jasqazaq.kz

Жамбылда 110 жастағы әжей тұрады

08 наурыз 2020, 18:59

Жамбыл облысы Сарысу ауданының ең қарт тұрғындарының бірі – Аманбала Аманжолова әжей. Қос ғасыр куәгері бүгінде 110 жаста.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Ерте еңбекке араласқан Аманбала әже әлі де тың. Небір қиын кезеңдерді бастан кешкен кейуана өткен өмірін ерекше тебіреніспен еске алды.

Ақ жаулықты ана өмірінің жартысын совхозда сақманшы болып, қой қырқып, мал шаруашылығына арнаған. Соқа айдап, бидай орып, шөп шауып, еңбек етуден жалықпаған. Маңдай тер, адал еңбегінің арқасында зейнетке шығып, құрметке бөленген. Аманбала апа 11 баланы дүниеге әкелген. Бақытты әже көрер жарығы бар бес баладан бүгінде 40-қа жуық немере-шөбере сүйіп отыр.

Қазыналы қарт ананың өмірі қазір көпке үлгі. Ол 1910 жылы қаңтар айында Сарыарқа төсінде өмірге келіпті. 1928 жылы осы Сарысу ауданына көшіп келген. Ауданның ол кезде енді ғана құрылып жатқан кезі еді.

– Шырағым, біз не көрмедік. Ақ пен қызылдың соғысы, ел ішін жайлаған ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс жылдарындағы ауылдағы күйзеліс, одан кейінгі ауыр жылдар, бәрі-бәрі мына шақшадай бастан өтті. Жер жырттық, егін салдық, түнде майдандағы жауынгерлерге қолғап пен шұлық тоқыдық. Екі қайнағам мен шалымнан «қарақағаз» келген күндері де жылап-сықтап, жұмысқа шығып кететінмін. Қайғы мен қасірет менің ғана басымда емес, халыққа келген нәубат қой деп, енді қайным Балтабайдың аман оралуын тіледім. Зарыға күткенмен ол 1947 жылы бір-ақ оралды. Соғыс уақытында елдің ынтымағы мен бірлігі қандай еді шіркін! Үлкендер мені ортаға алып, «күйеуіңнің ошағын өшірме, қайныңа тұрмысқа шық» деді. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» елден асып қайда барасың, жаралы жауынгердің жанына жалау болайын деп қайным Балтабайдың етегінен ұстадым, – деп еске алады өткен күнді кейуана.

Көпті көрген, ғасырдан аса жасаған өткенге салауат, бүгінгі шүкіршілік айтудан талған емес.

«Азаттықтың арқасында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына нұрлы заманды көрдім, арманым жоқ. Енді менің Жаратқаннан жатсам-тұрсам тілейтінім – елдің амандығы. Ата-бабаларымыз армандаумен өткен аса зор құндылығымыз — азаттығымыз ғұмырлы болғай» деп батасын берді әжеміз.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде