеленген студенттер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі