Атырау қаласындағы емханалардың бірінде медбике болып қызмет ететін 32 және 28 жастағы азаматшалар вакцина алғаны туралы жалған ақпаратты енгізіп келген. azattyq-ruhy сайты хабарлағандай, медбикелер вакцинаның әр кезеңі үшін 50 мың теңгені, яғни екі кезеңі үшін 100 мың теңгені банктік есепшотына аударып алып отырған. Ақшасын аударған тұрғындар емханаға еркін келіп, вакцина алмай-ақ «вакцина паспортын» алып жүріпті.
Атырау облысы полиция департаменті мен облыстық прокуратура бірлесіп, жедел іс-шара жүргізу барысында медбикелердің бірі – жалған ақпаратты жүйеге енгізгенін, екінші медбике қитұрқы әрекетке барып, вакцина сұйықтығын адам денесіне салмағанын анықтады. Қазір екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кеткен. Сондай-ақ медбикелердің нақты қанша тұрғынға жалған вакцина паспортын жасағандығы анықталуда. Айта кетейік, 31 шілде күні атыраулық полицейлер жалған вакцина паспортын дайындағаны үшін тұрғындардан 10 мың теңге ақша алып келген 40 жастағы медициналық қызметкерді ұстаған болатын. Мұндай жағдай Семейде де болды.
Полицейлер ПТР анықтамасын қолдан жасаған екі медицина қызметкерін құрықтады. Олардың бірі жалған құжатты 15 мың теңгеге сатып келген. Ақшаның бір б*лігін тапсырыс берушілердің құжаттарымен бірге жедел медициналық жәрдем стансасы орталығындағы танысына беріп отырған. Ал ол екпе алмаған адамдардың атыж*нін мәліметтер базасына енгізіп отырыпты. Тергеу кезінде медицина қызметкерлері 30- дан астам тұрғынға жалған ПТР анықтамасын жасағандарын мойындаған. Алайда тәртіп сақшылары құжат жасатқандардың саны одан да көп болуы мүмкін дейді.
ШҚО полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев: «Медицина қызметкерлерінің заңсыз әрекеті Қылмыстық кодекстің 385-бабы
бойынша «Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» деп айыпталады. Оларға 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деп түсіндірді.
Ал Оралда сақтандару компаниясының екі қызметкері жалған ПЦР-тест пен Ресей шекарасынан кедергісіз өту үшін Орынбор медициналық мекемесіне шақырту-анықтамасын қолдан жасап сатқан. Қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ көрші елде жұмысқа тұру үшін жалған құжаттарды сатып алған 3 азамат ұсталды. Қазір олардан ешқайда кетпеу жайлы қолхат алынған. Ұсталғандар да қылмыстық жазаға тартылады. БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір
Садырғалиеваның айтуынша, оның қызметіне жүгінген үш азамат анықталыпты. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабына
сәйкес тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді. Олардың кінәсі дәлелденсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айдос ҚҰСАЙЫНҰЛЫ