
Қазақстан Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) мен букмекерлер қауымдастықтары заңсыз табыс айналымы мен терроризмді қаржыландыруға қарсы бірлесе әрекет етеді. Жуырда қол қойылған арнайы құжат осы мақсатты көздейді.
Ел астанасында Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі мен «Қазақстан Республикасы «Букмекерлердің өзін-өзі реттеу және лотерея бизнесі ұйымы» қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі (ЗТБ) және «Қазақстан букмекерлер қауымдастығы» арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжат «Қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру (ақтау) және терроризмді қаржыландыруға тосқауыл қою саласында ынтымақтастық пен өзара ықпалдастық туралы меморандум» болып табылады.
Қол қою рәсіміне арналған іс-шараға төрағалық еткен Қазақстан ҚМА төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Садырбеков қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға тосқауыл қою саласында жеке сектордағы компаниялардың өкілетті органмен өзара ықпалдастығының аса маңызды екенін атап өтті.
Спикер осы мәселеге орай: «Мен заңсыз (ақша) айналымға қарсы жүйе деген ұғымға тоқталғым келеді. «Қаржы мониторингі агенттігі – өкілетті орган. Ендеше сол мекеме табысты заңсыз айналдыруға қарсы тұрсын» дейтін қате пікір бар. Шын мәнінде, ақшаны заңсыз айналдыратындармен тұтас бір жүйе күресуі тиіс. Осы жүйеге тек біздің агенттік қана емес, сонымен қатар қаржы мониторингіне жататын барлық субъектілер де кіреді. Атап айтқанда, банктер, ойын бизнесі, түрлі қаржы және төлем ұйымдары, орталық депозитарий. Бұл қорғаныстың алғы шебі», – деді.

Қазақстан ҚМА Қаржы мониторингі субъектілерімен жұмыс жөніндегі басқарманың жетекшісі Ульзана Сыздықова еліміздегі ойын бизнесі субъектілерінің осы салаға жауапты реттеушімен, яғни еліміздің мәдениет және спорт министрлігімен өзара ашық ықпалдастығының болуы ерекше маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте министрлік жүйесінде ішкі бақылау ережелері бойынша талаптарды пысықтау қажет. Өйткені нақ осы ережелер жүріп жатқан барлық процестерді толық түсінуге және түйткіл атаулыны көруге мүмкіндік береді. ҚМА осылай деп есептейді. Бұған қоса, ҚМА өз қызметінің заңды және жария жүргізілуіне мүдделі болып табылатын букмекерлік бизнестің адал әрі шынайы азаматтық ұстанымын атап өтті.
Өз кезінде букмекер қауымдастықтарының өкілдері Қазақстан Қаржы мониторингі агенттігінің бастамаларын толығымен қолдайтынын мәлімдеді. Басқосуда сөз сөйлегендер осы саланың қызметі жан-жақты ашық болуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Қазақстан Букмекерлер қауымдастығының төрайымы Арайлым Сағынтай: «Соңғы екі жылда біз бірнеше рет кездестік. Соның нәтижесінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып отыр. Букмекерлік кеңселер іс жүзінде Қонаев (бұрынғы Қапшағай) және Щучинск қалаларында орналасқан. Төлемдердің 99,9 пайызы екінші деңгейлі банктер мен төлем жүйелері, яғни аудару арқылы жүргізіледі. Осыған орай, букмекерлік кеңселердің қызметіне қатысты ақпарат екі рет өңдеуден өтеді», – деді.
Букмекерлердің өзін-өзі реттеу ұйымының президенті Ғалымжан Дуамбеков букмекерлік кеңселердің мемлекеттік өкілетті органдармен ынтымақтастық орнатуға көптен бері дайын екенін атап өтті. Оның пікірінше, ынтымақтастық мемлекеттік мекемелермен тиімді ықпалдастық орнату жолындағы жаңа қадам болмақ. Бұл букмекерлер қоғамдастығына толығымен ашық әрі өркениетті нарық қалыптастыру үшін бәрін жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кездесуде қолға алынған жұмыс ұзақ мерзімді мақсатты көздейді. Ол – толыққанды құқықтық мемлекет құру және ел тұрғындарының шын мәнінде экономикалық тұрғыдан қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруін қамтамасыз ететін қоғам мен бизнестегі азаматтық сана-сезімнің жоғары деңгейін қалыптастыру.
Кездесу соңында тараптар меморандумға қол қойды.
Олжабек Байқуатов