Жақсылық батырым туралы естелік

07 тамыз 2020, 10:30

Жақсылық десе, жақсылық еді-ау! Кім ойлапты, Жақсылық Үшкемпіров туралы естелік жазамын деп? Амал қанша, солай болып тұр. Бұрынғы қазақтар кісіні «өлді» демеген, «қайтыс болды» дейді. Жәкең де қайтпас сапарға аттанды. Осылай айтуға ауыз бармаса да, жазуға тура келді…

Жақсылықтың балуан болуының бір сыры бар. Баланы туған топырағыңда балуандыққа жетелейтін, қызықтыратын, еліктететін үлгі мен өнер болуы қажет. Ондай үлгі қазақ елінде көп-ақ. Үлкендердің «Бар да күрес, жығылсаң, жер көтереді» деп баласына айтып отыруында үлкен сыр мен сын бар. Жақсылықтың балуан болып қалыптасуына туған жерінің берген үлгі-өнегесі болғандығы сөзсіз. Әркімнің күресті үйренуі ықтимал, ал шын балуандыққа туа біткен қабілет пен күрестің айла-тәсілін кәсіптік деңгейде меңгерген адам ғана жете алады. Соның бірі және бірегейі – Жақсылық Үшкемпіров болды.

Жақсылыққа оралу үшін әңгімені арыдан бастадық. Балуандардың күш сынасуы қазақ даласында сонау көне замандардан белгілі. Қазақ халқының арғы аталары болып саналатын ғұндар осыдан 18 ғасыр бұрын, яғни 371-381 жылдар арасында ғұндар патшасы Баламбердің (Аттиланың алдында) өзінің жеңістері мен айтулы мемлекеттік шешімдерінен кейін үлкен той-жиын өткізіп, оның негізгі бір бөлігі ретінде ат жарысы, балуан күресі, садақ ату, найза лақтыру, аударыспақ, теңге алу, т.б. ойын түрлерін өткізгендігі туралы тарихи деректерден білеміз. Ал сол жарыстарды ғұндар тілімен айтқанда (қазақ тілінен еш айырмасы жоқ): ээр-хүреш, ат-хүреш, ланса-хүреш (ланса – қазақша найза), шабарман-хүреш, жебе-хүреш, т.б. деп шұбырып кете береді. Сол өнердің жалғасы, қазақ күресінен балуандық өнерін бастаған Жақсылық досым, құрдасым Балуан Шолақ, Қажымұқан, Битабар, т.б. балуандарды өзіне үлгі, пір санап айтып жүруші еді…
Жақсылықтың балуандық өнердің ең биік шыңына шығуына себепші болған халқының туған топырағындағы балуандық өнер рухының жоғары болғандығы мен қазақ халқына тән батырлық пен балуандықтың әр адамда бар екендігінің көрінісі. Тек соны жанып-қайрап, еңбектеніп дамытудың үлгісін Жақсылық көрсетіп кетті.

Бір жолы әңгіме арасында Жақсылықтан:
– Жәке, сенің арғы аталарыңда балуан, күшті адамдар болған шығар, сен соларға тартқан боларсың? – деп сұрадым. Сонда ол:
– Менің әкем не аталарым балуан болды деп естіген жоқпын. Ал қазірде 82 жастан асқан Күнтөре шешем өте қарулы адам. Күші жағынан өзімен тетелес әйелдерден ерекшеленіп тұрады. Шешем жастау кезінде 40-50 келі шығатын салмақты заттарды еркін көтеріп, домалата салатынына қайран қалушы едім. Мүмкін, маған сол ана сүтімен келген күш-қайрат дарыған шығар? – деп еді.

Бұл әңгіме 2007 жылы болды. 2008 жылы шыққан «Қазақтың балуандық өнері» деген кітабымда берілді.

Жақсылықтың спорттағы жеткен жетістіктерін оқырмандар жақсы біледі. Оған алып-қосарымыз жоқ. Халық Жақсылықты алақанына салып құрметтеді. Ал Жақсылық өзінің жақсылығымен бәрімізге үлгі болды деп ойлаймын. Әлі де халқына берері мол еді…

Жақсылықтың менен төрт ай кішілігі бар. Құрдасымның сыйластығының кереметтігі сол, ол мені «АҒА» деуші еді! Аға-бауыр болып жақсы сыйластық.

Жақсылықтың қазақ спортына сіңірген еңбегі мол және көп қырлы. Ол қазақтың ұлттық спортын қолдаушы, жанашыры, дамытушысы болды. Өскелең ұрпақ жастардың алдына шығып үлгі көрсетті, тәрбиеледі, жол бастады. Өсем дегенді демеді, жағдайын жасады. Ұшамын дегенге қанат берді. Бір сөзбен айтқанда, өмірін елінің болашағына, қазақ жастарына арнады!

Жақсылыққа қазақтың спорт және туризм академиясының құрметті профессоры атағын беру кезінде, студенттер мен ұстаздар алдында сөйлеген сөзін қысқаша түртіп алған екенмін. Онда «…Мені құрметтеп кішкентай еңбегіме осындай үлкен баға беріп жатқандарыңызға көп рахмет! Құрметті студент жастар, бауырларым! Егерде біз алдымен өз Отанымызды сүйсек, онда олимпиаданы жеңу, әлем чемпионы болудың жолы ашылады!» депті. Осы үлгісімен адамға сарқылмас күш беретін отаншылдық сезім екендігін Жақсылық жастарға түсіндіріп еді.
Жәкең көптеген спорттық жарыстардың ұйымдастырушысы, өткізушісі, бас төрешісі болды. Ол қазақ күресі чемпионаттары, «Қазақстан барысы» турнирлерінің, жасөспірімдер біріншіліктерінің бас төрешісі, құрметті қонағы болды. Ол өмірін спорттың қайнаған ортасында өткізді. Сондай жарыстардың бірі – Қазақ күресінен 2000 жылғы Қазақстанның республикалық чемпионатын үлкен қалаларда, облыс орталықтарында емес, шығыстағы Үржар ауданында өткізуді ұйғарып, Жәкеңді бас төрешілікке шақырдық. Ол келісімін берді. Жарыс ауданның орталығы Үржарда үлкен саябақтың ортасындағы алаңда өтті. Жарысқа халық өте көп жиналды. Ел-жұрт болатын жарысты алдымен Жақсылыққа сәлем беруден бастады. Оның қолын алып, баласына бата беруді сұраған шығыстық жерлестеріміз өте көп болды.

Жақсылықтың жарысқа келген күні түнде тісі ауырып, бір тісін жұлдырып тынышталып еді. Мен қалжыңдап «Жәке, әлгі жұлынған тісіңді тәберікке беріп кетсеңші!» дедім. Ол «Бір тісімді алған соң тағы да тәберік сұраса, не істеймін? Тіссіз қайтамын ғой», – деп күлдіріп еді, жарықтық.
Жақсылық екеуміз жарысты өткізуге Алматыдан Үржарға көлікпен бірге шықтық. Ол кезде мен республикалық қазақ күресі федерациясының вице-президентімін, федерацияның президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед еді. Жол бойы талай әңгіме айтылды. Жәкең олимпиадаға дейінгі өзінің спорттық жолы туралы, сол кездегі Кеңес одағындағы спортшыны даярлау жүйесі мен іріктеуге қойылатын талап туралы көп әңгіме айтты. Өз еліміздегі грек-рим спортының болашағы, әсіресе, талантты жаттықтырушылардың үлгілерін үйренуші жастардың аздығын тілге тиек етті. Қазіргі жас мамандардың күреске үйрету, жаттықтыру білімін, тәжірибесін жетілдірудегі олқылықтың бар екендігін қынжыла әңгімеледі…

Жақсылық өзінің жұмыстан, қала өмірінен жалыққанда қырға, алысқа шығып саятшылық құруды жақсы көретінін айтып, мені де өзімен бірге «жүр» деп шақырып қояды. Мен де балық аулауды, аң-құсқа баруды жақсы көретінімді, өзімнің Алакөлдің жағасында туып-өскенімді айтып жатырмын. Бірақ мылтық ұстамауға серт еткенімді, антыма 30 жылдан асқанын айттым. Жәкең қоярда-қоймай маған мылтыққа қатысты әңгімемді айтқызды.

– Жәке, – дедім, – Мен және жанымда екі жолдасым бар, күзде түнге қарай құс атуға шығуды мергендіктің шыңы деп санайтынбыз. Менің қасымдағы жолдастарым қозғалыстағы нысананы, әсіресе, ұшқан құсты өте жақсы атады. Ал мен қозғалыссыз тұрған нысананы атудың шеберімін. Солдатта жүргенде полктің мергені деп жүрген латыш жігіті автоматпен атып, үш оқтан 28 ұпай жинаған екен. Бізге үлгі етіп мақтады. Сонда мен 29 ұпай шығарғаным бар. Сонымен, түнде жерде, суда отырған құсты алдымен мен атамын да, олар ұшқан кезде атады. Алакөлде «қарақаз» деп аталатын үлкен қара құс бар. Солардың бір тобы қамыстың ар жағында отыр екен. Алдымен менің кезегім, ұшқанда жолдастарым атады. Аттық. Бірнешеуі түсті. Атқан олжамызды барып алсақ, әлгі «қарақаз» дегеніміз аққудың күзгі балапандары екен. Күзде аққудың балапанының түсі көгілдір болады. «Аққудың көгілдірі» деуіміз содан. Осындай бір қателік жібердік. Қатты өкіндік.
Сол күннің ертеңінде нағашы туысым, балықшы Қажыға қосауыз мылтығымды, патрон салғышымен, оқ-дәрісімен толық бердім де, «енді мылтық ұстамаймын» деп сөз бердім. Сол антымды орындап келемін! – деп, әңгімемді доғардым. Жәкең ойланып қалды.

Жақсылықтың кейінгі уақыттарда үлкен шаруашылықпен айналысуы оны шаршатып жүрген. Ауыл адамдарының тұрмыстарындағы шешетін мәселелердің көбейгені туралы да оқта-текте жолыққанда айтып жүрді. Солай болса да, оның орындалмаған арманы, ойға алған жоспары көп еді.

Жақсылық досым, құрдасым, міне, сен де ойламаған жерден бұл дүниені тастап, келмеске кетіп барасың. Арамыздан аттанғаныңа бірнеше күн ғана болды. Саған арнаған қысқа ғана естелігімді жазып жатқанда жанымда өзің бірге отырғандай күй кештім. Сағына қоймаған шығармыз, бірақ өлімге қимайтын жан едің. Амал қанша?! Қош бол, қимас досым! Жаның жәннәттың төрінде болсын! Рухың бейіште шалқысын, Қазақтың Жақсылығы!

Айтпақшы, Үржарға бірге барған сол сапарымызда, аудандық мәдениет басқармасын басқарған Құсмілия Нұрқасым деген ақын Жақсылық Үшкемпіровке жыр арнаған еді. Осыдан жиырма жыл бұрын жазылған сол өлең баспа бетіне балуанның көз жұмған қаралы күнінде жарияланады деп кім ойлаған?!

Алысқанмен алыстың, тірестің,
Еркіменен берер саған үлес кім?
Қаршығадай шарболаты Семейдің,
Қара бала Қазтуғаны күрестің.

Буыршынның азуындай арлан ең,
Көк кілемде талай сойқан салған ең.
Димаш аға сеніп қосқан жарыста,
Отыз жаста Олимпті алған ең.

Солай, Жақа, тарқатып бір шеріңді,
Олимптің айдарынан көріндің.
Дүйсембаймен бірге оқыдың демесең (Үржар ауданы әкімі),
Ең құрметті қонағы – сен елімнің.

Жүріп мынау жетегінде жалғанның,
Бесігінде тербетілдің арманның.
Тұңғыш рет бұл Үржарға келіпсің,
Қырық тоғыз мүшеліңе толған күн!

Елемес Әлімханов,
профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген
жаттықтырушы

17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді