
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі баспасөз қызметінің өкілдері бірнеше шекаралық өткізу бекетінде болған заңсыз әрекеттерді жариялады.
Павлодар шекаралық жасағының учаскесінде «Үрлітөбе» өткізу бекетінде травматикалық қаруға 9 калибрлі 12 оқты алып өтпек болған азамат анықталып, ұсталған. Қордай шекара жасағының учаскесінде «Қарасу» өткізу пунктінде Geco-9 mm PABLANC маркалы травматикалық тапаншаның 9 калибрлі 8 оғын анықтап, заңсыз әрекетке шектеу қойылды. Сондай-ақ, Бейнеу шекарашылары «Нүкіс-Бейнеу» бағытындағы № 647 теміржол құрамын тексеріп қарау кезінде Өзбекстан Республикасының 42 жастағы азаматынан қол жүгінде жүзінің ұзындығы 25 және 15 сантиметр 2 дана қолдан жасалған пышақтар табылды. Заттай айғақтар полицияға акт бойынша тапсырылды.