jasqazaq.kz

Зейнолла Сәніктің «ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ»ТУРАЛЫ

15 сәуiр 2020, 13:41

Белгілі жазушы, этнограф, зерттеуші ғалым Зейнолла Сәнік тірі болса, бүгін 15 сәуір 85 жасқа толар еді. Артында мол мұра, өшпес еңбектері қалған ғалымның бүкіл өмірі, шығармашылық жылдары Қытай жерінде өткен. Бір өзі бір дәуірдің сөзі болған ғалым қазақтың ауыз әдебиетін жинап зерттеуде көп еңбектенген. Ғалым Сейіт Қасқабасов бір сөзінде «Тау сілеміндей мол мұра фольклор, ауыз әдебиеті, жыр-аңыздар, ел әңгімелері, көркем проза, этнографиялық жазбалар, жолсапарлар, публицистикалық материалдар, романдар, повесттер мен көркем әңгімелер, қысқа афоризмдер мен нақыл сөздер секілді әдебиеттің әр алуан жанрында қалам тербеуі Зекеңнің шығармашылық қазынасы бай адам болғанын қапысыз көрсетеді. Зейнолла Сәнік шын мәнінде де сан қырлы талант иесі болатын. Бір ғана «Бабалар сөзінің» 20 томы Қытай қазақтарының фольклорының негізінде шыққанын айтсақ, бұл қыруар еңбекті жинау жолында Зекеңнің еңбегі ұшан-теңіз болды» -деген. Осы пікірдің өзі Зейнолла Сәніктің шығармашылық қуаты мен өшпес еңбегінің дәлелі.
З.Сәнікті зерттеу енді басталады. Төмендегі мақала соның бірі ғана.

Қазіргі таңда қазақ әдебиеті мазмұны жағынан байып, жаңа кейіпкерлермен толығуда. Оның бір себебі – Моңғолия, Қытай жерін мекендеген қандастарымыз- дың отанына оралып, өздерінің басынан өткен тарих шындығын көркем шындыққа айналдыруы. Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетке тарихи тұлғалар туралы тарихи-эсселерімен мол үлес қосқан қаламгердің бірі – Зейнолла Сәнік екені белгілі. Жазушының қазақ этнографиясы мен тарихын зерттеумен ұзақ жылдар айналысқаны белгілі. Қазақ этнографиясы туралы еңбегінің қолжазбасы жөнінде осыдан екі жыл бұрын Зейнеп Ахметова апамыз өте жоғары баға беріп, бұл еңбекті мемлекет тарапынан көп данамен шығаруы, оның әр қазақтың төрінде тұруы керектігін баса айтқан болатын. Сол айтылған құнды еңбек Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалиннің «Халықтың асыл көмбесі…» деген алғысөзімен қолымызға тиіп отыр. Кітапты шығаруға Қытай Халық Республикасы Ұлт істері жөніндегі комитетінің жанындағы «Ұлттар баспасы» мен Қазақстан Республикасы «Ан Арыс» мемлекеттік баспаларының үлес қосқанына қарап отырып, екі елдің мүддесіне қызмет жасайтын кітаптың оқырманға берері де мол екенін ұққандаймыз. Ендеше, күллі қазақ баласына ортақ қолымыздағы кітапқа үңіліп көрелік. Аталған еңбектің мазмұнын негізгі үш бөлім құрайды. Бірінші бөлім «Этнография дегеніміз не?», екінші бөлім «Заттық этнография туралы түсінік», үшінші бөлім «Рухани этнография» деп аталады. Көріп отырғанымыздай, мұнда алдымен этногра- фияға анықтама беріліп, оның сипаты мен міндетіне, мазмұны мен басты ерекшеліктеріне, зерттелу тарихы мен зерттеушілері туралы толыққанды мәлімет берілген. Зерттеушілер этногофия ғылы мы ның біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырда өмір сүрген Геродоттың «Тарих», б.э.д. І ғасырда өмір сүрген Страбонның «География» еңбегінен бастау алатынын, ал, Қытай Халық Республикасында (Жұңго) этнографияның негізі біздің жыл санауымыздан 3 мың 600 жыл ілгері Шың хандығы дәуірінде қаланғанын тілге тиек етеді. Осы тұста айта кететін бір мәселе зерттеушілердің қытай тілін еркін білетінді. Қазақ халқының тарихына қатысты көптеген мәліметтердің қытай тілінде жазылғанын білеміз, зерттеушілердің жетістігі соларға сүйене отырып, ойларын ғылыми тұрғыда дәлелдеп отыратындығы. Оған мысал ретінде 1987 жылы Бейжіңде басылып шыққан ғалым Тау Лимфанның «Этнография туралы жалпы шолу» деген кітабына жазылған Ма Шуелияңнің алғысөзінен кел тірілген: «Фольклор мен этнография – бір бәйтеректің егіз екі бұтағы, ағайынды ғылым, екеуі бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі демеп отырады», – деген мысалды атасақ та жетіп жатыр. Мұнда қазақ этнографиясының зерттелу тарихы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, түркі тайпалары жөніндегі көне жазбалардан бермен қарай әр дәуір бойынша жүйелі түрде қарастырылған. Оның бірінші кезеңі – «Жұңгоның ежелгі хан жазбалары «26 тарихтан» яғни «ханнаманың» үйсін, қаңлы, ғұн, түркі тайпалары жөніндегі көне жазбаларынан бастау алса», екінші кезеңі ежелгі түркі халықтарына ортақ жазба мұралармен байланыстырыла зерттелген. Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, Қ.Халиди, М.Ж.Көпеев, Н.Аристов, Г.Потанин, Л.Гумилев тәрізді ғалымдардың ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы зерттеулері үшінші кезеңін қамтыса, ХХ ғасырдағы қазақ этнографиясын зерттеген Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Р.Бердібаев, М.Қозыбаев, С.Қасқабасов, Х.Әбішев, К.Ақышов, М.Мағауин, М.Тәтімов, А.Сейдімбек тәрізді ғалымдардың еңбектері төртінші кезеңнің мазмұнын қамтиды. Осы қатарда Нығмет Мыңжан, Су Бихай, Жақып Мырзақанұлы, Ясин Құмарұлы, Айып Нүсіпоқасұлының қазақ этнографиясы туралы еңбектерінің молынан қамтылуы, ғылым мәдениетінің сақталуы еңбектің ғылыми аппаратын толықтыруға қызмет етіп тұр. Осылайша зерттеуші қазақ этнографиясының арғы-бергі зерттелу тарихына шолу жасап, ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, өз пайымдауларын ұсынған. Этнография ғылымының тамыры тереңде жатқандықтан сол ұлттың фольклорын, тарихын, психологиясын, дінін, қоғамдық ғылымдарының түп төркінін зерттеуге тура келеді. Ол жөнінде зерттеушілер: «этнография – көп түрлі ғылымның көмбесі тәрізді кең мазмұнды ғылым», – деген түйін жасап, этнография ғылымын мазмұнына қарай екі үлкен салаға бөліп, біріншісі – заттық мәдениет, екіншісі – рухани мәдениет ретінде қарастыру керектігін
ұсынады. «Заттық этнографияның көлеміне – адам (ұлт), сол адамдардың әр алуан тіршілік кәсіптері – егін-мал шаруашылығы, өнер кәсібі, тұрғын үйлері, қол өнері, сауда киім-кешек, азық- түлік, әртүрлі өндіріс құрал-жабдықтары, ауылдық, отбасылық жүйелері, еңбек, жер байлығы, т.б. кіреді», – дей келіп, осы аталған мәселелердің барлығын дерлік жекелеген тарауларда арнайы қарастырған. Мәселен, шаруашылық мәселесі негізінен мал шаруа шылығы, егіншілік шаруашылығы аясында қарастырылса, аңшылық, балықшылық, орманшылық, бау-бақша, тау-кен,
сауда-саттық, жол қатынас-тасымалы тәрізді мәселелер жекелеген кәсіп негізінде олардың түп-төркінінен бермен қарай таратыла сөз болған. Біздің эрамызға дейінгі дәуірдегі әрбір кәсіптің шығу төркініне қарап отырып, қазақ халқын өркениетті елдердің қатарынан сан мыңдаған жылдар бұрын орын алғанын байқауға негіз бар. Қолөнер үлгілерінің жасалу жолдары сөз болғанда оларды тәптіштеп түсіндіру арқылы бір-бірінен ұқсастығы мен айырмашылығы көрсетіледі. Мәселен, текемет, тұскиіз, сырмақтардың барлығы жүннен жасалғанмен олардың технологиясы
бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сауда мәселесі қарастырылғанда қазақ даласынан өткен «Жібек жолы» сауда-саттық қатынасының ең алғашқы сілемдері хан елі мен үйсін елінің арасынан бастап сөз болады. Авторлар «Жібек жолы» бойындағы қалаларды таныстырғанда өркендеген мәдениетіне ерекше көңіл бөліп, Темучин Тұғырыл ханмен тізе қосып, наймандарға шабуыл жасағанда олардың сол кездің өзінде озық мәдениет үлгілері болғанын: «Сирек кездесетін музыка аспаптарын, тамаша тасаттық жабдықтарын, таза да ретті ас үйлерін, болған істерді қаз-қалпында жазып отыратын әріптерді, көп адам сиятын тынысты бұтханаларды және жерге мәңгі қозғалмастай орнаған там үйлерді сол елден көрді. Міне осы суреттеменің өзінен-ақ наймандардың сол кездің өзінде там үй лері, бұтханасы бар, жазуы, музыкасы дамыған мәдениетті ел екенін көруге болады», – деп тұжырымдайды. «Жібек жолы» бойындағы елдердің озық мәдениетті бір-бірінен үйренгенін, олардың тарихы арқылы дәлелдеген зерттеуші қазақ елінің сол бір қилы замандарда өркениетті елдердің қатарынан орын алғанын растай түседі. «Жібек жолы» сілемдеріндегі қала мәдениеті Отырар қаласындағы сәу летті сарай, сырлы бояулармен безендірілген мешіт, көз тартар күмбез, бай кітапхана, медресе, жерасты су құбырлары, тазартқыштар, сол жерден шығарылған алтын, күміс, ақша үлгілері, моншалар, тамақ мәнерлеу, арақ ашыту өнері, арнаулы асүйлері болғандығы қазақ даласында сол кездің өзінде-ақ озық мәдениеттің болғандығын растай түседі. Қазақтың ұлттық тағамдарына қатысты бір-ер мысалды келтіре кетейік. 260-бетте автор мал сойғанда шот, балта қолданбайтындығына, алынып тасталатын бездер мен тамырларға түсінік беріп: «Қасапшылар мен ет бұзушылардың тағы бір міндеті – етті арам бездерінен арылту», – дегенді айтады. Көріп отырғанымыздай, малды союдың өз мәдениеті бар, ал, осы мәдениет ХХІ ғасырда сақталды ма? Қазіргі таңда қасапшылардың міндетіне кіретін бездер мен тамырлар алынбайтындығын өз көзімізбен көріп жүрміз. Кез-келген базардан барып ет алатын болсаңыз, балтамен, шотпен ұсақталған жіліктерді сатушылардың безімен қоса сатып тұратыны жасырын емес. Мұның өзі атадан-балаға мирас болған дәстүрлердің бүгінгі таңда бұзыла бастағандығын байқатады. Зерттеушілердің ұлттық ойындардың түп-төркініне үңілуден түйген тұжырымдарына ерекше көңіл аударған жөн. Олардың: «Заманымыздан бұрынғы 403-221 жылдары өткен Жанго дәуірінде, қағаз бетіне түскен деректерге қарағанда, шеңберек ойыны, арыстан ойыны сияқты ойындар және кейбір музыка аспаптары ішкі Жұңгоға осы батыс өңірден тарағандығы мәлім», – деген пікірлері бұл ойындардың шығу тарихынан хабар берсе, Ханзу ғалымдарының қылышпаздық ойыны, сырық ойыны, тобық ойыны, шеңберек ойыны тәрізді ойындардың орта жазық өңіріне батыс өңірінен барғандығын дәлелдей түседі. Үйсіндердің ежелгі жұртында болған «Арыстан» биі түптеп келгенде біздің ата-жұрттағы өнер түрі ретінде танылады. Сонымен бірге ғалым Ғ.Мұсабаев зерттеулеріндегі тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындары ның белгілері түсірілген тас суреттер – біздің арғы тарихымызда ұлт- тық ойындардың көптеген түрлерінің болғандығынан хабардар ететін деректер. Бұл қатарды зерттеушілердің арнайы тоқталған «Тоғыз аяқ, тоғыз табақ», «Тобық жасыру», «Тұтқын алу», «Алты- бақан», «Түйілген орамал», «Түйе-түйе», «Ақсүйек», «Ақтайлақ», «Балтам тап», «Маңдайға шерту», «Қақпақыл», «Түлкішек алу», «Соқыртеке», «Соқыр тышқан», «Жұлдыз санау», «Тыққан бидайды иіскеп табу», «Кел, пышақ», «Бақанға жіпсіз байлау», «Қыз-ойнақ», «Қынаменде», «Қызқашар», «Қыз кәде», «Қыз-бөрі», «Күзем алу думаны», «Хан жақсы ма?» ойынының екі түрі, «Қол соқпақ», «Бір тал ши» және басқа толып жатқан ойын түрлерінің сыр-сипатын оқып отырғанда ұлттық ойындардың бүгінгі таңда жоғалып бара жатқанына, олардың бірен-сарандарының ғана сақталып қалғанына көзіміз жетеді. Осы сияқты ойды спорттық ойындарға қатысты айтуға болады. Үшінші бөлімнің мазмұнын құрайтын рухани этнографияның құрамында қазақ қоғамының құрылымы, ежелгі наным-сенімдер, халықтық ғылым, заңдар, бала тәрбиесі, салт-дәстүр, өлім ұзату дәстүрі, этнопедагогика тәрізді мәселелер қамтылған. Қазақ қоғамының құрылымы сөз болғанда қазақ халқының рулық, туыстық, отбасылық жүйесімен бірге есім қою дәстүрі арнайы қарастырылуы орынды. Рулық жүйе туралы сөз еткенде қазақтардың жеті атаға дейін қыз алыспауының негізгі себептерін бүгінгі таңда ғалымдардың өздері мойындап, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеуде. Сонымен бірге қазақ халқы «У ішсең руыңмен» дегенді де тегін айтпағанын авторлар рулық жүйенің негізінде түсіндіріп, әр рудың ұраны, рулық таңбасы болатындығын, «жер дауы мен жесір дауы» кезінде рулық намыстың сынға түсетіндігіне көңіл аудару арқылы рулық жүйенің негізгі жетістіктерін көрсете білсе, туыстық жүйенің де қазақ халқы үшін берері мол. Олар «ата жұрт», «нағашы жұрт», «қайын жұрт» сынды үш жұрттың төңірегінде таратылып, әр жұрттың өзіндік орны анықталаған. Осы тұрғыда «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі», «Жеті атасын білген ұл жеті рулы елді тарата алады» деген аталы сөздердің шығу төркінін қазақ өмірімен әдемі ұштастыра отырып түсіндірген. Осы жұрттың қатарында дос-тамыр, құрдастар тәрізді етене жақын жандардың адам өмірінен алатын орны олардың жекелеген сыр-сипаттары арқылы пайымдалған. Мәселен, «жілік ұстасу», «төс соғыстыру» тәрізді ата салттардың жора-жолдастардың арасын туысқандардай жақындата түсетіндігі өмірден алынған мысалдармен ұштастырылса, «бір жылғы төлміз», «құрдастың құдайы – бір» деген сөздердің халық даналығын айшықтап тұрғандығы да жасырын емес. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан туыстық-жекжаттық, дос-жарандық жүйенің негізінде туған халықтың мақал-мәтелдері адамдар арасындағы қатынастардың ара-жігін қолмен қойғандай етіп ұғындыра алады. Оған «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер», «Өз жұрты – күншіл, нағашы жұрт – міншіл, қайын жұрт – сыншыл», «Туысы жаман туғанын жамандайды», «Құлан өз қағынан жерімейді» деген секілді аталы сөздер нақты мысал бола алады. Отбасылық жүйе сөз болғанда бүгінгі таңда жоғала бастаған әмеңгерліктің сонау сақ, үйсін заманынан бермен қарай келе жатқанына, оның жетім-жесірлердің мүддесін қорғау үшін жасалғандығына да назар аударған жөн. Сонымен бірге авторлар қазақ ішінде көп әйел алушылықтың басты себептерін: «Қазақ тарихында көп әйелді болудың тағы бір себебі – ұзақ жылдық сұрапыл соғысты, әсіресе қазақ-қалмақ, қазақ-жоңғар соғысы кезінде әр екі жақ қолға түскен қыз-келіншектерді хандардың, төрелердің, батырлардың бөлісіп алғанды», – деп, өмірден алынған нақты мысалдармен санамалап түсіндіруге тырысқан. Сөз қадірін түсінген қазақ халқының есім қою дәстүрінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, қыз балаларына сұлу, сымбатты, нұрлы, гүлді болса деген ниетпен олардың есімдері – Айсұлу, Құндыз, Жұлдыз, Гүлнұр, Балнұр тәрізді болып келсе, ұл балалардың табиғи болмыс бітіміне байланысты олардың есімдерінде өзіндік ерекшелік бар. Ұлдарының болашағын ойлаған ата-аналар көбінде олардың бай-қуатты, дәулетті болуын қалап Дәулетбай, Диқанбай, Аралбай, Маралбай, Жағалбай тәрізді есімдер қоюға ұмтылған. Есім қою жүйесінің өзін өз ішінен сегіз топқа жіктегеніне қарап отырып, қазақ халқының не нәрсеге де үлкен мән беретінін байқауға болады. Біріншіден, ұрпағының бай, дәулетті, тіпті би, батыр, хан-патша болуын көздеп Қасымхан, Есімхан, Абылай, Қабанбай, Жәнібек тәрізді тарихи тұлғалардың есімдерін ырымдап қойса, екіншіден, хайуанаттардың, аңдардың, табиғат байлығы мен өсімдіктердің, табиғат құбылыстарын пір тұтқан халық балаларына солардың есімдерін беруге тырысқан. Бұл қатарда Құндыз, Қаршыға, Түлкібай, Боранбай тәрізді есім дерді атауға негіз бар. Үшіншіден, ұрпағының аман-есен болуын тілеуден туған Аманкүл, Аманбай, Есенкүл, Есенбай, төртіншіден, тұрмыс-салт бұйымдары мен ер-тұрман әбзелдері, үй жабдықтарымен де атау Тымақбай, Қылышбай, Қасықбай, Талқанбай тәрізді есімдерден байқалса, мереке-мейрам күндеріне қатысты Айтбай, Айткүл, Мереке, Мейрамгүл тәрізді есімдердің кездесетіні бесінші белгісі болмақ. Алтыншы, ислам дінінің қазақ даласынан келуімен бірге келген араб, парсы есімдерін атасақ (Хазірет, Мәдина, Фатима, Рақметолла, Мизам, т.б.), жетінші әртүрлі ырымдармен ат қоюдың түрлері кездесетінін де назарда ұстаған (Ұлтарақ, Шұлғаубай, Тұрсын, Тоқтасын, Ұлбосын, Ұлбике). Сегізінші, қазақ халқының ат қоюдағы шеберлігі әр адамның мінез- құлықтарымен ұштастыруынан да байқалады. Бұл тұрғыда аттас кісілерді олардың жекелеген ерекшелігімен атау көптеп кездеседі. Мәселен, ұры Омар, кедей Омар, болатшы Омар, ұста Омар, дүкенші Омар тәрізді атаулар олардың кәсіптерінен хабар берсе, сол тәрізді енді бірсыпыра атаулар олардың табиғи болмыс бітімі мен мінез-құлықтарын айшықтай түсетіні белгілі. Есім қоюдың өзін осылайша бірнеше топқа жіктей білген авторлардың қазақ халқының ырымшылдығынан хабар бере отырып, есім қоюда ежелгі ұлттық қамбаларымызға үңілуді ұсынады. Авторлар ежелгі наным-сенімдердің арғы тегі зороастра дініне қатысты туғандығын аруақтарға, жануарларға, хайуанат тарға, ай, жұлдыздарға табынатын наным-сенімдері қызықты мифтік аңыздар, бай мазмұнды тотемдердің шығу төркінімен ұштастырылуы құптарлық. Философия, астрономия, этнопедагогика тәрізді халықтық ғылымдарын сөз еткенде қазақтың халықтық ғылымының бастау көздері тым арыда жатқанына көзіміз жетсе, қазақ заңдарының да сан ғасырлық өмір тәжірибесіне сүйене келіп жасалғандығын аңғару оңай. Үйсін дәуірі, Шыңғыс хан заманы, қазақ хандығы дәуіріндегі заңдарға қарап отырып, бүгінгі дау тудырып жатқан заңдардың орашолақтығын аңғарамыз. Қазақ – бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген халық екендігін бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүрлер растай түседі. Әдеп әліппесі, ым-ишара, ырымдар мен тыйымдардың, мақал-мәтелдермен тәрбиелеу әдістерінің де айтары көп. «Ымға түсін беген, дымға түсінбейді» дейтін қазақ ым-ишараға да көп нәрсеге сыйғызған. Қазақ халқы қас-қабақпен-ақ көп нәрсені ұқтырған, солым-ишара арқылы бала тәрбиесіне, болашаққа аса жауапкершілікпен қараған халық екенін оқып отырғанда өзіміздің сол дана халықтың ұрпағы екендігімізді бүгінгі жаһандану дәуірінде мақтан етеніміз рас. Тіл ұстарту тәрбиесі, сан үйрету және еңбекке тәрбиелеу, әдеп-иба және адам болу тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, ата дәстүрі тәрбиесі жинақтала келіп, этнопедагогиканың мазмұнын құраса, бұл тарауда қазақ халқының өз ұрпақтарын қарша дайынан батырлыққа, ерлікке, шешендікке, көсемдікке бау литынына көзіміз жетті. Этнопедагогиканың таңдаулы үлгілері қатарында Орхон-Енисей тас жазбалары, Қорқыт ата жырлары, әл-Фараби еңбектері, М.Қашқари, Ж.Баласағұн жырлары, Қожа Ахмет Йасауи еңбектері, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларының берер тәлім-тәрбиесін қоссақ, ауыз әдебиетімен бірге жазба әдебиеттің де бала тәрбиесінде, болашақ ұрпақ тәрбиесінде өзіндік атқарар міндеттері мол екенін баса айтқанымыз жөн. Осыған қатысты еңбекте көзімізге түскен, ой салған бір мәселе – Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, әдебиет тарихы, қазақ тұрмыс-салт біліміне қатысты сабақтардың оқылатындығы. Қазіргі таңда біздің елміздегі қазақ тілі мен әдебиетін бір пән ретінде қосып оқыту керек деген шалағай пікірдің көзі қарақты жандарды алаңдатып отарғанын еске алатын болсақ, біздің білім, ғылым жүйесінде көрші елдердің тәжірибесімен санаспайтындығымыз байқалады. Ал, сан ғасырлық әдеби жәдігерлеріміздің болашақ ұрпаққа берерін немен өлшеуге болады екен?… Құнды кітаптың осындай жетістіктерімен бірге бірлі-жарымды кемшіліктер де бар. Бірінші көзге түскені – техникалық қателер болса («италиялық» емес «италияндық», т.б.), екіншісі – қазақ тіліндегі үндестік заңының ара-тұра сақталмауы. Қазақ тілінде түбір жуан болса, оған жалғанатын қосымшаның да жуан болып келетіні белгілі. Осы тұрғыдан қарағанда, үндестік заңының сақталуын алдағы уақытта қадалаған жөн. Қорыта айтқанда, бұл еңбектің негізгі жетістігі – қарапайым, түсінікті тілмен жазылғандығы, авторлардың зерттеушілердің пікірлеріне сүйенумен бірге өздерінің ұлттық әдебиет пен мәдениетті жақсы білетіндігі, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы толыққанды түсінік беруі. Қазақ елі өзінің ұлттық құндылықтарын сақтау арқылы ғана Мәңгілік ел болатындығын еске алатын болсақ, қазақ этнографиясын өскелең ұрпақтың санасына құю керектігі байқалады. Осы тұрғыдан алғанда қолымыздағы еңбектің жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан қазақ халқының ұлттығын сақтауы үшін ауадай зәрулігін байқау қиын емес. Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бастау бұлағы болып табылатын еңбекті біз де мемлекеттік бағдар ламаға енгізіп, жоғары оқу орындарында оқитын жастардың санасына сіңіруіміз қажет екендігін баса айтқымыз келеді. Себебі, оның өзі «100 қадам», «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала Елі» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы қадамдардың бірі болып табылатыны анық.

Гүлжаһан ОРДА

18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия