
Әлемде дүниеге егіздің келуі – қызық құбылыс саналады екен. Егіз ғана емес, үшем, төртем, кейде одан да көп сәби өмірге келіп жатады. Медицинаның дамығаны сонша, бала қандай жағдайда дүниеге келсе де, дәрігерлер жанын сала қарап, аман-есен босандырып жатады. Егіздер туралы ақпарат ғаламторда көп. Ал мен өзімнің егіз қыздарымды қалай өсіріп жатырмын? Күнделікті өмірде олардан көріп-байқап, түйгенімді жазайын дедім.
Егіздер өзгеше болады. Мінез-құлқы ауыспалы келеді. Біреуі жыласа, екінші үнсіз жата береді. Кейде керісінше: екеуі бірдей оянып, бірдей жылап, бірдей күледі. Қызығы сол, олар көп нәрсені бір уақытта, бірдей істейді. Мысалы, ұйықтап жатып, біреуі оң жағына аунаса, екіншісі де сол сәтте тура соны қайталайды. Шартты рефлекс дерсіз.
Дана қазақ «Тете бала бірін-бірі тәрбиелейді» демей ме. Ал егіздердің жайы тіптен бөлек. Олар әдетте бір-бірімен сөйлесіп, әңгімелесіп, ойнап жүреді де, аяқ астынан ұрсып-төбелесіп қалады. Біреуіне бөтен адам тиіссе, бірінің үстіне бірі түсе қорғап, көмектесіп, бауырмалдықтың ерекше үлгісін көрсетеді.
Қазақ математика мектебін салушылардың бірі — академик Тынысбек Қалменов: «Төрт баладан кейін баланың бесеу болғаны не, алтау болғаны не – бәрібір емес пе? Оларды бағып-қағу мәселесіне келгенде онша үлкен айырмашылық болмай қалады екен. Ең қызығы, балалардың өзі де көп болғанды өте жақсы көреді. Олар бізден бұрын тағы бір ініміз немесе қарындасымыз болса екен деп күтіп жүреді. Тіпті мен сізге айтайын, болашақ сәбидің ұл, не қыз болып туатынына дейін сезіп отырады. Өзара таласып, келісіп, дүниеге келер бауырларының атына шейін қойып алады. Баланың қанша болуы, шын мәнінде, әйелге де байланысты. Мен жастау кезімде келіншегіме әзілдеп: «Иә, данышпан, бір бала табасың, иә, он бала табасың» деуші едім. Әр баланың өзінің несібесі болатынын ұмытпауымыз керек. Тәтті тамақты, әдемі киімді, жалпы дүние-малды ойлайтын болсаң, еш уақытта он балаң болмайды», – депті бір сұхбатында.
Қай мемлекет болсын, басты байлығы – оның халқы. Халқының көбеюіне қажет барлық жағдай жасау – сол мемлекеттің ең басты міндетінің бірі. Ана ретінде біз де сондай игіліктің дәмін татып отырмыз. Ақ халатты абзал жандардың өзіме көрсеткен көмегі, жасаған жақсылығы – бұл басты әңгіме. Соны айтайын. Жүктілігім белгілі болып, ультрадыбыстық зерттеуге барғанда, егіз екенін естіп бір жылап алдым. Әрине, қуаныштан! Алла бізге екі ұлдан кейін егіз қызды нәсіп етіпті. Шүкір! Уақыты келгенде перзентханаға бардым. Алдын ала ешқандай дәрігермен келісіп, мені босандырып алыңыз деп ешкімге өтініш айтпадым, ешкімге жүгінбедім. Уақыты келді, Алматының Қалқаман ауданындағы №1 қалалық ауруханаға түстім. Қасымда жеңешем Назгүл бар. Дәрігер Ақбота Қанығаеваның қабылдауында болдым. Келбеті көз тартарлық керемет кісі екен. Жылы сөзін айтып қарсы алды. Перзентханаға келе жатқанымды осында босанған келінім Шолпан дәрігерге ескертіп қойыпты. Күтіп отыр екен. Тексерді. Егіз екенін біліп таңқалды. Өйткені қалада егіздерге арналған арнайы перзентхана бар екен. Менің сол жаққа баруым қажет. Оған жеткенше, жарты жолда босанып қалуым мүмкін. Тәуекел деп, өз жауапкершілігіне алып, босандыруға кірісті. Сабырлы, салмақты. Жұмсақ үнімен ақыл-кеңесін айтып жатыр. Екінші сәбиді ота жасап алуға тура келетінін де ескертті. Қағазға қол қойдырды. Алла қолдап отаға жүгінбедім. Сөйтіп, Ақбота ханым екі қызымды аман-есен босандырып, бауырыма салды.
Сол күні перзентхананың барлық басшылары, дәрігер, медбикелері менің басымда тұрды. Бәрі тілеуімді тіледі. Акушер өз ісінің нағыз маманы екенін дәлелдеп, біліктілігінің арқасында теріс келген сәбиді аман-сау жарық дүниеге әкелді. Ақбота Мелісқызына алғыстан басқа айтарым жоқ! Қазақтың саны өсіп, қара домалақтардың өмірге аман-сау келіп жатқаны, әуелі Алланың, содан кейін Ақбота сияқты білікті дәрігерлердің арқасы! Біз көп жағдайда дәрігерлерден кемшілік іздейміз. Бірақ артықшылығын айтқымыз келмейді. Адам жанының арашасын қорғауды, құрметтеуді ұмытпайықшы!
Еңлік АҚЖІГІТ,
журналист